Үкімет неге мүгедектігі бар жандарға көмек кейінге шегеруде?

35

Munarmedia.kz 05.11.2025 /Астана/-Қазақстанда әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға мораторий енгізілгеннен кейін, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесі де белгісіз мерзімге шегерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жеке көмекшілер мен күтім көрсетушілердің еңбекақысы әзірге теңестірілмейді, себебі «жаңа әлеуметтік шығындарға тыйым салатын мораторий» күшінде тұр.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жеке көмекшілер айына орта есеппен 128,7 мың теңге алады, ал күтім көрсетушілердің табысы шамамен 74,4 мың теңге шамасында. Шенеуніктер мұны олардың функцияларының айырмашылығымен түсіндіреді: көмекшілер мүгедектігі бар азаматтарға үйден тыс жерде бағыт-бағдар берсе, күтім көрсетушілер тұрмыстық және медициналық қажеттіліктерді орындауға жауапты.

Алайда өмір шындығында бұл екі қызметтің шекарасы жиі араласып жатады. Күтім көрсетушілердің көпшілігі науқасты дәрігерге апару, қоғамдық орындарға шығарып салу сияқты міндеттерді де қатар атқарады. Осылайша, қосымша жауапкершілік жүктелсе де, олардың еңбекақысы өзгеріссіз қалып отыр.

Қыркүйекте енгізілген Үкімет қаулысына сәйкес, 2028 жылдың соңына дейін жаңа әлеуметтік бастамалар мен қорлар құруға шектеу қойылған. Қағаз жүзінде бұл бюджет тұрақтылығын сақтау шарасы болса, іс жүзінде — әлеуметтік төлемдерді арттыруға уақытша (немесе ұзақ мерзімді) тосқауыл.

Бұл жағдай қоғамда әділдік мәселесін қайта көтеріп отыр. Себебі әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі – мемлекеттің әлсіз топтарға деген нақты қамқорлығының айғағы. Ал олардың табысы жылдар бойы өзгермей, инфляция үдеп жатқан тұста «жақсы кезеңді күту» – формальды жауап қана.

«Қаржы жеткен соң қарастырамыз» деген уәде қазір көпшілік үшін бос сөзге айналды. Өйткені инфляция мен күнделікті тұрмыс тауқыметі Үкімет қаулыларын күтпейді. Әлеуметтік саланы кейінге ысыру – экономикалық шешім ғана емес, саяси және моральдық таңдаудың көрінісі.

Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде танытады. Бірақ егер осы жүйенің негізгі буыны – күтім көрсетушілер мен жеке көмекшілер – ең төменгі жалақымен 

Басты сұрақ – бұл уақытша шара ма, әлде ұзақ мерзімді бағыт па? Егер үкіметтік мораторий «жаңа бастамаларға» ғана емес, бар қолдау жүйесіне де әсер етсе, онда ерекше күтімді қажет ететін мыңдаған азамат тағы да назардан тыс қалуы мүмкін.

Мәселенің түп төркіні тек ақшада емес, көзқараста. Мемлекет өз азаматтарына деген жауапкершілігін «жақсырақ уақытқа» қалдырмауы тиіс. Өйткені адам өмірінде ең маңыздысы – уақыт пен қамқорлық, ал ол мораторийге бағынбайды.