Ұлыбритания Қазақстанның стратегиялық маңызды минералдарына қол жеткізбек

25

Munarmedia.kz 26.02.2026 /Astana/ Ұлыбритания Қазақстанның стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстарына қол жеткізу бағытында жаңа келісім жасаспақ. 26 ақпанда Лондонда Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Иветт Купер Орталық Азияның бес мемлекетінің — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізеді.

Кездесу аясында Лондон Қазақстанмен стратегиялық маңызды минералдар бойынша арнайы келісім жариялайтыны күтілуде. Құжат британдық инвестицияларды еліміздегі стратегиялық шикізатты өндіру мен өңдеу саласына бағыттауды көздейді.

Бұл келісім жеткізу тізбегін әртараптандыруға және маңызды ресурстарға тәуелділікті азайтуға бағытталған.

Image

Сонымен қатар Ұлыбритания өңірдің өзге елдерімен көмірқышқыл газын ұстау технологиялары және жоғары білім беру салаларында да бірқатар уағдаластықтарға қол қоймақ.

Соңғы жылдары Батыс елдері стратегиялық шикізат көздерін әртараптандыруды жеделдетіп отыр. «Жасыл» энергетика, қорғаныс және жоғары технологиялық өндіріс салаларында сұраныстың артуы ураннан бастап сирек кездесетін металдарға дейінгі ресурстардың маңызын еселей түсті.

Қазақстан бұл тұрғыда маңызды ойыншы саналады. Республика Ұлыбританияның критикалық минералдар стратегиясына енгізілген 36 минералдың 22-сін өндіреді.

Сонымен қатар Қазақстан әлемдік уран жеткізілімінің 40 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Ел титан өндірісі бойынша көшбасшылардың қатарында және мыс пен мырыш экспорттайтын ірі он елдің қатарына кіреді.

Айта кетейік, ақпан айының ортасында АҚШ пен Өзбекстан стратегиялық маңызды минералдарды өндіру және жеткізу жөнінде келісімге қол қойған болатын. Вашингтон да шикізатқа қолжетімділік үшін күресті күшейтіп, жеткізу тізбегіндегі Қытайдың басымдығына қарсы әрекет етуде.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның минералдық ресурстары төңірегіндегі бәсекенің күшеюі елдің геоэкономикалық рөлін арттыра түседі. Бұл жағдай жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік бергенімен, сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті сақтауды талап етеді.

Алдағы келіссөздердің нәтижесі Қазақстанның стратегиялық шикізат нарығындағы позициясына тікелей әсер етуі мүмкін.