Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

В. Зеленский: Бітімге келгеннен кейін 200 мың бітімгер қажет

96


КИЕВ. 2025 жылғы 22 қаңтар /VOA/. Егер Ресеймен бітімге келу туралы келіссөз жасалса, Украинаны Ресейдің ықтимал шабуылынан қорғау үшін Еуропадан кемінде 200 мың бітімгер елде болу керек деп мәлімдеді Украина Президенті Владимир Зеленский.

В. Зеленский бұл мәлімдемесін АҚШ президенті қызметіне Дональд Трамп кіріскеннен кейін бір күн өткен соң айтты. Оның сөзінше, Еуропалық елдерден 200 мың бітімгер — бұл қажетті минимум, егер бұдан аз болса, ешқандай әсер болмайды.

Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде Украина президенті: «Еуропа елдерін Ресейден бөлетін мұхит жоқ екенін ұмытпау керек», — деп атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі 800 мыңдық Украина әскерін бес есеге қысқарту туралы Ресейдің талабы тиімді нұсқа емес екенін жеткізді. Зеленскийдің пікірінше, бітімнен кейінгі Украинаның ең жақсы қорғанысы НАТО-ға қосылу болып табылады. Еуропаның көптеген елдері Украинаның бұл одаққа кіруін қолдайды, ал Германия мен АҚШ бұған қарсы. Ресейді қолдайтын Венгрия мен Словакия да Украинаның НАТО-ға қосылуына қарсы ұстанымда.

Зеленский сондай-ақ НАТО-ға мүше елдерден қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттыру туралы Дональд Трамптың ұсынысын қарастыруды сұрады. Сонымен қатар, Еуропаға қауіпсіздік пен қорғаныстың біртұтас саясаты қажет екенін қоса айтты.

Сонымен бірге Украина жағы Дональд Трамппен кездесуге ұмтылуда. Ол президенттік сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Ресей-Украина соғысын дереу тоқтатуға уәде берген болатын. Дегенмен, бұл нәтижеге қалай қол жеткізетіні әлі белгісіз.