Қызылорда тұрғыны кәмелетке толмаған қызбен некеге тұрып, жақын қарым-қатынасқа түскені үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Информбюро».
21 жастағы Нұртілеу мен 15 жастағы Аялы ата-аналарының келісімімен мұсылмандық некеге тұрып, той жасаған. Қыз жүкті болғаннан кейін дәрігерге тіркелуге барған. Пациенттің жасын білген медицина қызметкерлері бұл жағдайды полицияға хабарлаған.
Нұртілеу Ибрагимовке ҚР ҚК 122-бабының 3-бөлімі 1-тармағы бойынша айып тағылды. Сот жабық режимде өтті. Нәтижесінде ол кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушының ата-анасы мен Аялы сот үкімімен келіспеген.
«Апелляциялық сот 21 жастағы жігіттің туыстарының шағымын қанағаттандырмады. Ата-анасы Жоғарғы сотқа жүгінуге ниетті», – деп хабарлайды «Информбюро».
Қыз сотталған азаматтың туыстарымен бірге тұруын жалғастыруда.
Мемлекет діни некелерді мойындамайды, ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кәмелетке толмағандармен отбасын құруға қарсы.
* Фото: Envato Elements.