«Алтын» немесе «күміс ақша» мағынасын білдіретін «кин» (金) таңбасы Жапонияда 2024 жылдың символы ретінде таңдалды. Бұл туралы Japan Times басылымы ел көлемінде өткізілген сауалнама нәтижесінде хабарлады.
Киото қаласындағы Киёмидзу будда ғибадатханасында салтанатты шара өтіп, ғибадатхананың бас ламасы Сэйхан Мори дәстүрге сай жылдың символын күріш қағазына жазды. Жыл символын анықтау дәстүрі 1995 жылдан бері жалғасып келеді және биылғы салтанат 30-шы рет ұйымдастырылып отыр.
Жапония бұл жылы Олимпиададан көптеген алтын медаль алғаннан кейін, Либерал-демократиялық партияның қаржылық есептері төңірегінде жанжал туындағаннан соң, және Садо аралындағы алтын мен күміс кен орындарының ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілгеннен кейін «алтын» иероглифі ең танымал символға айналды.
Сауалнамаға 221 мыңнан астам адам қатысып, оның 5,47 пайызы «алтын» таңбасына дауыс берген.
2023 жылы «зей» (税), яғни «салық» таңбасы жылдың символы ретінде қабылданған болатын, себебі қоғамда салық мәселесіне ерекше назар аударылған еді.
2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыстың әсерінен жылдың символы ретінде «икуса» (戦), яғни «соғыс, шайқас, күрес» таңдалды. Ал 2021 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында Жапония спортшыларының алтын медальдар бойынша рекордтық көрсеткішке жетуін бейнелеу үшін тағы да «алтын» таңбасы таңдалған еді.