Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Зарыққан Бағылатұлы. Баян-Өлгейдің негізі қашан қайда қаланды?

346


 

Ардагер қызметкер, жазушы  Зарқұмның «Баян-Өлгий аймгийн түүхэн товчоон» деген кітабын оқып отырып, Қобда бетіне ауа көшкен қазақтар  бір кез иесіз болғанба немесе сығалап жүріп сырғып қонып,  моңғол халқымен сырласа жүріп, сенім жүктеп, сенімді ұлы елге қоныстанғанымыз ұмытыла бастады ма деп ойлап қалдымда тарихшылардың  жазғанына жүгіне бастадым.

Дәл осы кезді тарихи деректермен қанымдаған алғашқы адам тарихшы Асқанбайұлы Сарай болар деп түйіп, ол кісінің «Төңкерістен кейінгі Баян-Өлгей қазақ ұрианхайлары» деген кітабын, Моңғолиядағы қазақтар тарихын жазған басқа тарихшылардыңда еңбектерін оқи отырып, өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Иә, кейбір қазақ тарихшылар ежелгі қонысымыз еді деп жүргеніне де жөн дейік. Ертеге үңілсек солай болатыны белгілі. Бірақта сол қонысқа бізді қайта қоныстандырған Боғда хан екені анық.  Ал  1911 жылға дейін қазақтарды шүршіт-қытайдан тағайындалған үкірдай  ғана билеп тұрды.  Ол кездегі моңғолиядағы 7 рудың ішінен тек Шеруші, Жәнтекей, Қарақаста ғана үкірдай болды. Шерушіні Жылқышы, Жәнтекейді Көбеш, қарақасты Бітімші  басқарып тұрды. Басқа руларды зәңгілер басқарып тұрды. 

1911 жылы Бітімші елін ертіп Алтай асып қашып кеткенімен  Қобда қазақтарының билігі бірақ тарап кетті деп көретіндердің тұжырымы шындыққа жанаспайды. Жалпы қай кезде де байқап көрсеңіздер  Шеруші Қобда бетіне ауа көшкен қазақтың көшбасшылырының бірі, айтысты- тартысты болса  да алмағайып кезеңде аса ірі уақиғалардың куәгері болып, аз қазаққа  келешегін нұсқай білгенін барлық жазушы- тархшылардың барлығыда азды-көпті белгілеп өтіпті.

1911 жылы Боғда ханды Моңғол мемлекетінің қарамағында  тұруға рұқсат алғаннан кейін алғашқы әкімшілік жүйесі құрыла бастағанымен қай елдің қармағында боламыз? деген саяси шешімге келісе алмай  Шеруші руын  үшке бөліп басқарған кездері болғаны да шындық. 1919 жылы барлығы бітімге келіп, Шеруші қошуынын орнатқаны барлық тарихшылыардың кітаптарына азды кем  жазылыпты. Бұл Боғда ханды Моңғол елінде орнаған алғашқы қазақ  қошуын  екендігіне ешкімде таласпас. Қошуынның алғашқы  бастығын  Жылқышының немересі С. Дөрбетхан істеп келген еді. 1921 жылы Халықтық уақытша үкіметтің өкілдері Дамбадорж, Хасбаатарлар келгенде  абақ керейдің атынан Дөрбетхан кездесіп, халықтың жағдайын таныстырып, ақ патшаның әскеріне көмектеспейтінін айтып,  қазақтар сыртқы моңғолияға қоныстануға ниеттіміз дегенді білдіріп, қолхат тапсырып қайтқаны тарихтан белгілі. Ол Тұлбакөл шайқасының алдында ғана патшалық ақ әскерлерге көмек бермеймін дегені үшін ұсталып, өлтірілгені де белгілі.

Бұл Халық революциясы жеңген тұста тек ғана Шеруші қошуыны болғанын, ол жалпы қазақ атынан іс жүргізіп отырғанын  тек осы кездесу дәлелдей алады.

1922 жылы Шеруші қошуыны ғана болса Негізгі заң бекітілгеннен кейін кейбір деректерде  1923 жылы Шыбарайғыр қошуыны жаңадан орнап қосылған екен. 1925 жылы Жәнтекей, Ботақара қошуыны құрылып, 4 қошуын болған. Сол жылы Ұлы шеп(Их шавь)тің Ұлы құрылтайы болып, бір аймақ қоса орнатып,   жеке дара қазақтың 5 қошуыны(біреуі Завхан жерінде), Алтай ұрианхайы, торғуыт, захчин қошуындары орнатылды деп белгілепті.

 

Жаңа құрылған қошуындар төңкерістік үгіт жұмысы, шүршіт-қытайдан алған лауазымдарды қуатсыз ету, феодалдардың халықтан алатын алым салығын және жалшы ұстауды тоқтату, керісінше феодалдар үкіметке салық төлеу сияқты  көптеген шаралар жаңа саясаттан шет қалған қазақ қошуындарында іске аспады, оған үкіметте кешіріммен қарады. Сайлауларда бұрынғыша жүріп, қазақтар өзін өзі басқарып отырғандықтан үкіметтің саясатына қанық бола алмай, төңкерістік іс шаралар кешеуілдей берді. Бірақта халық салт-дәстүр, дінін бұзбай, өз ойларын іске асыру, жайлы жағдайда өмір сүру үшін жалпылай күресіп жүрді.     

Баян-Өлгей аймағы орнағанға дейін әкімшілік өзгерістер жиі болып тұрғанымен қазақтардың әкімшілік құрылымын көп өзгертпей, тұрақты жұмыстатуға  көңіл бөліп отырды. 1930 жылы  Моңғол мемлекеті  5 аймақ, 72 қошуын, 512 сұмын болған еді. Осы кезде Моңғолияның министрлер кеңесінен  бекіткен Қошуын әкімшілігі туралы ережеде  Қазақ қошуындарының шығарған шешімін тек  МемлекеттікҰлы және кіші құрыл, Кіші құрылдың басқармалары ғана өзгерте алатынын атап көрсетіп, қазақ  қошуындарға төтенше құқық берген.

1931 жылы  қошуындарды  таратқанымен қазақтың екі қошуыны Шеруші, Шыбарайғыр қошуындарының ішінде сұмын орнатқаны болмаса, қошуынды өзгертпеген.

Оның нақты бір дәлелі ақтаңдақта 1938 жылы ең алдымен ұсталған Шеруші қошуын бастығы Т.Тұрдының көк қалпақтылардың «не істеп жүрдің?» деген сұрағына «Шеруші қошуынның бастығы едім» деп, «Аймақ бастығы Рэнцэн, Ақкөл жалғастыру базасының бастығы Борбандилерді танисың ба?» дегенде «Ол екі кісіменде жақсы қатынаста болып, қошуынды өркендетуге көптеген көмек алдым» деп  жауап бергені қазақ қошуны 1938 жылға дейін жұмыстап тұрғанын көрсетеді.

Шеруші қошуыны сол жылдары жұмыс істеп тұрғаны туралы деректер жетерлік. 1934 жылы Шеруші қошуын бастығы Тұрды ҮІІ ұлы құрылтайға делегат болып қатысқаны, Гэндэн, Дэмидтерді өзі жатқан үйде шақырып, қазақтың мұң-мұқтажын таныстырғаны, оларды қазақ еліне қонаққа шақыруы, өзі кіші құрылтай мүшесіне сайлануы қошуын әкімшісінің үкіметпен етене араласқанын көрсетеді.

1936 жылы Моңғолия мемлекетінің бас министрі Гэндэн, әскери қолбасшы Дэмидтердің қощуын бастығы Тұрдының шақыруы бойынша Шеруші қошуынына келуі қазақтар ішіне келген алғашқы үкімет басшылары еді. Және де осы кезде  елмен етене танысып, жиындарға қатысып, қазаққа деген үкімет көз қарасы анықталған. Осының арқасында үкімет көптеген шаралар қабылдап, қазақ-ұранхайларды жеке аймақ болдыру идеясы орныға бастады. Біздің кейбір адамдарда үкіметтен алғаш қазақ ішіне келген Чойбалсан деген сыңар жақ ұғым қалыптасқанын айта кеткен жөн.

Шеруші қошуыны қазақтардың не істей алатынын әр кезде көрсете білді. Алғашқы қазақ мектеп орнатты. Алғашқы тұтынушылар кооперативі немесе сол кездегі атымен қоршан,  алғашқы «қызыл керуен» кірешілер кауымдастығы, жүн жуатын, ішек өңдейтін алғашқы кіші өндірістер, артель деген тігін жері  осы қошуында жұмыстап, алғашқы жұмысшылар да осында қалыптасып, кәсіпшілер одағын құрғаны тарихтан белгілі. Алғашқы кеден ұйымыда осы қошуында орнап, шет ел саудагерлерін ығыстырғанымен бірге халық арасындағы дау дамайды да шешіп отырған екен. Ал, партия, жастар ұйымы осында құрылғаны туралы тарихшыларымыз кеңінен дәлелдеді.

Халықты сауаттандыру, мәдени іс-шараларды қауымға жеткізуді ұйымдатыруда осы қошуыннан басталды. Алғашқы қазақ мектебі Қара қабақта орнап, қыс дайындығына байланысты орманды жер  Бұғыға қыстап, келер жылы ел Алтай ауғанда тарап кеткенін білеміз. Аймақтың алғашқы мектебі Алтанцөгцде орнаған деп жазғанымыз дұрыс дейтіндерде бар, ол Ұрианхай қошунның орнатқан мектебі еді. Қазақ метеп Шеруші қошуында орнағанын және тарап кеткенін  жоғары да айттық. Осыдан кейін мектепті қайта орнатып, халықтың өз қаражатымен жұмыстатып, 1936 жылы Бас министр келгенінен бастап үкіметтен қаржылай көмек көрсетіле бастағаны халық келешегі үшін сол кездде қошуын басшыларының ірі тұлғалар екенін көрсетті. Тіпті қошуын бастығы Тұрдымен мектеп басшысы Шолтай  орыс шеберлерін Қошағаштан алдырып  алғашқы мектеп құрылысын салдырғаны-Баян-Өлгейдің алғашқы сәулетті құрылысы болып, әлі де сақтаулы тұр.

Осы кезде сауатын ашқан көп адамды  Қобдаға, Ұланбатырға, 30 дан астамын Мәскеуде оқыуға жіберді. Осы мектепте оқығандар алғаш аймақ орнағанда басты органдарға басшылық еткен зиялылар болды.

Мәдени іс шараларда осы қошуынана басталғаны тарихи маңызды мәселе. Алғаш «қызыл отау» болып құрылған, «қызыл  үй, қызыл бұрыш» атанып,  аймақтық мәдениет саласының негізін осы жерде қалады. Бір киіз үй тігіп онда келгендерге оқып беретін баспа, парақша, кітап қойып, ән күй орындайтын әнші, күйшілерді,  науқасты көретін кіші дәрігерді, малшыларға кеңес беретін мал дәрігерін отырғызып, киім тігуді үйрететін іс мәшине қойып, үгітшілерді , сауат ашатын үйірме жұмыстатып, нақтылы мәдени орталық болдыра білді. Осы қызыл отауда жұмыстағандар аймақтық музыка драма театрының негізін қалап, атақты ардагерлер болды. Осы қызыл отаудан қызыл бұрыш, мәдениет үйлері, кітапхана, артель, адам, мал дәрігерлік ұйымдардың негізі құрылғанын байқауға да болады. Қызыл отаудың алғашқы меңгерушісі  қошуын бастығымен біріге жұмыстап, осы игі істердің негізін қалады.

Ең бір қызық мәлімет Тұрды алғашқы Қошуынның әкімшілік кеңсесін осы Ақбалшықта салдырғаны. Осы кеңсе соңында «эсэргүү» лерді жинайтын жер болып,  соңында құлатылған. Соны еске ала отырып Ұланқұсын сұмынының әкімшілік кеңсесінің сыртқы қабырғасына  бір ескерткіш-тақта орнатса артық болмас еді.

1922 жылы Шеруші қошуын бастығы Дәлелхан, Ботақара биі Жуанғандар Қобда аймағындағы батыс өлкені реттейтін  министрлікке жіберген хатында «...ботақара, қошақ  руларына қарасты халықты Моңғолия қарамағына алып, жер беруді сұрағанын» қанағаттырған екен. Сол сияқты мектеп орнату, партия ұйымдарын құру сияқты барлық жұмыстарды Шеруші қошуынынан әдейілеп жіберген адамдар ұйымдастырғаны да шындық. Бұл жерде басқа қошуындардағы ұйымдастырған жұмыстардың бәрін жоққа шығару негізсіз. Оларда халқы үшін қаймықпай қайырымды еңбек еткенін ұмыт қалдыруға болмайды.

Ал айтайын деген түйінім: Баян-Өлгей аймағы құрылғанға дейін қазақтар Шеруші қошуынын рухани және экономикалық орталық болдырып, сол қошуынның іс-шаралары басқа өлкелерге үлгі болып тарағанын мойындауымыз керек.

Баян-Өлгей аймағының іргетасын қалаған қошуын-Шеруші қошуыны деп көрсек артық болмас.. Себебі аймақ орнағанда онда жұмыстай бастаған зиялылар  тұтастай дерлік Шеруші қошуынынан сауат ашып, сондағы ұйымдарда жұмыстап,  сол жерден Мәскеу, Ұланбатыр, Қобдада оқып,  түлеп ұшқандар. Ал қоғамдық ұйымдардың негізі де Шеруші қошуында бұрын болған ұйымдардан бастау алған. Ондай ұйымдар басқа қошуындарда болмаған.

Баян-Өлгей аймағы туралы кейбір тарихшыларымыз сыңар пікірлерін жазып, Чойбалсан келгенінен бастап, Баян-Өлгей тарихы басталатындай қағидатты қалыптастыра бастады. Осыдан болып  бір ғасырға жуық  уақытта қазақ басқарусыз иесіз жайылып кеткен екен деген ұғымды тудыра бастады. Ұрпақ алдында ұмытыла бастаған Моңғолиядағы қазақ тарихын  сараптап бір жүйеге салатын арнаулы ғылыми  топ құрып, іске асырсақ жөн болар еді. Жаңадан тағайындалған аймақ басшылары да осыған ерекше көңіл бөлсе екен деген ойымды ортаға салып отырмын.

Мақала соңында Шеруші қошуын орталығы болған  Ақбалшықта құрылған  Ұланхұсын сұмыны  кейде 60 жылдығын екі рет, өткен жылдары 100 жылдығын белгілепп жүргені де тарихымыздың бұлыңғырлана бастағанының белгісі.    

Зарыққан Бағлатұлы

Қоғам қайраткері, саясаткер, бұрынғы  Ауыл шаруашылық өндіріс

Министлігінің мемлекеттік хатшысы,

шежіреші, тарихшы