«Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» Қ. Тоқаев
Тоқсаныншы жылдары тоқырау келіп, босағадан аттаған күні, қазақ даласы құмығып, үні бәсеңсіп, іріп шыға келді. Жаңа заманның лебі, жаңаша келбет жекешелендіру басталғанда сең соққан балықтай боп қалған ауылдардың алғашқы демі ауыр шықты.
Апталдай азаматтар, қол қусырып «енді қайтып жан бағамыз?» деп әйелі ерге, ері жерге қараған уақыт еді.
Кең заман туғанымен, арты қалай болар екен?-деген елдің көкейінде ауыр сұрақ тұрды.
Сонымен, әлқисадан бастайық. Шаруашылығы гүрілдеп тұрған ауылдың реңі бұзылып, түсініксіздеу қоғам қалыптаса бастады. Таңның атысынан, күннің батысына дейін «қазынаның шаруасын күйіттеп» жүрген азаматтардың сол кездегі хал-ахуалы өте күрделі еді.
Мылтықтың атылуын күтіп отырған пысықай ауыл басшылары, дәл осы сәтте «таста тамыр жоқтың» керімен, қу құлқынның харекетін тірлігін бастады да жіберді. Өріс толы малы. Гүрілдеп тұрған техникасы, қысқасы Сәбет үкіметінің жетпіс жыл жинаған дүниясы аз жылдың ішінде «өкшесі көрініп» жылтиып шыға келді, тоналды, таусылды, жөнелтілді, қарапайым халық сол зор дүниеден «ине сабақ жіп алып» жағдай жасай алмай қалды.
Иә, осы сәт қой. Әлгі Үкіметтін екінші лауазымды тұлғасы боп тұрған Терещенко мырзаның аузын арандай ашып, сөйлейтін тұсы, бөсетін тұсы, көпіретін тұсы «етті -Америкадан, сүтті-Германиядан алып, бай елдердей рақаттанып өмір сүреміз» деп аттан бұрын, арбаны алға тартып, мақтанатын кезеңі.
Қайда сол сүт, қайда сол ет!? Кім саған тегін дүние берер дейсің!?
Өрлігі жылқының асау тайыңдай болған, момын қазақ мұрнынан мыңқылдап жүрген соның дегеніне көніп, ақыры қаншама ырыздық, байлығынан айырылып жекеменшік болды да қалды. Осындай сәтте, тал шарбаққа мал қамап отыратын ағайын, тас қалаға барып жан сақтаудың жолын іздеді.
Соңғы жылдары «Болашағы жоқ ауылдар» деген статистикалық мәліметтерді оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрып, жүрегіңіз ауырады. Өйткені, қаншама ауылдардың мектебі жабылып, әлеуметтік жағдайы құрдымға кетіп, ақыры үлкен ауылдардың тек қана орны ғана қалып жатыр. Белден -қуаты, тізеден-дәрмені кеткен ауылдардың бүгінгі ахуалы қалай?-деп айтудың өзі қиындау, осыдан кейін.
Бурабай ауданына қарасты қаншама ауылдар бар. Әйтеуір кейбір ірі ауылдар қазақылығын, танымдылығын, ертеден қалған салты мен санасын, ғұрпын сақтап, қаймағын бұзбай, мұртына дақ түсірмей отыр. Ал кейбір шағын ауылдардың орны ғана қалды. Ауыл алаштың бесігі еді. Жәй бесік емес-алтын бесігі еді. Ауыл құрыса, маған қазақтың тілі жойылып кететін сияқты, қорқыныш ұялайды санама. Өйткені, кешегі қылышының басы қайқы келген сәбет үкіметінің тұсында қазақы ғұрыпты, тілді сақтап қалған, ауылдағы ағайын ғой. Заманның толқыны мен дауылына дес бермей, жағада тыпырлап қалмай, өр құлаштарын алға сермеп, уақыт шеңберінде аман қалды. Тіл қалды. Дін қалды. Қазақы рух пен таным қалды, дәстүр қалды, суыққа ұрынбаған сана қалды.
Президент биылғы жыл «Қарапайым еңбек адамдарының жылы» деп жариялады. Мұндай сәтте, алдымен ойға оралатыны күнделікті халықтың алдында жүрген қалталылар емес, ауылда, шалғайда шаруашылық ұстап, жаз болса суішкілікке зар боп, таза еңбегімен жан бағып жүргендер еске түседі екен. Басқаны қайдам, осы жолы ұзақ отырдым.
Жан-жаққа қоңырау шалайын деп. Бұрындары ауылшаруашылық бөлімінің басшысы мен қосшыларына қоңырау шалғанда бірден мына кісіні жазу керек я болмаса ана кісіні деп нұсқау беретін-ді. Қазір, ХХІ ғасырда бәрінің «жүгені күміс» ақылды, данышпан. Қоңырау шалмақ былай тұрсын, басылым ІІ сортқа айналып бара жатқандай мұрындарын шүйіріп, тіпті кердең қағып менсінбейтіндей формаға түскендерін қайтерсің?
Сондықтан болар, кейбір жаңалықтардан аудандағы хабарсыз боп жатамыз. Басқа ауданның әріптестерінің тіршілік харекеті қалай екендігін білмедік. Әйтеуір бізде «жең ұшынан», құрықтың басынан ғана сәлем, ишаратын жасап жатыр. Әрі ойландым. Бері ойландым. Тіпті қолыма қағаз алып, осы ауданымыздағы өзім білетін біраз адамдарды тізіп шықтым.
Ауыл әкімдеріне қоңырау шалайын десең, олар да қазір ойда емес, қырда жүргендіктен шығар кей-де қысқа сөзін ұзартып жібертіндіктері бар.
Қайдан білсін. Интернетке шыққан сөз, көбігін қалқып алсаң, ішіндегі дүниесі көпке ұзамайтындығын! Ал басылым қашанда тасқа түскен жазу ғой. Оң қолмен де, сол қолмен де, білектің күшімен де, өшірсең , өшіре алмайсың. «Газет -халықтың құлағы еді, бұқараның көзі еді» қазір руханиятқа деген оң көзіміз соқыр боп, сол көзімізбен қарайтын болғандықтан жетісіп жатқанымыз шамалы.
Газеттің аты газет боп қалады. Газет тарих ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасады, архивтен қалады. Мұндайда «итаяққа салсаң да, балдың аты бал енді» деген сөз, тілге оралады. Жарайды, біраз дүниені жазып кетіппіз. Ойда жүрген дүние ғой. Оқитындар болса -түйсінер, түсінер. Түсінбесе -тентектен ынжық тәуір деп қоярмыз.
Газеттін таралымы жайлы тілипонннан қоңырау соқсақ, кейбір «өзім дейтін» азаматтар -жақсы деп қысқа сөзді күрмеп, ұзын сөзді жөрмеп кеп жібереді. Бәлкім таз қотырын тауып ап, ара-тұра сын қаламын сілтеп, бір дуылдатып алсам ба деп ойланам. Іздесең тырнақтың астынан кір, шалбарынан қыр табылады ғой. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта бір айналып соғармын. Көп сөз көмір. Аз сөз алтын...
Сонымен, Ұрымқай селолық округіне қарасты, Кіндікқарағай деген ауыл бар. Айналасы көл. Бұл ауыл кезінде дүрілдеп тұрған ауыл еді. Аға буын жақсы біледі. Щучинск қаласының №9 орта мектеп интернаты, сосын барып осы ауылдың мектеп-интернатында қазақтың қаншама баласы білім алды. Тіпті, күні бүгінге дейін, Кіндікқарағай десе «менің білім алған ауылым ғой...» деп еске алып отыратын аға буынымыз қаншама.
Ақ түтек бораны ұйтқи соққан дала. Таңертен дүние сүтке малынғандай сұп-сұр боп тұман ішінде тұрған. Алыстан көз салып қарасаңыз жапырағынан айырылған орманның ызың үні құлаққа келеді.
-Ақтөбенің қары қалай екен?-деді көлік тізгіндеген азамат.
Ауылға кіре берісте дөң бар. Бірақ, жол ашық екен. Оң жақ қапталда Ынталы ауылы қалып барады. Сірә, бірер үй қалған сияқты. Жылқы жүр. Е, заман-ай арға тартпай, арман-құл,намыс қумай, мақсат -тұл болған уақыт. Кер заманда емес, кең заманда ауылдан бәрі тасқалаға бет алды-ау дедім.
Біз іздеп бара жатқан адам «Карбаев» ЖШС-гі. Басқаларды жаздық. Мақтадық. Біреулері «баяғыда менің арғы атам жайлы газеттерін жазған-ды, сол бүйіріме қадалып «беріш боп» қатып қалған-ды, сондықтан газетке жазылмаймыз!..» деп қырық жылғы өкпесін айтады. Өнбейтін дауды қуалап, құрықтап жүргенге не айтарсың!?
Бұл кісі Жомарт Мырзабайұлы Карбаев. Ешқандай шенді де, шекпенді де емес, Кіндікқарағай ауылының тумасы. Осы ауылда туды. Осы ауылда білім алды. Туған топырағына, қасиетті жерұйық мекенінен алысқа ұзап кетпеді. Ауылда табан тіреп қалды. Қазіргі күні шағын шаруашылығының дөңгелегін ақырын айналдырып, арбасын да сындырмай, өгізін де өлтірмей жүріп жатыр.
Қорасындағы малын жайғап келген ағамызды әңгімеге тарттық. Сонымен, қыстың көзі қырауда кеп қалдыңдар ма? Жарады,-деп бастады әңгімесін.
-Ауылдан бәрі кетіп жатыр. Ауылдың амандығы-елдің амандығы еді. Ауылда қарапайым шаруа бағып, өз қотырымды өзіміз қасып, ешкімге алақан жаймай шүкір, өмір сүріп жатырмыз. Айналамыз сыңсыған орман. Көл. Табиғаты әсем. Көз тартарлық сұлулығы қандай, осынау ауылымды тастап қайда барам, қайда барып жан бағам!?
Мен болашақты ойлағанда төбе шашым тік тұрады. Болашақ деген сенің үрімін, ұрпағың. Құдай-ау, бесіктен белі шықпай жатып, ұялы телефонға құмар. Қаладан балалар келеді, немерелер «бірішек боп қалған» «чипси», «кока-кола», «питца» дейді ме, мүлдем қазақтың генінде жоқ дүниелерді жеп әбден тәбеттері жойылған. Құрт қайда, қымыз қайда, шұбат қайда, қазы қайда деп баяғыда әскерде жүргенде ауылдың тамағын аңсап, аузымыздың суы құритын-ды. Қазір бәрі бар. Тек, биологиялық құндылығы аз, құнарсыз тамаққа ғана байланып қалдық. Сондықтан ғой, көп балалар дүниеге келмей жатып, түрлі ауруға ұшырап жатқандығы.
Ауылда да өмір бар айналайын! Осы ауыл кезінде қандай ауыл еді. Енді міне мектебіне бала таба алмай, жан-жаққа сауын айтып, көпбалалы отбасыларды көшіріп әкеп жатырмыз. Көшіп келгендердің біразы тұрақтап қалып жатса, кейбіреулері атының басын кері бұрып, бұдан да жақсы жер бар екен деп, қайта кетіп жатады.
Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, ауылдың азаматтары бірігіп талай отбасын көшіріп әкелдік. Ауылдың белсенді, бизнесте жүрген жігіттері ақшалай көмек қылып, ауылдан көшкендердің үйлерін сатып алып қойды. Ол үйлердің барлығы, оңтүстіктен я болмаса қандас ретінде көшіп келгендерге ақы-пұлсыз тегін беріледі. Тек келсін. Бала болса мектепке оқытсын. Өзіне де жұмыс тауып береміз. Тек, ауылдағы білім ордасын жаппаса болды. Біреулер ойлайтын шығар -жұбайы мұғалім болған соң солай жанталасып жатыр деп. Жоқ, мектеп жабылса, бітті күннің жарығы көлеңкесіне түспей қалады.
Мен өмірбойы қара шаруаның адамымын. Тоқсан бірінші жылы еліміз егемендігін алып жатқанда, тәуелсіздіктің таңымен бірге қыбырлап ерте жекеменшік боп шығып кеттім. Өйткені, заманның ритмі білінді. Жеке бол. Ортақ өгіздің күні бітті. Оңаша бұзау артық деген.
1965 жылы қарашаның он бесінші жұлдызында тудым. Онжылдық Кіндікқарағай орта мектебін бітіріп, Щучинск қаласындағы ДОСАФ-тан шопырлық курсты аяқтап 1984-1986 жылдары Ресей жерінде Североморск әуе-теңіз флотында әскери міндетімді атқардым. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, ауылшаруашылық саласына жұмысқа араластым. Ұрымқай кеңшарында маңдай алды механизаторы болдым. Үнемі «Алғыс хаттар» марапат, сыйлықтар алып тұрдық. Ол кезде «еңбек адамы» айрықша бағаланатын. Батыс Украинаға тегін жолдама беріп, ол жақты да аралап қайтқан едім, сол жылдары.
Сосын қайта құру кезеңі басталды. Өзім жеке шаруақожалығы боп бөлек шықтым. Жылқы, қой, ірі қара өсірем. Шағын жерге егін егем. Оны баптаймын. Қараймын. Иә, айтпақшы біздің халықтың көбі біліп, айналыса бермейтін омарташымын. Бал арасын ұстаймын. Әрине, бал сатып, кәсіп ету емес. Өзім үшін. ауылда тұрған соң, барлығын ұстау керек, шамаң келгенше... Үйрену керек. Болашақ ұрпақты бейімдеп, үйрету керек. Өмір ағымында жас ұрпақ барлығына бейім болуы қажет.
Біздің халық біржақты өмір сүруге бейім. Уақыт талабына сай өндіріс айналысқаны абзал ма деймін. Өйткені, ақырындап жаңа тың дүниелер шығып жатыр.
Қазір тіпті дүкен ұстап тұратын, сауда қылатын жастарды көрмейсің. Бәрі телефонның ішінде. Тұрағы да телефон, құлағы да көзі телефон. Сонымен өмір сүріп ұшпаққа ұшатындай. Міне тоғыз жылдық мектебіміз бар. Ауылда жастар жоқ. Сосын не істейміз? Көшіп келетіндерді қарсы аламыз. Тіпті, Сізге өтірік маған шын. Көшіп келгендердің бала басы көп болса, ол кісіні мектепке жұмысқа орналастырып, мал ұстатып отын-шөбіне дейін әзірлеп береміз. Бастысы ауылдағы жалғыз білім ордасының есігіне құлып салынбаса екен деп.
Ауылда жан бағам деген адамға жұмыс жеткілікті. Ал қалада жалақыдан жалақыға қарап, алма піссе, аузыма түссе деп қашанға отыра бермексіз!? Жаз бойы далада жүрем, қыста да жұмыс жетеді. Физикалық қозғалыстың арқасында жүрміз. Қалаға барсам, тынысым тарылып дем ала алмай қаламын. Ауылда рақат. Ауасы да, аурасы да бөлек қой.
Құдайға шүкір, бір шаңырақтың егесі боп отырмын. Алтынай екеуміз жарық дүниеге төрт бала әкелдік. Анар мен Ержан әскери салада қызмет атқарып, Отан қорғау жолында жүр. Ләйлә мен Фариза жеке кәсіптері бар. Осы балалардан өрбіген, жиен-немерелер жаз бойы ауылға келіп барымша еңбекке баулып жатырмын.
«Еңбек етсең-емерсің» деген. Қазіргі қалада өскен бала мен ауылдың баласының айырмашылығы жер мен көктей. Ауылдағы бала көзін тырнап ашқаннан бастап, тек еңбек етеді. Жылдың он екі айы дамыл болмайды. Неге, бүгінгі күні Отан қорғаудан жастар қашып жатыр!? Өйткені, Отан қорғауға қаланың баласы емес-ауылдың жердің балалары барып жатыр. Себебі, олар жас кезінен еңбектің қадірін біледі. Ыстыққа да, суыққа да төзімді. Мысалы мен бір күн дамылдап қалсам тойға барып я болмаса қалаға барып дем алсам бірден көңіл -күйім түсіп кетеді. Бейне бір салы суға кеткен адам сияқты. Мен отырғанды. Жатқанды. Ұзақ ұйықтағанды жаным сүймейді. Қысқасы жұмыс істей беруім керек.
Кіндікқарағай ауылында жиырма жеті түтін бар. Біразымыз егін егеміз. Мал ұстаймыз. Біраз адамның жерін Макинск қаласының бір тұрғыны жалға алған. Жыл сайын -үлестік пайларын, жем алмаса ақшалай беріп отырады. Ол жағынан мәселе жоқ. Ауылда су бар. Тіпті үйге дейін кіргізіп алдық. Ұрымқай мен Кіндікқарағайдың арасындағы грейдер бар. Соның өзі тәубе!..
Жаз болса, тіпті жақсы. Жеңіл көлікке тым алыс та емес. Әп-сәтте ауданға жетіп барасыз. Баяғыда елдің қариялары айтып отыратын «Біреу-жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де -бос сөз. Еңбек ет, мал тап. Жан бақ. Ниетін дұрыс болса, пейілі кең Алла тағаланың ырыздығыы таусылмайды деп.
Бұрынғыдай емес, заманның райы аздап болса да түзеліп келе жатыр. Баяғы «көзжұмдымнан» құтылып келе жатқан сияқтымыз. Жауапкершілік бар сияқты. Атқаралып жатқан жұмыстардың барлығы, болашақтың қамы ғой. Бір данышпан айтқан екен «Біздің заманымыз-өткен заманның баласы, келер заманның атасы!» деп. Дұрыстық пен бұрыстықты білмеген жұрт азады. Сондықтан, ауылды тоздыруға, бүлдіруге, сау тұрған дүниесін бұзуға, оны бұзып арзан пұл қылуға болмайды. Қолынан іс келетін жастарға сенімді түрде табыстап, ашқызып кәсіп көзін тапқызып, еңбекке баулу керек.
Алдағы бес жылдықта трактор жүргізетін баланы күндіз шаммен іздеп таба алмайтын жағдайға жетеміз. Өйткені, қазіргі жастардың біразы «ақсаусақ». Ал енді бәріміз ақсаусақ ұл-қыз тәрбиелесек, күнделікті азық-түлікті қайдан алмақшымыз?! Міне гәп қайда?
Әркім өзі жақсы білетін нәрсені ғана айтып сынау керек. Мен мысалы саясатты түсінбеймін. Саясат -сахнасында анау боп жатыр, мынау боп жатыр десе ішімнен ойлаймын. Бәріміз саясаткер боп кетсек, шаруаның жәйі не болмақ?
Жақсы шықса, жаман қалар деген атам қазақ. Ауылдан талай таланттылар шыққан, ақын да, сазгер де, ғұлама да, тіпті Президент, ғалым да ауылдан шыққан. Әрдайым жамандықты айта бермей, жамандықты ұмытып, жақсылыққа ұмтылып саналы азаматтарды қалыптастыру керек.
Айтпақшы, жалпы алаш еліне құлаққағыс, көшіп келем дегендер болса, әрдайым қарсы аламыз. Келсін, ұрпағын көбейтсін. Бизнес жасасын. Мал ұстасың. Тіпті құс баптасың. Баптасаң құс та бағлан деген. Жер жетеді. Табиғат көркем. Ауасы тамаша. Қалада жүріп мансап қуып, құрдан-құр уақыт өткізгенше таза ауада жүргені жақсы ғой. Оның үстіне «еңбектің наны тәтті болады»,-деп ағамыз сөзін түйіндеді.
Әлгіндей емес, дала жарықтықтың беті бері қарапты. Бет шымшитын аяз бар. Кең далаға көз салдым. Кіндікқарағай ауылының айналасы расында да көз тартатын ғажап сұлу. Аппақ қардың құшағында үнсіз мүлгіп тұр. Жанды сурет. Қалаға қарай бет алдық. Іңір түсті. Расында да, шын еңбекқор жандар ауылда тұрады. Бәріміз де ауылдық тудық. Ауылда өстік. Ауылдың адамы, тікбақай қаланың адамынан мүлдем басқа. Ауылдың адамы (қай ұлт болса да) үйіне бас сұқсаң «нан ауыз ти» деп кішілік, кісілік танытып жатады.
Шіркін ауыл!..
Шіркін ауылдың ақкөңіл, еңбекқор жандары дедім ішімнен күбірлеп, шаһардың шамы алыстан көрінген сәтте.
Бурабайдың Жеңісі
Суретте: Жомарт Қарбаев