Халықаралық құқық қорғау ұйымы Human Rights Watch әлемдегі, соның ішінде Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы жыл сайынғы есебін жариялады.
Зерттеушілер елде сөз бостандығы, бейбіт жиналыстар және бірлестіктер еркіндігін шектеу сияқты жүйелі құқықбұзушылықтардың сақталып отырғанын атап өтті. Экстремизмге қатысты заңнаманың тым кең тұжырымдары оппозиция мен билік сыншыларына қарсы құрал ретінде қолданылатыны HRW есебінде айтылған.
2024 жылы 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталғандарға қатысты азаптау мен қатыгездік жасаған құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің тек санаулысы ғана жауапқа тартылды. Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін бес жыл шартты мерзімге сотталды, алайда адам құқықтарының бұзылуымен қатар жүрген оқиғаларды толық тергеу әлі күнге дейін жүргізілген жоқ.
«Саяси қарсыластарға қысым күшейді. 2023 жылы оппозиция жетекшісі Марат Жыланбаев „экстремистік қызметті қаржыландырды“ деген айыппен жеті жылға сотталды. 2024 жылы осындай айыптармен тәуелсіз журналист Думан Мұхаметкәрім мен белсенді Асылбек Жәмұратовқа да үкім шығарылды. Қазақстанның Жоғарғы соты оппозиция жетекшісі Жанболат Мамайдың апелляциясын қабылдаудан бас тартты. Ол бұған дейін Алматыдағы наразылықтарды ұйымдастырғаны үшін алты жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген еді», — делінген ұйымның есебінде.
Есепте қозғалған негізгі мәселелер: БАҚ туралы заңдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары, ЛГБТ-қоғам өкілдерінің жағдайы, босқындар, еңбек құқықтары және әлеуметтік теңсіздік.