Munarmedia.kz. 22.06.2025 /Астана/- Биыл Кеңестер Одағы қоғамдық тығырыққа тіреліп, одақ
құрамындағы 15 республика дербес мемлекеттерге айналуының негізі қаланған 1990
жылдардан бері табаны күректей 35 жыл
өтіпті. Осы жылдан бастап Қазақстан мен Моңғолия қазақтары арасындағы бұрынғы
рухани жартыкеш қатынас жаңа бір кезеңге бет бұрғанын білеміз. Айды аспанға
шығарып, тариқта «Ұлы көшті» бастаған Моңғолия қазақтар деген атпен тарихта
қалған сол ұлы көшке де 35 жыл толып отыр. Бұлар мен қоса Алматыдан Баян Өлгей
аймағына тұнғыш рет ұшақ ұшқанына, Баян Өлгей халқына алғаш рет Қазақстанның
ұлттық арнасын көрсеткеніне, Алматы арқылы моңғолияның батысынан алғаш рет
халықаралық телефон, телеграф каналдарын ашып, адамдарды айлап емес әрбір
сағат, минут сайын қатынайтын болғызғанына да 35 жыл толған екен. Онымен қоса Моңғолия
қазақтарынан жылына 100 баланы жоғарғы мектептерге тегін оқытуға, Қазақстанның
тұрақты баспалары мен газет, журналдарын тегін алып тұрудың жолы ашылғанына да
35 жыл толған екен. Осы игілікті істерді қолға келтіруге Сіз кіріскен екенсіз.
Кіріскен емес, қолма қол атқарған адам деп естіп жүрміз. Ол кезде Қазақстан
тәуелсіздігін алмаған, екі еларасында мандыған қатынаста, араластықта
басталмаған кез екенін бәріміз білеміз. Сонда осы орайлы істер қолға қалай
келді, Моңғолия мемлекеті тарапынан, немесе қандай бір лауазым иелерінен кімдер
қолдау көрсетті. Баян-Өлгей аймағы мен Қазақстан арасындағы рухани саладағы
байланысы осы айтулы жылдан басталғанына енді ғана көз жеткізген сияқтымыз. Сол
жылдары ұлы істің басы қасында болып, әр түрлі байланыстың жүзеге асуына сүбелі
үлес қосқан азамат ретінде қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлы, Сізбен дидарласып,
сұхбат өткізуді жөн көрген едік.
С: -Үзеке «Тауықты құс деме, Моңғолды шекарадан
тыс деме» деген ащы мысқылдың шындығымен Моңғолия Кеңес Одағымен, соның ішінде
Қазақ ССР-мен де 70 жыл қарым қатынаста болғанын жақсы білеміз. Бірақ бұл
береке Горбачев заманында қожырап кетті ғой. Қандас Қазақстан елімен арадағы
қатынасты қайта қалпына келтіруге сіздің қосқан үлесіңіз зор. Бірақ мұны
бүгінгі ұрпақтың толық білмейтіні де шындық. Сондықтан өткеннен әңгіме
қозғасаңыз.
-Моңғолиядағы
аз қазақтың ұлттық рухтан айырылмай бүгінге жетуі бірінші Моңғолия үкіметінің
бізге деген ілтипатының арқасы болса, екінші «жыланды үш кертсе де кесірткелік
қалі бар» дегендей отар ел болса да шеттегі қазақтарға оң қабақ танытудан
айнымаған Қазақ елінің шапағаты екенін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс. Моңғолия
халқы жаппай сауатсыз сонау 1930 жылдардан бастап Қазақ елі Моңғолияға соның
ішінде қандас біздердің рухани тұрғыда ұлттығымыздан айырылмауымызға ат
салысты. Алғашқы қазақ мектептерін құру, оларды оқулықпен қамтамасыз етуден
бастап, алғашқы театр, малшыларға дейін тапсырып оқитын қазақ газет, журналдар,
әдеби кітаптар, әуе толқынында саңқылдаған «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» хабары
тағысын тағы біздің жат елде өмір сүріп жатсақ та нағыз қазақ болып қалуымызға
зор ықпал етті.
Алайда, өзіңіз
айтқандай 1980 жылдардың ортасынан басталған Кеңестер Одағындағы «қайта
құру» саясаты тұсында осының бәрінен қол
үздік. Ұлттық рухтан ада болудың басы
еді. Енді не істеу керек? Мені осы жай толғандырды. Оған Моңғолияның байланыс
саласы айтарлықтай дамый алмады. Шет мемлекетер мен айлап жүріп әрең
қатынасамыз. Орбита мен моңғолдың ұлттық және өз арналарын ғана таратып
отырдық. Аймақ орталығындағы АТС-ның өзі дұрыс жұмыстамайды. Жоғарғы жақққа
қанша рет айтпақ тұрғыр, жыласаң да “сендерді өзге аймақтардан ерекшелеп қарай
алмаймыз”, мүмкіндік жоқ дегенді тура айтып отырды. Мен моңғолдарға шетқақпай болып жүрмей, Қазақстанның
жоғарғы биліктегі ағайындарымен байланыс
жасау арқылы, солардың көмегімен аймақтың байланыс саласын танылмастай
өзгертіп, моңғол ағайындарға «менің
тірегім ұлтым» деген идеяның нәтижесін
мойындату болды.
С: -Осы кездегі байланыс саласындағы ең өзекті мәселе не
еді?
-1980-жылдардың аяғы аймағымызда қоғамдық прогресс біршама дамыған, малы өскен кез. Мен сол
жылдары аймақтың өндіріс даяшылық саласын басқарып тұрдым. Осы кезде біздің
салада 1600 ден астам адам жұмыс жасайды, олардың қолдары біріккені сондай 800
ден астам тауардың түрін өндірді, даяшылықтың 34 түрін халыққа көрсетіп, ақыры
Моңғолия мемлекет бойынша үлгі көрсеткен ұйым атанып, Партия Орталық
Комитетінің 615-санды қаулысы қабылданды. Барлық аймақтарды бізден үлгі алуға
шақырды. Аймақ экономикасын көтеруге, халықтың әлауқатын жақсартуға айтарлықтай
үлесімізді қосқандықтан енді аймақтың байланыс саласын жаңа белге көтерсек
деген ниет пайда болды. Бәрін халық үшін жасауға тура келді. Аймақтың байланыс
саласының проблемасы шаш етектен, шешілмеген мәселе жетеді. Қиындықтың азабын
халық тартып келгені де түсінікті. Алайда аймақтар бір де-бір шетелге
Улаанбаатарсыз тура байланысқа шыға алмайтынбыз. Телевидения Москвадан өзге бір
де-бір шетелдік арнаның хабарын таратпайтын. Осы ауыртпалықтан шығу үшін Өлгий-Улаанбаатар-Москва-Алматы
деп өткелектен өтіп жүріп, Қазақстанның байланыс министірлігімен тілдесіп,
Алматыға шақырту алдырдым. Бұл Қазақстан мен Моңғолия қазақтары арасындағы
рухани жаңа байлыныстың басы ретінде тарихта қалды десек те болады.
С: -Ол кез Қазақстан тәуелсіздік алмаған кез. Байланыс
саласының басшылары да орыстар шығар. Ілтипатпен қабылдады ма?
-Алла сәтін салып
тұр екен, Қазақстанның байланыс саласының азаматтары, обалы қанеки, қол-аяғымызды
жерге тигізбеді. Алғашқы қабылдауда Моңғолиядағы ат төбеліндей аз қазақ бауырластардың
өкілі екенімізді, (аймақтық байланыс орынының бас инженері Бауыржан Боқыбайұлын
ертіп алғанмын ғой.) жүрегіміздегі сан жылдық сағыныштан, қандастықтан бастап,
қолымыз жетпей жүрген бар мәселені алдарына салдым. Әсіресе: «Бүгін мен
қасиетті қара шаңырағымды таптым. Сол қара шаңырықтың иесі – Сіздерсіздер.
Сіздерден еншімді алайын деп келдім.» дегенде бәрі толқып кетті. Бізден
ұсынған негізгі мәселе:
-Қазақстанның ұлттық арнасын аймақ халқына көретіп беріңіздер,
-Және Баян Өлгей аймағына
Москва Алматы арқылы телефон, телеграф каналдарын ашып, халықаралық
қатынасқа кіргізіп беріңіздер,
-Сонымен қоса Қазақстанның барлық баспаларын, газет
журналдарын Ресейдің қос ағаш ауданы арқылы тегін жеткізіп беріңіздер,
-Тағы байланысшылардың маманын жетілдіруге, одан да басқа
қажетті аппараттарды беруді өтіндік. Сурақ жауаптар да аз болмады. Ақыры сөз
сөйлеген азаматтар шетінен ағынан жарылып, “Қара шаңырағым деп келсе”, “еншімді
алайын деп келсе” қалай құр қайтарамыз. Бірақ бұл сұрақтар Москва арқылы
шешіледі. Бүгін хат жазып таңертең Москваға техника жауаптанған бастықтың өзін
ұшырамыз. Және үлкен министірдің өзіне телефон арқылы таныстырамыз. Ал сіздер
бір апта Медеу қонақ үйіндде дем аласыздар, қала аралайсыздар дегенде Бауыржан
екеуіміз өзімізге өзіміз сенбей қалдық. Содан үзіліс болғанда жиналысқа
қатысқандар бірінен кейін бірі қайтадан сәлемдесіп, құшақтасып мәре сәре
болдықта қалдық. Осылай, “саған өтірік, маған шын”, бір де-бір тілегімізді
жерге қалдырған жоқ. Бәрін де орындауға
уәде берді. Тіпті басқа қандай салада қандай адамдармен кезіккіңіз келеді,
бәрімен жүздестіреміз деп қол-аяғымызды жерге тигізбей алып жүрді. Отаның,
туған елің бар деген қандай болатынын осы жерде көрдік.. .
С: -Бәрекелді! Басқа салаға да бет бұратын баспалдақ тапқан
екенсіз ғой.
-Дәл солай «бітер істің басына, жақсы келер қасыңа» дейді
ғой қазақ. Орысы бар, қазағы бар, барлығы да иман жүзді азаматтар екен.
Қолдарынан келгенін аяған жоқ.
Тағы бір
қызығы «Құдай берейін дегенде, желдеткіштен береді» дегендей ертеңінде Бауыржан
екеуіміз саябақты аралап, серуендеп жүрсек көз тартатын әсем коттежд үйдің
сыртында орта жастағы бір адам орындықта
кітап оқып отырғанын көріп, қазақ
екені сырт тұлғасынан, білімді адам екені шұқшия оқып отырған кітабынан байқап,
сәлем беруге бардық. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген ғой, таныса
келе Қазақстанның Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметұлы екенін білгенде төбеміз
көкке бір елі ғана жетпей қалды-ау!
Біздің Қазақcтанға келген шаруамыздан басталған әңгіме
қазақ деген ұлттың тағдырына, болашағына ұласып, төрт сағат еркін сыр
шертістік. Үйінде қонақ болдық, керемет құрметтеді. Мұндай шешен, білім,
парасатты адамды бұрын көрмеген сияқтымыз. Әңгіменің кетер аяқ, кетпен таяғында
Шәкең: -Халқым, ұлтым деп жүрген көзі ашық азаматтар екенсіңдер. Маған айтар,
тапсырарларың бар ма?-деді.
Қайдан қарап қалайық, қалай айтсақ деп отырған
тілегімізді ақтардық.
Аға, социалистік мемлекет тұрғысында екі елдің, соның
ішінде қарашаңырақтағы қандастарымызбен қарым-қатынасы жақсы еді. Алайда мына
«қайта құру» заманында Қазақстанмен байланыс мүлдем үзіліп қалды. Сізден
сұрайтынымыз Моңғолияның біраз қазақ баласын осында оқытып беруге
көмектессеңіз,- дедім.
Шәкең:
-Сонда қанша бала?-деді.
-Он бала десем, олқы болмас, жүз бала деуге аузым батпай
отыр,-дедім. Шәкең ойлы жүзбен маған қарап:
- Ұлтымыздың алыста жүрген, алтынның сынығындай бір
бөлегі сіздерге қол ұшымызды созбағанда,
кімге созбақпыз, тілектерің орындалып қалар. Үш күннен соң жауабын
берейін,-деді.
Ұзын сөздің
қысқасы айтқанындай Шәкең үш күннен соң оңтайлы жауап берді. Бұл іс те сәтіне
айналып, сол жылы Моңғолиядағы қазақтардың 100 баласы Қазақстанға келіп, тегін
оқып білім алатын болды. Бұл істі ары қарай аймақ әкімі Мизамхан Күнтуғанұлы
жалғастырды. Солардың бірі болып өз қызым
Айна муғалимдер жоғарғы мектебіне түсіп
бітірді. Сол Шәкеңмен келген сайын қауышып, ақыры аға іні боп кеттік. Өткен
жылы Шайсұлтан Шаяхметов тірі болса 85 жасқа толушы еді, енді менің қолымнан
келгені сол кісінің құрметіне арнап, өзім шығарып отырған Әлем Қазақтары
жұрналының бір санын арнадым, арнау, эссе, жыр толғаулар жаздым, қазақтың нар
тұлғасына иман тіледім.
С: -Бәрекелді! Сол
кезде бір оқпен екі қоян атқан екенсіз ғой.
- Хикая осымен біткен жоқ. Төртінші қоян тағы бар.
С: -Міне қызық, әңгімеңізді жалғастырыңыз.
-Бір кезде шекараласып жатсақ та, алып империялардың
айла-шарғысымен арамыз алыстап қалған ағайынмен қарым-қатынасымыз тек байланыс
саласындағы жақындықпен дамып кетпейтіні белгілі ғой. Сапарға шыққанда
көкейімізде көп идеялар болды. Солардың бірі Баян-Өлгий мен Қазақстан арасында
ұшақ қатынасын орнату еді. Осы жолымызда бұл идеяның да жүзеге асу сәті түсті.
Бұл мәселені шешсе, «Достық қоғамының» бастығы шешер деген үміпен осы мекеменің
бастығы Жібек Әмірхановаға бардық. Ол кісінің мықты азаматша екенін естуім бар еді. Министр дәрежесіндегі адам.
Қолынан іс келетінінен де хабардар едім. Жібек те шындығында жібек мінезді, әр
сөзінен ұлттық сананың лебі ескен, нағыз қазақ қызы екен. Бізді жылы шыраймен
қабылдады. Айран сұрай келіп,
шелегімізді жасыратын емес, қысылып-қымтырылсақ та тәуекелге көштік,
тілегімізді айттық. Бізді ертіп барған Байланыс министірлігінің орынбасар
Министірі Қазкен Базылов екеуі бұрыннан жақсы таныс екен, бізге жасайтын
көмектері жайлы ол кісі де келістіріп түсінік берді.
-Бұл ойламаған дүние екен. Бітсе, керемет болар еді.
Машақаты да аз емес шығар. Бар күшімді саламын. Егер мәселе шешіле қалса,
алыстағы ағайындармен қауышуға алғашқы ұшақпен өзім ұшып барар едім,- деп Жібек
бізді бір күлдіріп тастады. Бірақ бұл мәселені тағы Москва шешетінін айтып, “Бурандайдан”
арнайы адам ертіп өзім барам деді. Кешкісі қабылдау өткізді, барлығы өз әкең
үйінде жүргендей сезіле берді.
С: -Шынында сәтті сапар болған екен. Ақыр соңында осы тілектеріңіздің барлығы да
орындалған болды ғой?
-Дәл солай, ағайындардың берген жауаптарының бір де-бірі құрғақ
уәде болған жоқ. Барлығында айтқандарындай сол жылы орындады. 1990 жылдың
маусым айының 24 күні алғаш рет Қазақстанның ұлттық телеарнасының бағдарламасын
Өлгий қаласының тұрғындары көре бастады. Соңынан барлық сұмындар, тіпті тау
қойнауындағы малшы ауылдары күні бүгін көріп отыр.
1990 жылы тамыздың 26-сында Өлгий мен Алматы
аралығына телефоның 3, телеграфтың 1 каналы ашылып, халықаралық қатынасқа
тұнғыш рет қол жетті. Адамдар үйінде отырып Қазақстанға, және Алматы арқылы шет
мемлекетерге қалаған сағат, минутында сөйлесе алатын болды.
1990 жылы
10-қыркүйекте Қазақстанның қазақ тіліндегі негізгі газет, журналдыры
Ресейдің Қос-Ағаш ауданы арқылы Баян-Өлгийге
тегін жеткізіле бастады.
1990 жылы 23-қыркүйекте
Алматы әуе жайынан Қазақстан ұшағы Өлгий қаласына алғашқы қонды. Бұл рейс 2012
жылдың 26-желтоқсанына дейін аптасына бір рет тұрақты ұшып тұрды. Рейсті
тұрақты ұшырып тұруды Төлеубай Нығарбайұлы өз мойынына алды. Мұндай игілікті
істің басталғанына жаңадан тағайындалған аймақ әкімі Мизамқан Күнтуғанұлы
ерекше разы болды, Қазақстанмен Моңғолия қатнасын жақсартуға мұрындық болды,
Елбасы мен бес рет кезікті ғой. Жалпы шеттегі қазақтардың жүрегі Қазақстан деп
соғатын заманға осылай жеттік. Моңғолия қазақтарының қазақ еліне деген ниетін,
жүрегін әлемге танылған, Қазақтың маңдайына біткен алтынқызы Роза Рымбаевадан
артық айта алмаспын.
Екі ел арасындағы жан-жақты байланысты Қазақстан тәуелсіздік алған соң
аймақ басшылығы мықтап тұрып қолға алды. Әр саланың басшы азаматтры өз-өз
бағыттары бойынша етене араласып, қарашаңырақтың, ондағы ұлт жанды ағайындардың
шапағатын көрді.
С:-Сонда қара
шаңырағыңызды таптыңыз, еншіңізді алдыңыз, ал, Сіз қарымын қалай қайтардыңыз? -Бәрі кедейшіліктің
кесірі, жоқтық қол байлады ғой. Оның үстіне 1990-жылдардың басы ел экономикасы
тығырыққа тірелген ауыр болды. Сол кезде Қазақстаның Моңғолияға, соның ішінде
Баян Өлгейге берген көмегі ұшан теңіз. Аймақтың жылдық кірісіне тең келетін
қаржыны құйды ғой. Барымтасына қызыл тиын алмады. Берерімізде жоқ болды. Менің
қолымнан келгені жаны ашыған, қамқорлығына алғандардың барлығын шақыра бердім,
үйімнен дәм татқызып, шарқымша күткен болдым. Ал үкіметтен ақша шығарып, сыйлық
ұсынуға, құрмет көрсетуге болмайтын заман, егер ала жіп аттасаң сотталасың,
немесе наныңнан айрласың.
-Бүгін осы
жағдайды қалай елестетеспіз.
-Сол кездегі басшылықтағы адамдардың
көбісі о дүниеге аттанды, қалғандарына барып басымды исем, рахметімді айтып,
қазақ жосынымен шапан жапсам деп ойлаймын. Ағынан жарыла отырып әңгімелесуді,
өткендеріне иман тілеуді армандап жүрмін. Әсіресе алғаш ұшақ ұшырып берген
Жібек Әмірқанқызына рахметім шексіз. Құдай қаласа кезіксем деп ойлаймын. Осылай
қолға келген жетістіктің барлығы менің мықтылығымнан емес, адамдар дұрыс
түсінсе екен деп ойлаймын. Айналып келгенде қазақ елімнің болғанының, Еліміздің
тәуелсіздік алғанының арқасы екенін қайталай бергім келеді.
-Сол ұшақ 23жыл бойы ұшып тұрып тоқтап қалған екен. Енді
қайтадан ұшақ ұшыруға кірісіп жатыр деп естиміз, алда Астана, Алматыдан Баян
Өлгейге ұшақ ұша ма?
-Енді
менің қолымнан не келсін, бірақ Алматыдан Төлеубай Нығарбайұлы дәл осы шаруамен
әдейі келіп өзімізден шыққан үш депутатпен ақылдасты. Және белсенді депутат
Қазыбек Иса бұл мәселені Прьемер Министірге жеткізетінін айтты. Аймақ әкімі
Заңғарда ұшақ ұшыруға бастама көтерді. Сәтіне айналса аймақ халқы үшін екі
араға ұшақ ұшуы мүмкін, дәл ұшады деп айта алмаймын.
-Сіз Қалдарбек
Найманбаевты жақсы көресіз. Өзіңіз бастап шығарып отырған Әлем қазақтары
журналын сол кісінің атымен атадыңыз. Қалекең мен қашан таныс болдыңыз?
-Мен ең алғаш
тәуелсіздік алардан екі жыл бұрын Шайсұлтан Шаяхметов ағамен таныстым. Маған
Қалекеңді сол кісі таныстырды. Шеттегі қазақтарды жақсы білетін адам екен деп
түсінгем. Одан Президентпен бірге Улаанбаторға барғанында көрдім, бірге болдық.
Содан әңгіме арасында шеттегі қазақтардың басын қосатын жеке ұйым құруды
Нұрекең тапсырып еді. Егер солай жасасақ моңғолия қазақтары қалай қарайды-деді
Қалдарбек Найманбаев. Ішімізде Мизамхан Күнтуғанұлы, Мұрат Пұшатайұлы, Қасым
Сабырбайұлы тағы бірнеше адамдар болды. Сол жерде Қалекеңді жақсы танитындықтан
өте дұрыс, осы істің шашуы болсын деп қалтамнан ескілеу жүз долларды шығарып
үстелге қойдым. Қалекең де күліп, “ырымдап” аламыз деді. Ол кезде Қалдарбек
Қазақстан ЖО-ның Бастығы. Содан бастап тағдыр бірге жүруге жазыпты. ДЖҚҚ-ғы Моңғолия
қазақтарына етене жақын боп кетті.
C: Ал көш
қалай басталды, кімдер бастады.
-Көшті алғаш бастаған,
бастама көтерген адам Сағат Зақанқызы болатын. Жанында Аяатқан Тұрысбекұлы,
Сайт Зақанұлы болды. Жоғардағы біздің атқарған ісімізге қарағанда Сағат
Зақанқызының ерлігі, сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Осылардың бастамасымен
шетелдерде тұратын біржарым млн қандастар отанына оралды, олар өсіп саны бүгін
төрт млн-ға жетті. Келген қандастар аянбай еңбек етті, ел-экономикасын көтеруге
үлестерін қосты. Алыстан туыстардың келгеніне, бірігіп тірлік еткеніне, береке
бірлікте болғанына не жетсін!
С: -Атажұрттағы ағайындармен бүгінгі таңда мидай араласып
кеттік. Дегенмен көкейіңізде жүрген әттеген-ай бар ма?
-Қандастар қара шаңырағым деп
келді, ағайын туысымен қауышты, ұрпақтарының тағдырын шешті, үрейсіз өмір
сүрудің жолын ашты. Енді біздер келген ортаға сыйымды, беделді болсақ болды.
Әіресе береке бірлікте болып, мемлекет саясатын қолдау ғана емес, жүзеге
асыратын, іскер, жасампаз болуға ұмтылумыз керек. Бұл елдің жамалмаған жыртық,
тесігін бірігіп жамауымыз, орнын толтыруымыз керек. Біз елімізді сынау үшін
емес, бір кірпіші болып қаланайық, тәуелсіздігімізді баянды етейік, мәңгілік ел
болайық деп келдік. Келген қандастар осы ұстанымға берік екенін көрсетіп отыр.
Түгелдей үлгі көрсетіп, жемісті еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта тіпті жақсы
болары хақ..
С:- Бұл тарихи
жылдардың маңызын жете бағалай алмай, оның үстіне толық насихаттай алмай
келеміз. Моңғолия қазақтарының осы жылдары тарихта болмаған миллион қандастарды
қарашаңырақпен табыстырған «Ұлы көшті»
бастауының өзі неге тұрады. Сондықтан 35
жылдықты кең көлемде атап өтуіміз керек. Осы жағы ақсап тұр. Бір әттеген-ай
осы. Бұған ақпарат ұйымдары назар салары анық, жақсының жақсылығын, қолға
келген игілікті істерді кеңінен насихаттай жатар.
-«Алдыңда ағаң
болған қандай жақсы» дегендей қандас ағайнға арақа сүйеп, базынасын өткізіп
келе жатқан Моңғолия қазақтары қандай бақытты. Әңгіме соңында ағайндармен
қауышудың іші бауырыңызды елжіретер бір
сәтін еске алсаңыз.
-Екі жақ етене араласқан тұста әрбір
қазақ тебіреністі сәтерді басынан өткерген шығар. Мен өз басым 1993 жылы
Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Улаанбаатарға сапарнындағы
Президенттің көзіне жас алдырған әнші Меруеш қызымыздың аузымен жеткізген Баян-өлгийліктердің
сағынышты сәлемі (сөзін жазған ақын Шынай Рахметұлы) есімнен кетпейді. Сөз
құдіреті, сағыныш құдіреті, «әрбір қазақ менің жалғызым» деген осы болар.
-Әсерлі
әңгімеңізге көп рахмет!
Сұқбат
жүргізген Асылбек Байжұма