АСТАНА.11.05.2026.Munarmedia.kz —Жаңа саяси күштің пайда болуы – елдің саяси мәдениетінің дамуы жолындағы маңызды кезеңдердің бірі.
Мұндай сәтте тек эмоцияға немесе әлеуметтік желідегі дүрлікпе әңгімеге ермей, саяси ұйымның идеологиясына, мақсат-міндетіне, құрылымына, бағдарламасына және тұлғалардың білім деңгейіне, атқарған еңбегіне терең мән беру қажет деп санаймын.
Осы ретте, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында жаңа саяси партияның құрылуы заңды құбылыс екенін және қолдайтынымды ашық мәлімдеймін.
Бұл – қоғаммен мемлекетттің институционалдық дамуына жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Осы орайда бір мысал келтіргім келеді.
2022 жылғы 23 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақтың» құрылтай съезі өтті.
Оған шамамен 1450 адам қатысты. Соның ішінде 280-ге жуық студенттер мен еріктілер делегаттарды қарсы алу, логистиканы ұйымдастыру, қонақтарды шығарып салу, жол көрсету сынды ұйымдастырушылық жұмыстарымен айналысты.
Алайда олардың дауыс беру құқығы болған жоқ.
Ал 1100-ден астам адам Қазақстан әр өңірнен келген бастамашыл топтардың басшылары мен делегаттар болды.
Сол кезде де кейбір қарсы тараптар бізді «студенттерді жинап алды» деп айыптауға тырысқан еді. Бірақ бізге ақталудың қажеті болмады.
Өйткені барлық процесс ашық өтті. Сапалы бейнетүсірілім жүргізілді, тіркеу жүйесі айқын болды, делегаттар мен журналистердің қатысуымен толыққанды заңды съезд ұйымдастырылды.
Халық барлығын өз көзімен көрді.
Сондықтан бүгін мен «Әділет» жаңа саяси партиясының құрылу процессіне түсіністікпен қараймын. Мен олардың Жарғысымен, Бағдарламасымен және ұстанымдарымен таныстым. Партияның центристік әрі мемлекеттілік қағидаттарына негізделген бағытты таңдағаны байқалады.
Бұл қазіргі қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды ұстаным.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттілік идеологиясы ел дамуының негізгі тірегіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Егер партия дәл осындай бағытты ұстанса, бұл – маңызды саяси белгі.
Сондай-ақ олардың бағдарламасында барлық мәселені бірдей қамтуға деген ұмтылыс жоқ екеніне назар аудардым.
Мысалы, экологиялық күн тәртібі негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылмаған.
Бұл – қалыпты жағдай.
Партия құрылтайшылары елімізде экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен кәсіби түрде айналысатын жасылдар партиясы бар екенін түсінді деп ойлаймын.
Бұл шынайы саяси мәдениет қалыптасқандығының белгісі.
Әр партияның өз платформасы, бағыты және қоғам алдындағы жауапкершілігі болуы керек.
Өкінішке қарай, бұл мәселені басты назарға алмайтындар да бар.
Мәселен, Amanat партиясы өз қызметінде айқындалған мақсатына қарамастан, барлық саламен қатар айналысып келеді. Атап айтқанда, бұл партия ірі өнеркәсіп секторын, жер қойнауын пайдаланушыларды, мұнай компанияларын, сондай-ақ өз қызметін атқару барысында халықтың денсаулығы мен елдің экологиясына елеулі салдар туғызатын Қазақмыс, Қазцинк секілді кәсіпорындарды қолдай отырып, бір мезетте қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелерімен де айналысып кетеді.
Осы жерде елімізде дәл осы бағытта кәсіби түрде жұмыс істейтін жасылдар партиясы бар болса, онда бұл функцияны не үшін қайталау қажет деген заңды сұрақ туындайды.
Сондықтан мәселе ха әлеуметтік желідегі пікірталас немесе хайпта емес.
Негізгі мәселе – партиялар идеямен, кәсібилік, және нақты жұмыс барысында сапалы бәсекелестік қалыптастыра алама деген басты сұрақ тұр.
Мен бір партияның монополиясы әрдайым күрделі саяси, әлеуметтік-экономикалық салдарға алып келетінін айтып келемін.
Біз кезінде КОКП монополиясының қандай нәтижеге жеткізгенін жақсы білеміз.
Мен үшін маңызды саяси сигналдардың бірі – «Әділет» партиясының тізгінін Айбек Дәдебай ұстауы.
Бұл жаңа партия үшін үлкен саяси серпін әрі салмақты фактор.
Айбек Дәдебай – ұзақ жылдар бойы Президент Әкімшілігінің Басшысы қызметін атқарып, мемлекет басшысымен бірге жұмыс істеген тәжірибелі саяси тұлға.
Жаңа партияның, жаңа саяси күштің болашағы зор екені анық. Кез келген партияның тұрақтылығы ең алдымен оның жүйелі, кәсіби және саяси саналы, білімді һәм білікті көшбасшысына байланысты екені хақ.
Жаңа партияның құрылуы – Президент жүргізіп отырған саяси реформалардың нақты жүзеге асуының белгісі.
Біз бұл саясатты толық қолдаймыз.
Азаматхан Әміртай,
Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы