АСТАНА. 12.05.2026. Munarmedia.kz – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі заңбұзушылықтарға қарсы күрес күшейеді. Бұл туралы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Гүлмира Сабденбек қызметке кіріскеннен кейінгі алғашқы ауқымды сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы жалған тіркеулер, көрсетілмеген қызметтерді рәсімдеу және қаржы жымқыру фактілеріне қарсы қолға алынған шаралар кейбір медициналық ұйымдардың қарсылығын туғызуда.
— Қарсылық бар және бұл — заңды құбылыс. Егер қарсылық болмағанда, онда біздің дұрыс бағытта жұмыс істемей жатқанымызды, тек сыртқы косметикалық өзгерістермен шектелгенімізді білдірер еді. Бұрын нарықта адал емес тәсілдермен жұмыс істеу тиімді болды. Мұндай жүйеге үйреніп қалған және табыс көзінен айырылып жатқан клиникалардың қарсы тұруы табиғи нәрсе, — деді қор басшысы.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар айында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің басқаруына өткен болатын. Осыдан кейін қорды Гүлмира Сабденбек басқарды.
Соңғы жылдары МӘМС жүйесіне қатысты қоғамда сын көбейген. Атап айтқанда, емханалардағы жалған есептер, көрсетілмеген қызметтердің тіркелуі, клиникалар жұмысына қатысты шағымдар мен пациенттердің наразылығы жиілеген. Кейбір фактілер бойынша қылмыстық істер де қозғалған.
Сұхбат барысында қор төрайымы азаматтардың неге жүйенің өз пайдасына жұмыс істеп жатқанын сезінбейтінін де түсіндірді. Оның сөзінше, басты мәселе — қаржының ашық әрі әділ бөлінбеуі мен бақылаудың әлсіздігі болған.
Сонымен қатар ол қазіргі өзгерістер уақытша науқан емес екенін айтып, заңсыз әрекеттерге қатысы бар ұйымдарға ескерту жасады.
— «Тыныш қана күтіп өтеміз» деп ойлайтындарға айтарым — бұрынғыдай жұмыс істеу кезеңі аяқталды. Жүйе кезең-кезеңімен ашық әрі әділ модельге көшеді, — деді ол.