Munarmedia.kz 28.01.2026 /Астана/- Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық тепе-теңдікті сақтау – қазіргі кезеңдегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Су ресурстарының тапшылығы мен климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында бұл мәселе Қазақстан үшін экологиялық қана емес, әлеуметтік-экономикалық әрі ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан стратегиялық маңызға ие болып отыр. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отырған саясаты мен көтеріп жүрген бастамалары ерекше назар аударуға лайық. Президент Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Арал теңізінің тағдырына арнайы тоқталып, бұл проблеманың тек Қазақстан үшін емес, бүкіл адамзат үшін ортақ экологиялық мәселе екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі әрі мақсатты шаралардың нәтижесінде Солтүстік Аралды сақтап қалуға нақты мүмкіндік туды. Бұл – еліміздің экология саласындағы ең ірі әрі маңызды жетістіктерінің бірі. Қазіргі таңда Кіші Аралдың су деңгейі біртіндеп көтеріліп, өңірдегі экологиялық ахуалдың оң бағытта өзгере бастағаны байқалады. Балық шаруашылығы қайта жанданып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына оң ықпал етуде. Сонымен қатар Көкарал бөгетін биіктету жобасының іске асырылуы теңіздің әрі қарай қалпына келуіне бағытталған маңызды стратегиялық қадам болып табылады. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдің табиғи тепе-теңдігі сақталып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны да арта түспек. Алайда су ресурстары мәселесі бір мемлекеттің күшімен ғана шешілетін мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің едәуір бөлігі көршілес мемлекеттердің аумағынан бастау алады. Осыған байланысты Сырдария, Ертіс, Іле секілді трансшекаралық өзендердің болашағы тікелей халықаралық келіссөздер мен өзара түсіністікке тәуелді. Бұл ретте Президент су ресурстарын бірлесіп әрі әділ пайдалану қажеттігін ерекше атап өтіп, көршілес елдермен өзара тиімді және ұзақмерзімді келісімдерге келудің маңыздылығын алға тартып келеді. Арал теңізіне келетін судың көлемі де жоғары ағыста орналасқан мемлекеттердің су саясатына байланысты. Сондықтан Аралмен қатар Каспий теңізі, Балқаш көлі мен Ертіс өзенінің экологиялық болашағы да халықаралық ынтымақтастықсыз шешілмейді. Осы бағытта Қазақстан конструктивті диалогты дамытуға және ортақ мүддеге негізделген нақты шешімдер қабылдауға ұмтылып отыр. Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы да су қауіпсіздігін жаһандық деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып саналады. Алдағы уақытта Астана қаласында өтетін Халықаралық экология саммитінде Арал мәселесі кеңінен талқыланып, нақты ұсыныстар мен пәрменді шешімдер қабылданады деп күтілуде. Аталған бастамалардың барлығын «Байтақ» жасылдар партиясы толықтай қолдайды. Партия экологияны қорғау, су ресурстарын сақтау және оларды тиімді пайдалану мәселелерін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. Партия өкілдері Парламент қабырғасында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, табиғи байлықтарды қорғауға және экологиялық заңнаманы жетілдіруге бағытталған бастамаларды ілгерілетуді көздейді. Су – тіршіліктің көзі ғана емес, стратегиялық маңызы бар ұлттық ресурс. Оны қорғау – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Табиғатқа жауапкершілікпен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы ғана біз болашақ ұрпаққа қауіпсіз әрі таза өмір сүру ортасын қалдыра аламыз.
Азаматхан Әміртаев, Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы, "Құрмет" орденінің иегері