Munarmedia.kz 28.01.2026 /Астана/ Еуропалық одақ Мәскеумен энергетикалық байланыстарды үзу бағытындағы келесі қадамын әзірлеуде. Бұл жолы әңгіме ядролық отын саласына қатысты. Еуропалық комиссия RePowerEU саясатын іске асыру аясында Ресейден ЕО елдеріне ядролық отын импорттауға толық тыйым салу туралы шешім дайындап жатыр.
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл туралы Еурокомиссияның ресми өкілі Ана-Кайса Итконен хабарлаған.
Оның айтуынша, ядролық энергетика мен ядролық отын мәселелері күрделі болғанымен, Еурокомиссия бұл бағытта нақты шешім әзірлеу жұмысын бастап кеткен.
«Ядролық энергетика мен ядролық өнімдерге келсек, біз бұл мәселенің әлдеқайда күрделі екенін айтқанбыз. Дегенмен, ол қазір дайындық кезеңінде тұр. Нақты мерзімін айта алмаймын, бірақ тиісті уақытта ұсынылады деп үміттенемін», — деді Ана-Кайса Итконен.
Сондай-ақ ол Еурокомиссияның басты мақсаты — RePowerEU саясатын толық аяқтау екенін атап өтті. Аталған саясат Еуроодақ нарығынан Ресейдің барлық энергетикалық ресурстарын, соның ішінде ядролық энергетиканы да, толықтай шығарып тастауды көздейді.
Евростаттың деректеріне сәйкес, 2025 жылы Ресейден Еуроодаққа жеткізілген уран көлемі 25 пайызға, ал АҚШ-қа жеткізілімдер шамамен 50 пайызға артқан.
Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ЕО Ресейден сатып алынған ядролық шикізат көлемін 180,9 миллион еуроға дейін ұлғайтқан. Осылайша, Ресей Еуропаға уран экспорттайтын елдер арасында Канаданы басып озып, бесінші орынға шықты. 2025 жылы ресейлік уранның үлесі жылдық есепте екі пайыздық тармаққа өсіп, ЕО-дағы барлық жеткізілімдердің 7,5 пайызына жеткен.
Айта кетейік, бұған дейін Еуроодақ 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейдің сұйытылған табиғи газын (СПГ) импорттауға толық тыйым салуды, ал 2027 жылдың 30 қыркүйегінен бастап құбыр арқылы жеткізілетін газдан бас тартуды мақұлдаған болатын. Алайда Венгрия мен Словакия бұл шешім ресми түрде күшіне енген сәттен бастап, оны сот тәртібімен даулауға ниетті екендерін мәлімдеді.