Munarmedia.kz 26.04.2026 /Astana/ –Абай облысында «Агробизнес» бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқыру фактісі әшкереленді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, «Агробизнес» бағдарламасы фермерлерді қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын дамыту үшін жеңілдетілген несие беру көзделген.
Алайда «Ықыбай» шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттар ұсынып, 250 млн теңгеден астам сомаға екі ірі несие алған. Қаражат ірі қара мал сатып алуға бөлінгенімен, іс жүзінде жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
💰 Мемлекетке келтірілген шығын 211 млн теңге деп бағаланды. Тергеу барысында бұл қаражат толық өтелгені хабарланды.
Күдіктіге қатысты тергеу кезінде елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар агробизнесті мемлекеттік қолдау тетіктеріне деген сенімді төмендетеді. Соның салдарынан адал фермерлер қаржыландырудан қағылуы мүмкін, бұл өз кезегінде саланың тұрақтылығы мен жалпы экономикаға кері әсер етеді.
📌 Айта кетейік, биыл наурыз айында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерікті түрде тартуды ұсынған болатын.
Құжатқа сәйкес, тұрғындар қаржылық қылмыстардың алдын алу жұмыстарына жеке немесе ұжымдық түрде қатыса алады. Бұл ретте олардың қатысуы мемлекеттік органмен еңбек немесе қызметтік қатынастардың туындауын білдірмейді.
Дереккөз: BES.media
#Қазақстан #Абайоблысы #АФМ #қылмыс #агробизнес #фермер #қаржы #экономика