Munarmedia.kz 26.04.2026 /Astana/ – Орталық Азияда су ресурстарын пайдалану тиімділігі төмен болып отыр: кей жағдайда судың 40%-ына дейінгі бөлігі ғана ауыл шаруашылығына нақты пайда әкеледі. Бұл туралы Дүниежүзілік банк өкілі Дмитрий Петрин мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, өңірде суды тасымалдаудың орташа тиімділігі шамамен 60% болса, егістікте пайдалану тиімділігі де осы деңгейден аспайды. Соның салдарынан жиынтық есепте судың тек 40%-ы ғана ауыл шаруашылығында нақты нәтижеге жұмыс істейді.
💧 Негізгі мәселе – су тасымалдау кезіндегі шығындар мен егістіктегі тиімсіз пайдалану. Бұл жағдайды инфрақұрылымды жаңғырту арқылы түзетуге болады. Мәселен, ирригациялық жүйелерді жетілдіру арқылы тиімділікті әлемдік деңгейге, яғни шамамен 90%-ға дейін арттыру мүмкін.
Қазіргі таңда Қазақстанда ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға бағытталған 10 жылдық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Оны Дүниежүзілік банк және басқа да халықаралық донорлар қолдауға дайын.
Сонымен қатар өңірде трансшекаралық су ресурстарын басқару тетіктері бар. Атап айтқанда, Сырдария бассейні бойынша су бөлу үйлестіріледі, сондай-ақ ведомствоаралық комиссиялар, соның ішінде Шу-Талас бассейні арқылы жұмыс жүргізіледі. Дегенмен, сарапшы бұл тетіктердің әлі де жеткілікті деңгейде жүйеленбегенін атап өтті.
📉 Мәселенің ушығуына бірнеше фактор әсер етуде:
– инфрақұрылымның тозуы (көптеген каналдар кеңестік кезеңде салынған);
– климаттың өзгеруі (буланудың артуы);
– суға сұраныстың өсуі (халық саны мен экономиканың артуы).
🌍 Сарапшының пікірінше, су ресурстарына ең тәуелді елдер – Қазақстан мен Өзбекстан. Өйткені бұл елдерде ауыл шаруашылығының 80%-ға жуығы суармалы егіншілікке негізделген.
Судың жетіспеушілігі ауыл шаруашылығына ғана емес, әлеуметтік жағдайға да айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
«Бұл – бір елдің ғана мәселесі емес. Орталық Азия – су ресурстары бойынша өзара тығыз байланысты өңір. Экономикалық мүдделердің тоғысуы соншалық, бұл процестен ешкім жеке дара ұта алмайды», – деді Дмитрий Петрин.
📌 Айта кетейік, 2025 жылдың сәуірінде Қазақстанда жаңа Су кодексі қабылданды. Құжат су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және саладағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Сондай-ақ 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жоспары аясында 42 жаңа су қоймасын салу, 37 гидротехникалық нысанды жаңғырту және шамамен 14 мың шақырым ирригациялық каналдарды салу және қайта жаңарту көзделген.
Дереккөз: BES.media
#Қазақстан #ОрталықАзия #су #экология #ауылшаруашылығы #ирригация #ДүниежүзілікБанк #экономика #климат