Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

А.Байжұмаұлы. Қазақстанға АЭС керек емес!..

458


 

Соңғы кезде АЭС мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Расында мемлекет пен оның қауіпсіздігіне қатысты саяси шешімді билік халықтың өзіне берді. Теріс таңдау жасасаң «өз обалың, өзіңде!» дегендей...

Алайда, АЭС пен энергетика саласынан еш хабарсыз әнші де, ақын да популистерде осы тақырыпты мүжіп, бет-бедел жинаудың құралына айналдырды. Оны тереңінен зерттеп, дұрысы мен бұрысын нақтылап халыққа түсіндіріп берген бір ғалым жоқ.

Елге танымал Мэлс Елеусізов сияқты ғалымдарды тыңдамай, үнін өшіруге тырысудамыз.

Сонымен мен өзімнің зерттеген, түсінгендерімді үшбу хат етіп, сіздерге ұсынайын. Тиісті қорытындыны өздерініз шығарасыздар деген ойдамын. Алдымен АЭС-тің құрылу тарихына тоқталсақ:

Ең алғаш ядролық технология 1940 жылы әзірленді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бомбалар жасау үшін әзірленген технология 1950 жылдары бейбіт мақсатта яғни электрэнергиясын өндіруге қолданылды.

Алғашқы АЭС 1954 жылы 27 маусымда  Ресейдің Калужск облысының Обнинск қаласында іске қосылды. Оның қуаттылығы 5 мегаватты құрады.

Қазір бұл Обнинскідегі АЭС тоқтатылып, мұражайға айналған. 1956 жылы Ұлыбританияда, 1958 және 1960 жылдары АҚШ-та, 1973 жылы Қазақ ССР қарасты  Маңғыстау облысында  «Шевченковская АЭС» салынды.

WNA мәліметіне сүйенсек, әлемнің 31 мемлекетінде 439 жұмыс істеп тұрған атом реакторлары бар. Бұл реакторлар дүниежүзі тұтынатын электрэнергияның  9 пайызын ғана береді.

2023 электроэнергия өндіретін АЭС үлесі бойынша Словакия - 61,3,  Венгрия - 48,8, Финляндия - 42, Бельгия - 41,2, Болгария - 40,4, Чехия - 40 пайыз елдің электрэнергияға сұранысын өтеді деген мәлімет бар.

Жасыл экологияны қолдайтын Швецария мен Швеция елдерінде атом энергетикасының үлесі 28,6 болса, мұнай өндіруші елдерге жататын Біріккен Сауд Арабиясы  мен АҚШ та 18,6 пайызды ғана құрайды.

Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған ато реакторланың 94-АҚШ-та, 56-дан Қытай мен Францияда, Ресей мен Жапонияда -36, Оңтүстік Кореяда -26, Үндістанда -23, Канадада -19, Украинада -15, Ұлыбританияда -9 болса, Испанияда 7, Чехия, Пәкістан, Швецияда -6-дан, Бельгия, Финляндия, Словакияда бестен, БАЭ -4, Аргентинада 3,  Бразилия, Болгария, Мексика, Румыния, ОАР мен  Беларуссияда екі реактордан және  -Словения, Армения, Нидерланды, Иранда бірден орналасқан.

2023 жылы Германия атом электростанциясынан толық бас тартты. Өткен жылдың 15 сәуірінде Бавариядағы «Isar 2», төмеңгі Саксониядағы  «Emsland»,  Баден-Вюртембертегі  «Neckarwestheim 2» АЭС толық тоқтатылды.

Ядролық технологияның даму тарихында орын алған ең сұмдық жағдай Нагасаки және Хиросимо қалаларына жасалған ядролық  соққы еді.

Сонымен, 1945 жылы тамыз айының алтыншы жұлдызында АҚШ ұшқышы Томас Фереби басқарған «Энола Гей» атты Б-29 әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші «Малыш» атты атом бомбасын тастады.

Жарылыстан қаланың елеулі бөлігі қирап, 140 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты, 35000 адам ауыр жарақаттанды, 60000 адам 1945 жылдың соңына дейін ядролық сәуле зардаптарынан көз жұмды. 1945 жылы 9 тамызда Нагасаки қаласына екінші атом бомбасы тасталды.

Оның жарылысынан қаланың бөлігі қирап, 75 мыңдай адам қаза тапты, жараланды.

 

1949 жылдан бері Қазақстанның Семей полигонында 500-ден астам атом бомбасын жарып, адамзаттың денсаулығы мен экологияға келтірген шығынды ешкім есептеп жатқан жоқ. 73 жыл бұрын, 1949 жылдың 29 тамызында Қазақ жерінде, Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жүргізіліп, плутоний заряды жарылды. Бұл КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасының сынақтан өткізілуі болатын. Таңғы сағат жетіде жерге түскен бомба отты шарға айналып, бір сәтте жердің күлін көкке ұшырған болатын.

Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Осы аумақта тұратын қазақ «сынақ қояндарына» айналды.

Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілген. Айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жетті. Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, сол сынақтардың 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Олардың 296-сы  Дегелең тауының астында жасалған.

1961-1962 жылдардың ішінде тағы 68 жарылыс болған. Олардың 53-і ашық ауада сыналғаны тарихтан белгілі.

Белгілі зерттеуші-журналист, жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты кітабында қазақ даласына қасірет шектіріп, мыңдаған адамның өмірін жалмаған сол атом бомбалаланының құрылымын былай көрсеткен: Ажал құрылғысының негізгі көзі тротил қоспасы мен гексогеннің өзара қатынасын тең яғни 1:1 мөлшерінде етіп есептеп сырттан қуат беріп тітіркендіреді.

Сол тітіркенудің жылдамдығын секундына 7650 метрге жеткізгенде атом ядросы тізбекті реакцияға түседі екен. Отыз екі түрлі нүктеден бір мезетте атқылап шыққан заряд тізбекті реакция тудырып, ғаламат атомдық жарылыс тудырады. Бір килограмм радийдің ыдырау реакциясы толық аяқталу үшін 1590 жыл кеерк екен. Тек содан кейін ғана салмағы 0,5 кг қорғасынға айналып тыныш табады.

Ал атом бомбасының тағы бір көзі 1 кг уран 22900 киловатт қуат бөледі екен. Бұларды бейбіт мақсатқа жұмсамаса, жанды-жансыз дүниені әп-сәтте-ақ күлге, тозаңға айналдырады.

Семей жерінде 50 жыл бойы ажал сепкен 470 (кей деректерде 498 ядролық сынақ өткен) дүркін жарылыстан – 2500 мегатонна энергия бөлінген.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Жапонияның жеріндегі жарылыста 30 мегатонна, ал Чернобыльдан 100 мегатонна қуат бөлінген екен. Осының өзінен-ақ Семей даласының қандай қасірет шеккенін бағамдауға болады. Мыңдаған адамның өмірін жалмады.

Ол ажал әлі де басылған жоқ. Артында мыңдаған жылдарға созылатын қасірет қалдырып кетті» делінген.

Сонымен Қазақстанға атом энергетикасын дамыту неге қажет емес? Соған тоқталайық.

 БҰҰ 1957 жылы АҚШ президенті Д.Эйзенхауэрдің «Атом әлем үшін» баяндамасынан кейін, Атом энергетикасы бойынша халықаралық Агенттігін (МАГАТЭ) құрды. Халықаралық резолюция қабылданды. Резолюцияда «атом энергетикасын қолданатын әр мемлекет өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етеді» делінген. Демек, атом реакторларын салған елдерді ешкім қорғамайды.

1986 жылы Украинаның Чернобыль қаласындағы АЭС жарылуы реактор конструкцияларының дұрыс салынбағаны және мамандардың жетіспеуі салдарынан орын алды.

Авариядан кейін КСРО төрт жыл бойы оның зардаптары мен залалын өз қолдарымен тазалаумен өтті. Ешкім көмектескен жоқ. Авария салдарына табиғатқа, адамзатқа келген зияны өлшеусіз.

2011 жылы наурызда Жапонияда 9 баллдық жер сілкінісі нәтижесінде «Фукусимо-1» АЭС бүлінді. Бұл сыртқа қуатты радиоактивті материалдарды шығарған Чернобыльден кейін үлкен апаттардың бірі саналады. Он мыңдаған адам құтқарылып, МАГАТЭ ұйымдары талдау, зерттеу жұмыстарына көмектесті.

Сонымен бірге Австрия, Бельгия, Германия, Испания, Италия, Тайвань, Швецария елдері АЭС бас тартты. АҚШ соңғы он жылда 12 атом реакторларының жұмысын тоқтатты. Франциядағы «Фламанавиль-3» АЭС құрылысы 12 жыл бойы бітпей келеді. Оған Франция қосымша 10 миллиард евро бөлуге мәжбүр болып отыр.

Ертең Қазақстандағы 15 миллиард долларға келісілген АЭС –тың бағасы өсіп, қосымша қаржы талап етсе не істейміз? АЭС салу мемлекеттің субсидиясынсыз жүзеге аспайтыны белгілі.

Ұлыбритания мен Финляндияда да АЭС ұстап тұру бағасы шарықтап кетті. Қазіргі Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан Еуропа елдері Ресейден уран алуды азайта бастады.

Бұл әлемде  уран бағасының өсуіне әкеледі. Иә, біз уран өндіреміз. Бірақ оны өңдей алмаймыз. АЭС салғанша уран өңдейтін, мұнай өңдейтін, көмір технологиясын жаңалап, экологиялық қауіпсіз энергия  өңдейтін зауыттар салмай ма?  Баламалы электроэнергия алу жолдаырн дамытпай ма? Әлемді шулатып миллиардтаған доллар шашып өткізген «EXPO» қайда қалды?

Әлемді автокөлік өнімдерімен қамтамасыз етіп жатқан  Германия неге АЭС –тен бас тартты. Оларда электроэнергия дефициті жоқ па? Бар. Бірақ олар мемлекеттің болашағын алдын-ала ойлап, баламалы энергия көздерін пайдалануға және дамытуға бар күшін салуда.

Қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдайда уран, газ, мұнай т.б өнімдердің бағасын мәіңгілік тұрақты болады дегенгеешкім кепілдік бере алмайды. Ертең не боларын білмейміз. Сонымен  атомды қолдаушылар «АЭС қажеттілігін алда болатын электроэнергетика дефицитімен және көмірден қарағанда экологияға әкелетін зардабының аздығымен, жел күн энергиясының құралдарынан қарағанда тұрақты жұмыс істейді және біз әлемдегі уран өндіретін жетекші ел ретінде атом энергетикасын дамыту үшін қажет» дейді. Құп делік.

Бұл туралы мамандар не дейді? KEGOC компаниясының экс басшысы Әсет Наурызбаевтың пікіріне сүйенсек, «Бізде электрэнергияға дефицит қазірде бар. Біз жетпеген электрэнергиясын Ресейден аламыз. Дефицитті Қазақстанның энергетика министрлігі қолдан жасап отыр. Бізде біраз уақыттан бері баламалы энергияны пайдаланатын электр станцияларын салуға арналған аукциондар тетігі бар.

Бұл механизмнің сәтті болғаны сонша, 6 жыл ішінде осы аукциондар арқылы ұсынылған электр энергиясының бағасы үш есеге арзандады. Бүгінгі таңда республикадағы ең арзан электр энергиясы жаңа электр станцияларынан жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз етіледі.

Соңғы аукционда жел электр станцияларынан алынатын электр энергиясының құны 1 кВт/сағ үшін 10,5 теңгеден төмен болды. Салыстыру үшін айта кетейік, ескі көмірмен жұмыс істейтін электр стансасы-2 1 кВт/сағ 13 теңгеден жоғары бағамен сатылады.

Яғни, ескі көмір өндірудің өзі жаңартылатын жаңа буынға қарағанда қымбатырақ. Жаңартылатын энергия көздеріне негізделген станцияны салу үшін екі жыл немесе одан да аз уақыт қажет.

Қаласақ, аукциондарды жеткілікті мөлшерде өткізсек, алдағы 2-3-4 жылда барлық қажеттіліктерімізді жауып, электр қуатының тапшылығын жоя аламыз. Демек, болашақта электр энергиясы тапшылығы болады деген тезис тек Энергетика министрлігінің бейресми әрекеттерінен туындап, аукциондарды көбейтудің орнына оны тежеп отыр.

Тиісінше, біз жаңартылатын энергияны алудың орнына Ресейден сатып алып, тапшылықта отырамыз. Бұл министрлік қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің төмендігінің салдары.

 Атом электр станциясы жаңартылатын электр станциясына қарағанда сенімдірек деген мәлімдемелер өтірік. МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) деректеріне қарасаңыз, ресейлік энергетиктердің соңғы жобасы – Беларусь атом электр станциясы – шамамен жартылай жұмыс істейді. Мұндай көрсеткіштермен қандай сенімділік туралы айтуға болады? Бірақ американдық зауытты алсақ та, АҚШ-тағы атом электр станциялары уақыттың орташа есеппен 92% жұмыс істейтінін білеміз. Яғни, 8% уақыт станциясы жоқ және оны басқа көздерден ауыстыру керек.

 Росатом салып жатқан екі блокты атом электр станциясының қуаты 2400 МВт (әр блок үшін 1200 МВт). Сонымен, егер мұндай станция сәтсіз болса, оны тез ауыстыру қиын болады.

Бұл тұтынушылардың көп бөлігі жарықсыз қалады деген сөз. 2022 жылы Орталық Азияның үш елі (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан) бір уақытта жарықсыз қалған апатты еске түсіріңізші? Содан кейін шамамен осындай қуат блогына тең қуат энергетикалық сақинадан шықты - яғни 1200 МВт. Бұл атом электр станциясының бір блогы істен шыққан жағдайда болады.

 Олар Қазақстанда салғысы келетін атом электр станциясы жылына 15 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіруді жоспарлап отыр.

Осылайша, атом электр станциялары мен жаңартылатын энергия көздерінің бағасының айырмашылығы 45 теңгені құрайды. Өндірілген электр энергиясының көлемін айырмашылыққа көбейтсек, біз жыл сайын АЭС-тен алған электр энергиясы үшін артық төлейтін 675 миллиард теңге (шамамен 1,5 миллиард доллар)зиян шегеміз.  

Яғни, қазақстандықтар жыл сайын электр энергиясы үшін 30 мыңнан астам теңге артық төлейтін болады» дейді сарапшы.

 Германия не үшін АЭС-нан бас  тартты?

Әлемде бірде-бір ел АЭС қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. АЭС-ке соғыс жағдайында, табиғи апаттарда зиян келуі мүмкін. Ол шығаратын радиоактивті қалдықтарды көметін жер жоқ.

 Ал бұл радиоактивті зиянды қалдықтар алдағы 30 мың жыл бойы біздің ұрпағымызға зиянын тигізеді. Қазақстанға АЭС салуға әлі ерте. Себебі, бірінші базалық дайындық жоқ. Екінші, мамандар жоқ. Он жыл бойы салып, қырық жыл пайдаланып, он жыл бойы бұзатын АЭС кімге керек? Ал бұзылған АЭС қалдықтарын қайда апарады? Бұл жағына атом энергетикасын қолдаушылар бас қатырып жатқан жоқ. Өйткені ол кезде олар тірі болса Дубайдав сатып алған пәтерлерінде немесе АЭС бас тартқан елдерде жүреді.

Біз КСРО-ның кесірінен Арал теңізінен айырылдық. Енді біз Балқаш көлін құртсақ, ұрпақтың бетіне қалай қараймыз. АЭС салуды қолдаушылар неге Балқаш көлінен 50 шақырым алыста салуды құптамайды. Неліктен тікелей Балқашқа іргелес салу керек болып тұр. Себебі АЭС реакторларын суытып отыру үшін үлкен көлемде су қажет. Ол қызып кетсе жарылып кетуі мүмкін. Ал суытуға пайдаланған су қайта Балқашқа құйылады.

Қазіргі таңда әлемнің климаты ауысып, өзгеріске ұшырауда. АЭС күн қатты ысығанда үнемі суытып отыруды қажет етеді. Ал оған орасан зор көлемдегі су қажет. АЭС қолдаушылар Балқаш көлінің тағдыры мен Қарағанды, Жезқазған өңіріндегі халықтың болашағын ойлады ма екен? Егер құдай сақтасын, АЭС жарылса бұл арты жазылмас жараға айналатын қасірет екенін білесіздер ме? Өздеріңіз ойлап көріңіздерші.

 Балқаштан айырылсақ, Қазақстан мәңгілік суға тәуелді ел болып қалмай ма? Онсызда мамандар алдағы онджылдықта Орталық Азияда суға байланысты кикілжіндер туындауы мүмкін деп отыр. Жақында Мәжіліс депутаты 2023 жылға қарай елде соғыс болу қаупі бар деп тегін айтты ма? Одан қорғаныс саласын күшейтейік дегені естеріңізде шығар? Ал су  мәселесінің алдын-алу үшін су және ирригация атты министрлігін құрған жоқ па?

Алайда бұл министрліктен пайда шамалы болып отыр. Қарғын суды сақтау және пайдалану технологиясын әлі ойлап тапқан жоқ. Келесі көктемдегі су тасқынында не істер екен? Ал біздің аты дардай, заты жоқ Ғылым Академиясы қайда? Ғалымдар қайда? Бізде атом, энгергетика, физика саласының емес әдебиет, тарих, философия саласының ғалымдары көп. Сондықтан да біздегі энергетика, технология саласы дамымайды.

Онымен айналысып отырған Нұрбек Саясат мырзаның жұмысына «екі» деген баға қоя салу керек. Қазіргі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің кімнің құдасы екенін білсеңіздер, желдің қай жақтан соғып тұрғанын білер едіңіздер.

Президентте барлық жағдайды түсіне отырып, әдейі референдум жасатып отыр. Демек, бұл мәселеде Ресей тарапынан қысымдар болуы мүмкін. Әсет Наурызбаевтың айтуынша, «Көкшетау, Семей, Өскемендегі ТЭЦ-терді салу кімге бұйырған? «Интер РАО» сауда ұйымы. Ешқандай тендерсіз берілген ТЭЦ құрылысын қазақстандық компанияларда сала алар еді ғой. Ең қызығы Ресейлік компанияға осы үш ТЭЦ салу үшін қосымша 100 миллиард тенге бөлген».

Не үшін? Иа, болашақта энергия дефициті орын алуы мүмкін. Алайда оны мемлекет пен оның халқына орасан зор қасірет әкелетін АЭС пен емес балаламалы энергия көздерін (жел, су т.б) дамыту жолына көшкенді қолдаймыз. Ол арзан әрі бар –жоғы 3-4 жылда салынады. Жақында Қытай елі күн сәулесі батареяларымен бүкіл бір тауды орап тастады. Нәтижесінде бірнеше қала электроэнергиямен қамтылып отыр. Сингапур мемлекеті қоқыстан электроэнергия алып отыр. Іздесе қаншама мемлекет баламалы электр энергия көздерін пайдаланып, ғасырлар бойы өмір сүріп келеді. Ол жылдан-жылға дамып өзгеруде.

Президенттің де бірден шешім қабылдамай, халықтың өзіне шешуіне мүмкіндік беруі тегін емес. Себебі бұл тарихи шешім қате болса, халық өзі кінәлі болады.

Біз ұрпақ үшін өмір сүреміз. Олардың ас, су, киім-кешегі, оқу, білімі, тойы, үйі, көлігі, жұмысы деп шапқылап жүреміз. Алайда олар болашақта қандай қоғамда өмір сүреді? Жылуы, суы, электроэнергиясы бола ма?

Қауіпсіздігі қандай деңгейде болады?- деген глобальды мәселеге бас ауыртпаймыз. АЭС-ті миллиардтаған долларға салып, ертең оны біреу жарып кете ме? Жер сілкінбесе екен? Су тасқыны болмаса екен деп қорқынышпен өмір сүрсек сол киім-кешек, азық-түлік, оқу, білім әдірем, қалмай ма? Ертеңгі ұрпаққа не де жауап береміз?

 Әлемжелі мен телевизордан тсүпейтін популистер елдің ертеңін болжап білетін бақсы емес. Олар да қателеседі.

 Сондықтан да қоғам алдағы қазанның 6 –сы күні, ойланып, толғанып барып дауыс бергені дұрыс деп есептеймін.

 Ел ертеңі сіздердің қолдарыңызда!

Бүгін немқұрайлы қарасаңыз, ертең соның зардабын ұрпағыңыз тартатынын ұмытпаңыздар.

 

Асылбек Байжұмаұлы

саясаттанушы, журналист