... Барлық жақтан су ағыла бастады: аспаннан да, жерден де.Арыны қатты ағын сулар алдындағының бәрін қаңбақтай
домалатып, таулардың етегіне дейін жетті. Топан су келді.
Адамдар мен жануарлар, дала мен ойпат – бәрі су астында қалып, жоғалып кетті.
Аңыз бойынша, сол заманда Алтай мен
Алатау тауларының
арасын алып жатқан шексіз суда мұхиттың тереңінде ғана кездесетін үлкен киттер
жүзіп жүрген деседі. Құстар
демалатын жер таппай шаршап, суға құлап, қырылып қалған деседі. Жер бетінде тек
толқындар қалған: олар асау арғымақтардай аспанға атылып, қаһарланып, биікке
көтеріледі. Сол толқындар арасында Алтай мен Алатау шыңдары ғана көрініп тұрды.
Аңызға сәйкес, осы топан судан тек бір қасқыр ғана
аман қалған. Ол бірнеше күн бойы ұйқысыз, дамылсыз судан қашып жүгіріп, еңсесі
түсіп,
бір
сәтке көзі ілініп кеткен
еді.Түсінде
ол шексіз даладан ақбөкеннің тобын қуып жетіп, семіз еркегін тарпа бас
салғанын, оның жылы қаны сорғалаған етін жеп отырғанын көрді. Оянса, су қасқырға жақындап қалыпты. Ол Алтайдың қарлы шыңына қарай жүгіре жөнелді.
Жоғарыға көтерілген сайын тынысы тарылып, күші сарқылып бара жатқан
қасқырдың аузында тістеп алған сәби, адам баласы бар еді. Баланың
киімі ақбөкеннің терісінен тігілгендіктен,қасқыр теріден жібермей тістеп алған еді. Қасқыр
неге өз күшіктерін тастап, бір адамның сәбиін құтқаруға бел буғаны жұмбақ.
Баланың жылаған дауысын естіген қасқыр ана бір сәтке тоқтап, оған өзінің алты
күшігіне сүт берген емшегін ұсынды. Бала сүтке тойған кезде, қасқыр да өзін жеңілдегендей сезінді. Бірақ су тоқтаусыз
көтеріле бергендіктен бір жерде
тоқтап тұру аса қауіпті еді. Сондықтан да қасқыр ана баланы киімінен тістеген
қалпы Алтайдың биік шыңына жеткенше жанталасты.
Топан су Алтайдың ең
биік нүктесін де басып қалды. Қасқыр ана баланы алдына қойып, көкке қарап, ұлып
жалына бастады. Ұлыған қасқырдың үнінен Жаратушыдан құтқаруды
сұраған жалынышты үн естіліп тұрғандай болды. Амалы құрыған қасқырдың ұлығаннан
басқа амалы да жоқ еді. Алайда құдайдың құдіретімен су
қайтып
мұзға
айналып, екі тіршілік иесі қасқыр ана мен адам баласы ғана тірі қалды .
Биік таудан төмен түскен қасқыр қасқыр ана баланы
сүтімен асырады, өзі шөппен
қоректенді.
Кейін баланы ауызымен тістеген
қалпы салып,
адамдарды іздеуге шықты. Көп уақыт,
сан күндер өтсе де, ақыры адамдарды тапты. Бала адамдарға жеткенімен қасқыр ана
әлсіреп,жүруге шамасы
келмеді..
"Қасқыр ана, сені
қалай құтқара аламын?" – деп сұрады бала. "Маған аздап ет тапсаң,
аман қаламын. Менің ұрпағым сенің есігіңді күзетіп, сенің бауырыңдай
болады," – деді қасқыр. Бала оған бір балықтың етін берді, бірақ қасқыр
ана айықпады. "Егер бір рет ыстық қанның дәмін сезсем, сауығармын," –
деді ол. Бала өз етін кесіп, қасқыр анаға берді. Қасқыр ана күш жинады.
"Біз бір-бірімізді құтқардық .
Адам мен қасқырдың тағдыры енді бір-бірімен тығыз байланыста болады," –
деді қасқыр ана.
Аңыз бойынша, сол
күннен бастап адам мен қасқыр бірге өмір сүрген екен мыс. Қасқырлар адамдардың
жауы да, серігі де болды. Ал біз – сол баланың ұрпағымыз. Біздің бойымыздағы мінез,
батырлық, турашылдық, әділдік қасқыр ананың ақ
сүтінен қалған мұра деседі.
Қасқыр мінезді халықпыз деп қазақ тегін айтпаса керекті. Өмір болған
жыртқыш пен оның құрбаны да басына түссе бірігіп өмір сүруге мәжбүр болады.
Асылбек Байжұмаұлы