Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

А.Баяжума. Трамптың жеңісі Ресей үшін не береді?

76


 

Батыс елдерінің көшбасышлары да, Путинде соғысты тоқтатқысы келіп тұрған жоқ.

Соңғы кезде Владимир Путиннің жолы болған сияқты көрінеді. Батыстың Укаринаға көмегі азайды. Трамптың сайлаудағы жеңісі Ресей мен Украина арасындағы соғысты бір сәтте шешіп тастайтындай көрінеді.

Алайда шынайы жағдай Мәскеуге аздаған үміт сыйласа да толық жеңеді дегенді білдірмейді.

Қарулы қақтығыс басталғанына үш жылға жуық уақыт болғанда, Ресейдің әскери басымдылыққа жеткені күмәнсіз. Орыстар ұрыс алаңында бастаманы қолға алып, қару-жарақ пен сарбаздардың саны жағынан үстемдік етіп тұр, сондай-ақ Киевті үнемі инфрақұрылымға жасалған соққылар арқылы қысымға алуда. Украина жаңа қарсы шабуыл бастайды деген үміт азайып барады, ішкі тұрақсыздық арқылы Ресейде өзгеріс болады деген сенім де алысқа кеткендей. Путин соғыста басымдылыққа ие болып отыр. АҚШ-та Трамптың жеңіске жетуімен бірге екі ел басшыларының байланысы жаңарып, Украинаға көмек азайып, НАТО-да алауыздық пайда болады деп күткендер көп.

 

Алайда Мәскеудің көзқарасы басқаша көрінеді. Путин үшін басты мәселе — батыс көшбасшыларының ешқайсысы, соның ішінде Трамп та, Ресейге аз да болса қолайлы болып көрінетін соғысты тоқтату жоспарын ұсына алмай отыр. Қаралып жатқан ешбір келісім нұсқасында Украинаны НАТО-ға мүше ретінде қабылдамау кепілдігін бере алмайды. Сондай-ақ Ресеймен достық қатынаста болатын биліктің орнауын көздемейді.

 

Путин бұл мақсатқа жету үшін бірнеше жолдарды қарастырғанымен оның орындалуы күмәнді. Біріншісі, қақтығысты жалғастыру. Бірақ әскери сарапшылардың пікірінше, Ресейдің майдандағы алға жылжу мүмкіндігіне қарамастан, ірі украин қалаларын басып алуға қажетті сарбаздар мен техникасы жетіспейді. Мәскеудің жалғыз үміті — үлкен шығындарға қарамастан, майдан шебін баяу болса да алға жылжыту. Мұндай жағдайда Кремль 2022 жылдың наурыз айындағы келіссөздерде ұсынған шарттарды әскери күшпен Киевке күшпен қабылдата алмайды.

Екінші сценарий — қазіргі Украинаның ыдырауы мен Киевтің тізе бүгуі. Яғни, Зеленскийді биліктен тайдырып, оның орнына елді Путиннің талабын орындайтын легитимдігі күмәнді жаңа билік орнату. Мұндай капитуляция тек атысты тоқтатумен шектелмей, Кремль қойған талаптардың барлығын қабылдауы қажет. Бұл талаптар Украинаның бейтарап мәртебесін, армияны едәуір қысқартуды және Ресейге жақын саяси күштерге ыңғайлы болу үшін конституцияны қайта жазуды, сондай-ақ территориялық жеңілдіктерді қамтиды.

 

Мәскеу мұндай нұсқаға ашық қызығушылық танытып, украиндықтар мен Батысты Зеленскийден «құтылуға» және келісімге бейімірек көшбасшыны таңдауға көндіруге тырысуда. Алайда, Киевте де,  Батыста да бұл талаптарды орындай қоюға асығып отырған жоқ.  Украинада кенеттен Мәскеудің талаптарын орындай қоятын «ләббай, тақсырлап» келе қоятын дайын адамдар билікке келеді деген үміт жоқ.

 

Үшінші сценарий — Батыста түбегейлі өзгерістер орын алып, билікке Мәскеуге ыңғайлы режимді орнатуға дайын саясаткерлердің келуі. Кремль дәл осындай жағдайға үміт артып отырғаны анық. Бірақ объективті қарасақ, Мәскеу үшін «прагматик» саналған  Батыстағы саясаткерлердің, соның ішінде Трамптың да, Украинадағы билікті жығып, Ресей мүддесіне қызмет істейтін адамды қою жоспары  қарастырылып отырған да жоқ. Келіссөз жүргізуге дайын саясаткерлердің өзі капитуляцияны немесе Киевте қуыршақ билік орнатуды ықтимал нұсқа деп санамайды.

Кремль  соғысты үдетіп, қарқынын арттыру арқылы Киевті келіссөзге көндіреміз деген үміті де жоқ емес. Егер бұл жақын арада орын алмаса, Ресей билігі әскери мобилизация жүргізуге мәжбүр болады, бұл өз кезегінде үлкен қауіп-қатерге әкелуі мүмкін, сондай-ақ қақтығысты күшейтуге баруы ықтимал. Жақында Ресей билігі мобилизацияны болдырмау мақсатында келісімшарт бойынша қызмет ететіндерге төлемдерді тағы да айтарлықтай көбейтті, бірақ жаңа күштердің жетіспеушілігі Мәскеу үшін барған сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Тіпті қазірдің өзінде арең деп алға қадам басып жылжып жатқан ресей әскерінің адами және техникалық шығыны артып келеді. Ал жаңа мобилизация жариялау ел ішінде үлкен әлеуметтік жарылысқа сеп болуы ғажап емес. Мұндай жағдайда Ресей билігінің өзіне де еліне де орасан қауіп төнетінін билік біліп отыр.

 

Трамптың жеңісі Кремльді қиын жағдайға қалдырып отыр. Дмитрий Песковтың айтуынша, Мәскеу жаңадан сайланған президенттің әрбір сөзі мен әрекетін жіті бақылап, соңғы финальти добы Вашингтонның қолында деп есептейді. Ресей басшылығы Трамптың алғашқы қадамдары қандай болатынын аңдып отыр.

 

Дегенмен Ресейдің Трамппен бірге жылымық келеді деп үміттенуі бос әңгіме АҚШ басшылығында бәрібір «қатаң саясатты» жақтайтындар басым болады. Мұндай жағдайда Мәскеу Украинада жеңіске жету жоспарын қайта қарауға мәжбүр болады. Дұрыс жоспар құрылмаса Ресейдің ахуалы одан қиындай түсуі ықтимал. Жаңа мобилизация, ел ішінде бақылау, қадағалау шараларын күшейту жұмыстары қосымша қаржыны талап етеді. Батыс Украинаға қарау –жарақ берумен ғана шектелмей, әскери ресурспен көмек көрсетсе жағдай одан да күрделене түседі. Қандай жағдай болмасын батыс Украинаның тағдырын шешері сөзсіз.