«Алға, Қазақстан!» партиясы ұйымдастыру комитетінің төрағасы 7 жылға сотталды

59

Munarmedia.kz 12.06.2026. ASTANA Көкшетау қалалық соты тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Амангелді Жахинді экстремистік қызметке қатысу және оны қаржыландыру айыптары бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бұл туралы белсенді Сейілхан Түсбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, осыған ұқсас баптар бойынша бұған дейін партия жетекшісі Марат Жыланбаев та сотталған болатын.

— Осы баптармен бұған дейін партия көшбасшысы Марат Жыланбаевқа үкім шығарылған еді. Бұл жолы да оқиға желісі іс жүзінде сол сценарий бойынша қайталанды, — деді белсенді.

Амангелді Жахин 2025 жылдың қараша айында оның үйінде жүргізілген тінтулерден кейін ұсталып, содан бері қамауда болды. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Жахинге қатысты сот процесі 2026 жылғы 12 мамырда басталды. Прокурордың өтініші негізінде іс жабық режимде қаралды.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2023 жылы Марат Жыланбаев қамауға алынғаннан кейін Амангелді Жахин оппозициялық бастаманың жетекшілігін өз қолына алған. Сонымен қатар, «Алға, Қазақстан!» партиясы мемлекеттік тіркеуден өту үшін кемінде 26 рет құжат тапсырғанымен, әр жолы уәкілетті органдардан бас тарту алған.

Telegram арнамыз: https://t.me/Munarmedia

#Munarmedia #Astana #Көкшетау #АмангелдіЖахин #АлғаҚазақстан #Сот #Қазақстан #Саясат #Жаңалықтар