Қазақстанда еңбек шартын азаматтық-құқықтық келісімшартпен алмастыруға тыйым салынды

46

Munarmedia.kz | 11.06.2026 | ASTANA Қазақстанда 8 маусымнан бастап еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Жаңа түзетулерге сәйкес, жұмыс берушілерге нақты еңбек қатынастары бар қызметкерлерді азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен (АҚСШ немесе ГПХ) рәсімдеуге тыйым салынды.

Енді қызметкер тұрақты жұмыс кестесі бойынша еңбек етіп, ұйымның ішкі тәртіп ережелеріне бағынса және тұрақты еңбек міндеттерін орындаса, ол міндетті түрде еңбек шарты негізінде жұмысқа қабылдануы тиіс. Мұндай жағдайларда азаматтық-құқықтық шарттарды қолдануға жол берілмейді.

Мамандардың айтуынша, азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтін азаматтар еңбек заңнамасында қарастырылған бірқатар әлеуметтік кепілдіктерден қағылатын. Атап айтқанда, оларға ақылы еңбек демалысы мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша төлемдер берілмейді. Сонымен қатар кей жағдайда қызметкер жұмысқа қажетті техника мен бағдарламалық қамтамасыз етуді өз қаражаты есебінен сатып алуға мәжбүр болады. Сондай-ақ әрбір орындалған жұмыс бойынша жеке қабылдау-тапсыру актісін рәсімдеу қажет.

Сонымен бірге азаматтық-құқықтық шарттардың белгілі бір артықшылықтары да бар. Олардың қатарында икемді жұмыс кестесі, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі және жұмыс берушінің ішкі тәртіп талаптарына толық бағынбау мүмкіндігі аталады.

Заңнамадағы өзгерістер тек осы мәселемен шектелмейді. Енді жұмыс істемейтін әкелердің бала күтімімен айналысқан кезеңі зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелетін болады.

Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің жалғызбасты ата-аналарды өз бастамасымен жұмыстан шығаруына шектеу қойылды. Бұл норма тек жалғызбасты аналарға ғана емес, балаларын өздері тәрбиелеп отырған әкелерге де қолданылады.

Мамандардың пікірінше, енгізілген өзгерістер еңбек қатынастарын заңдастыруға, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға және еңбек нарығындағы құқықтық теңгерімді күшейтуге бағытталған.