Munarmedia.kz 12.06.2026. ASTANA Ресейде Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Карим Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде танылған Азамат Капеновқа қатысты сырттай қамауға алу туралы шешім шығарылды. Ол алаяқтық ісі бойынша іздеуде жүр. Осы іс аясында оның туған інісі Медер Капенов та сырттай қамауға алынды.
Тергеу мәліметінше, ағайынды Капеновтер қазақстандық кәсіпкер Анатолий Балушкинді «Jusan Bank»-пен туындаған мәселелерді шешуге ықпал ете алатынына сендіріп, оның сеніміне кірген. Соның нәтижесінде олар Қазақстандағы «ПТД» ЖШС-нің 25 пайыздық үлесін иемденген деген күдікке ілінді.
Іс материалдарына сәйкес, 2021 жылдың мамыр айында компанияның 25 пайыздық үлесі кіші інісі Медер Капеновтың атына рәсімделген. Кейін ағайындылар Балушкинмен байланысқа шықпай қойған. Осыдан кейін кәсіпкер құқық қорғау органдарына арыз берген. Ресейлік тергеушілер келтірілген шығын көлемін шамамен 52 миллион рубль деп бағалап отыр.
Балушкин кім?
Анатолий Балушкин бұрын Қазақстандағы «Азия Авто – БИПЭК» холдингінің негізгі иесі болған. Бұл компания Ресейдің «АвтоВАЗ» кәсіпорнының Қазақстандағы серіктесі ретінде танылған.
2025 жылы Қазақстан соты Балушкинді аса ірі көлемдегі алаяқтық және несие қаражатын заңсыз пайдалану ісі бойынша сырттай 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қазіргі уақытта Балушкин Ресей аумағында тұрып жатыр. Ресей тарапы оны Қазақстанға экстрадицияламаған. Оның ұлы Антон Балушкин Ресей армиясы мен азаматтық секторға арналған арнайы техникалар шығаратын «Русские Вездеходы «Пластун» кәсіпорнына иелік етеді.
Капенов пен Балушкин арасындағы дау
Анатолий Балушкин мен Азамат Капенов арасында бірнеше жылдан бері бизнеске қатысты дау жалғасып келеді.
Балушкиннің айтуынша, Азамат Капенов Мәсімовтер отбасының атынан келіссөз жүргізіп, «Азия Авто» холдингі құрамындағы бірнеше компанияның бақылау пакеттерін беруді талап еткен. Кәсіпкер оған қысым көрсетіліп, қорқытулар болғанын мәлімдеген. Кейін мәмілеге қатысқан заңгер де Капенов тарапынан қоқан-лоқы жасалғанын айтқан.
Азамат Капеновқа Қазақстанда да іздеу жарияланған
Азамат Капенов бұрын Қазақстанда «ҚазТемірТранс» АҚ вице-президенті қызметін атқарған. Ресейде болса, «Ресей темір жолдары» құрылымына кіретін ірі жүк тасымалы операторы – «Федеральдық жүк компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары болған.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оған қатысты алаяқтық дерегі бойынша іздеу жариялаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Капенов қызметтік өкілеттігін пайдаланып, өзіне қатысы бар компанияларға жүк вагондарын пайдалану саласында заңсыз артықшылықтар жасаған.
Салдарынан «ҚазТемірТранс» компаниясына келтірілген шығын көлемі 5,2 миллиард теңгеден асқан. Астана сотының шешімімен оның Қытаймен шекарадағы маңызды логистикалық нысан саналатын «Достық» стансасындағы терминалы мемлекет пайдасына тәркіленген.
Кейбір мәліметтер бойынша, Азамат Капенов қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде болуы мүмкін.
Ал «Ulysmedia.kz» басылымының хабарлауынша, Медер Капенов Мәскеуде ұсталып, тергеу изоляторларының біріне қамалған.
Telegram арнамыз: https://t.me/Munarmedia
#Munarmedia #Astana #АзаматКапенов #КаримМәсімов #Балушкин #Ресей #ҚазТемірТранс #Сот #ҚылмыстықІс #Қазақстан #Жаңалықтар