Алматы қаласында Қазақстандағы алғашқы крематорий жұмысын бастады.

36

Астана. 07.05.2026. Munarmedia.kz – Алматы қаласында Қазақстандағы алғашқы крематорий жұмысын бастады. Нысан Қалалық патологоанатомиялық бюро жанынан ашылған.

Мекемеде Чехияда өндірілген екі арнайы пеш орнатылған. Жоба аясында түтін мен иісті толықтай жоятын көпсатылы сүзгілеу және тазарту жүйесі қарастырылған.

Мамандардың мәліметінше, бір кремация рәсімі шамамен екі сағатқа созылады. Крематорий толық қуатында жұмыс істеген жағдайда әр пеш тәулігіне сегіз рәсімге дейін өткізе алады.

Марқұммен қоштасуға келген туыстар үшін арнайы рәсім залдары жабдықталған. Сондай-ақ келушілерге кремация процесін бақылауға мүмкіндік берілгені айтылды.

Крематорийде жұмыс істейтін қызметкерлер шетелде арнайы дайындықтан өткен.

Айта кетейік, аталған жоба жерлеу қызметтері саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту және баламалы рәсім түрлерін дамыту мақсатында жүзеге асырылып отыр.