Алматы тұншығып тұр: неге қала тұрғындарын аллергия жайлап алды және не істеу керек?

68

Munarmedia.kz 29.09.2025 /Астана/ Соңғы аптада әлеуметтік желілер мен редакциялық желіге Алматы тұрғындарынан жиі шағым түсе бастады: аяқасты түшкіру, мұрын бітелуі, көз бен тері қышуы, жалпы әлсіздік. Мұндай жағдайлар бұрын да байқалғанымен, соңғы жылдары әсіресе жаз-күз мезгілінде өрши түскен. Бұл маусымдық аллергия ма, әлде қоршаған ортаның дабыл қағарлық күйге жеткенінің белгісі ме? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін мамандарға жүгіндік.

Алматыдағы «Жақсы дәрігер» клиникасының аллерголог-иммунологы Виктория Ханның айтуынша, аллергиялық аурулармен келетін науқастар саны жыл сайын артып келеді:

«Иә, біз соңғы жылдары аллергияға байланысты шағымдардың көбейгенін байқадық. Әсіресе жаз-күз мезгілінде аллергиялық ринит жиі кездеседі», — дейді дәрігер.

Осы пікірді Smartmed клиникасының аллергологы Теміржан Нұрпейісов те растайды. Оның сөзінше, алматылықтар көбіне маусымдық аллергиялық ринитпен, бронхиалды астмамен, сондай-ақ тері ауруларымен — есекжем (крапивница) мен атопиялық дерматитпен жиі келеді.

Аллергияның ушығуына негізгі себеп — қаланың экологиялық ахуалы. Ауа сапасының нашарлығы, смог пен өсімдіктердің ұзақ уақыт шаң тастау кезеңі – бәрі қосылып, жағдайды ауырлатып отыр. Виктория Ханның айтуынша, көктемде ағаштардың тозаңы, ал жаздың басында — шабындық және астық тұқымдас өсімдіктер әсер етеді. Алматының географиялық орналасуы — тау аңғарындағы шұңқырлық — ауа айналымын тежеп, қаланы түтін қақпағына айналдырады.

Көбіне балалар мен жасөспірімдер зардап шегеді. Алайда ересектер де бұл дерттен тыс қалмайды, бірақ, өкінішке қарай, оны елемей, өздігінен емделуге тырысады. Бұл жағдайды одан әрі қиындата түседі.

Теміржан Нұрпейісов келесідей кеңес береді:

  • Өзін-өзі емдеуден бас тарту;

  • Хош иісті заттарды (парфюм, ароматизаторлар) азайту;

  • Зиянды тағамдардан және тұрмыстық химиядан аулақ болу;

  • Аллерген өсімдіктермен (мысалы, амброзия сияқты арамшөптермен) байланысты азайту.

Ал Виктория Хан:

  • Сыртқа шыққанда медициналық маска немесе арнайы мұрын сүзгісін (назальный фильтр) тағуға;

  • Үйге кірген бойда душ қабылдап, киімді ауыстыруға кеңес береді.

Мамандардың болжамы көңіл көншітпейді: егер қала экологиясы жақсартылмаса, алдағы жылдары аллергиялық аурулар саны бұдан да артуы мүмкін. Алматы үшін бұл тек медициналық емес, стратегиялық мәселе. Бір кездері таза тау ауасымен мақтанған мегаполис бүгінде өз тұрғындарына тұзаққа айналғандай. Шаһардың жасыл көшелері гүлдену маусымында мыңдаған адам үшін азап көзіне айналуда.

Алғашқы және ең маңызды қадам — симптомдарды елемеуді тоқтату. Бұл жай маусымдық жайсыздық емес, денсаулыққа тікелей қауіп.

• Фото: Envato