Munarmedia.kz 29.09.2025 /Астана/ Қытайдың Гуйчжоу провинциясында әлемдегі ең биік көпір — Хуацзян шатқалындағы автокөлік өткелі ашылды. Бұл инженерлік ғажайып құрылым Бэйпаньцзян өзенінен 625 метр биіктікте орналасқан. Салыстыру үшін айтсақ, бұл биіктік Сан-Францискодағы әйгілі «Алтын қақпа» (Golden Gate) көпірінен тоғыз есеге жуық биік.
Үш жылға созылған құрылыс нәтижесінде ұзындығы 2,9 шақырым болатын алып көпір бой көтерді. Оның басты өткелі — 1,42 шақырым. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл — болаттан жасалған фермалық арқалықтар негізінде, таулы аймақта салынған әлемдегі ең ірі аспалы көпір.
Мұндай инфрақұрылым тек техникалық жетістік қана емес, сонымен қатар өңір халқының өмір сапасын арттыруға арналған нақты қадам. Бұрынғы 2 сағаттық жол енді небәрі 2 минутқа қысқарды. Бұл — уақытты үнемдеу, экономикаға серпін және жол қауіпсіздігін арттыру тұрғысынан зор мүмкіндік.
Айта кету керек, Гуйчжоу бекерден-бекер «көпірлер елі» атанбайды — бұл аймақта 30 мыңнан астам көпір бар, оның үшеуі әлемдегі ең биік көпірлер қатарында.
Сондай-ақ, осы аптада Қытайда тағы бір тарихи оқиға орын алды — елде қуаты 1 мегаватт болатын әлемдегі ең үлкен әуе жел турбинасы сынақтан өтті. Бұл — жасыл энергетика саласындағы жаңа рекорд.
• Фото: әлеуметтік желілер