Munarmedia.kz | 11.06.2026 | ASTANA Алматы қаласында аудан әкімдігі қызметкерінің жасанды интеллект технологиясын пайдаланып, орындалмаған жұмысты орындалғандай етіп көрсеткені белгілі болды.
Оқиға Бостандық ауданында болған. Қала тұрғыны аудан әкімдігіне Левитан көшесіндегі №125 мектептің қарсы бетінде қоқыс үйіліп жатқанын айтып, шағым түсірген.
Азаматтың өтінішіне жауап ретінде әкімдік өкілдері аумақтың тазартылғанын растайтын фотосурет жолдаған. Алайда кейінірек бұл суреттің шынайы жағдайды көрсетпейтіні анықталды. Белгілі болғандай, әкімдік қызметкері көшенің тазаланған көрінісін жасанды интеллект көмегімен өңдеп, фотоесеп ретінде ұсынған.
Аталған жағдай әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қоғамның сынына ұшырады. Осыдан кейін Бостандық аудандық әкімдігі аумақты тазалау үшін коммуналдық қызметкерлердің екі рет жіберілгенін мәлімдеді.
Кейін әкімдік өкілдері фотоесептің қолдан жасалғанын ресми түрде мойындап, жалған ақпарат ұсынған қызметкердің жұмыстан босатылғанын хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, қызметкер өз әрекетін мойындағандықтан, қосымша қызметтік тексеру жүргізілмейді. Онымен еңбек шарты бұзылып, тиісті тәртіптік шара қолданылған.
Сондай-ақ аудан әкімдігі бұл мәселе бойынша қажетті шешім қабылданғанын айтып, қосымша тексеру жүргізуге негіз көрмейтінін жеткізді.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік органдардың жасанды интеллект технологияларын пайдалану кезінде ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын қатаң сақтау қоғам сенімін нығайтудың маңызды тетігі болып қала береді.