Munarmedia.kz.03.07.2025 /Астана/-2025 жылғы 30 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін (Антикор) тарату жөнінде шешім қабылдады. Атап айтқанда, ол ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құрылымына кіргізіліп, жеке жемқорлыққа қарсы қызмет ретінде қайта құрылады. Ал агенттіктің бірқатар өкілеттігі мен функциялары — әсіресе саясатты әзірлеу және үйлестіру бағыттары — Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне өтеді. Осылайша, Антикордың құқықтық және құрылымдық мұрагерлері ретінде екі орган — ҰҚК мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі белгіленді.
Жаңа құрылым туралы ережені әзірлеу тапсырмасы бір ай ішінде ҰҚК-ге жүктелсе, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне өз құзырын қайта қарастырып, президентке тиісті ұсыныстар беру міндеті жүктелді. Сонымен қатар, Үкімет 1 қыркүйекке дейін Мәжіліске жаңа заң жобасын енгізуі тиіс.
2022 жылғы мәлімет бойынша, Антикорда 544 қызметкер жұмыс істеген. Енді бұл кадрлар жаңа органдар арасында қайта бөлінеді.
Неліктен Антикор таратылды?
Жемқорлыққа қарсы агенттік — атышулы қылмыстық істер мен резонансты тергеулердің символына айналған күштік құрылым. Қазақстан қоғамында Антикордың аты аталғанда, әдетте ірі шенеуніктердің ұсталуы, миллиардтаған теңге ұрланған істер ойға оралады. Шын мәнінде, мұндай істермен ҰҚК де, Қаржылық мониторинг агенттігі де айналысады, бірақ Антикордың беделі мен қоғамдық әсері өзгеше еді.
Сондықтан бұл ведомствоның таратылуы кездейсоқ шешім емес, үлкен саяси бетбұрыстың белгісі болуы мүмкін.
Ресми тараптан ешқандай түсініктеме берілмесе де, құқық қорғау саласын ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген журналист Михаил Козачков бұл жаңалықты "барлық силовиктер үшін №1 жаңалық" деп бағалады:
"Мұны ешкім күтпеді. Түрлі әңгімелер болды — мысалы, Ресейдегі ТК немесе АҚШ-тағы ФБР үлгісіндегі орган құрылады деп, кейбір құрылымдар қайта бөлінеді деп. Бірақ енді жемқорлықпен күрес арнайы қызметтің құзырына көшті", – дейді ол.
Козачков Антикордың тарихында қаралы беттер де көп болғанын еске салады. Әсіресе Қайрат Қожамжаров басшылық еткен кезеңде — 2013 пен 2018 жылдары аралығында:
"Бұл орган тергеулерді өрескел заңбұзушылықтармен жүргізді. Айыпталушыларды бірден қамауға алды, азаптады, туыстарына қысым жасалды. Бұл туралы көп жаздым, зардап шеккендердің туыстарымен сөйлестім", – дейді ол.
Мысал ретінде Лариса Пактың ісі келтіріледі — ол денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың символына айналып, тергеу изоляторында инсульт алған. 5 ай қамауда отырып, артынша қайтыс болған. Кейін іс тоқтатылған — қылмыс құрамы болмағаны анықталған.
Антикор жемқорлыққа қарсы құрылым ретінде 30 жылдан астам уақыт өмір сүрді:
-
1994: Қаржы министрлігі жанынан Салықтық полиция ретінде құрылған.
-
2001–2013: Қаржы полициясы, кейін экономикалық және жемқорлық қылмыстарға қарсы агенттік (халық арасында "финполиция" аталған).
-
2014: таратылып, орнына Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттік құрылды.
-
2015–2019: Ұлттық бюро, кейін қазіргі атауы – Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Антикорға түрлі кезеңдерде Рахат Әлиев, Қайрат Қожамжаров сынды тұлғалар басшылық етті. Соңғы жылдары орган президент Тоқаевқа барынша лоялды құрылым ретінде танылды — әсіресе Қайрат Сатыбалдыға (Назарбаевтың жиені), Карим Мәсімовтің туыстарына қарсы тергеулермен танылды.
Бірақ Антикордың тарауы — "жемқорлық жойылды" дегенді білдірмейді. Керісінше, мемлекеттік қаржы мен мүлікті ұрлау деректері азаймай тұр. Көптеген шенеуніктерге қатысты тергеу жүріп жатқан кезде, дәл сол ғимаратта басқа кабинетте тағы да тендерлік алаяқтық жалғасып жатады.
"Қазір бір де бір мемлекеттік қызметкер қалмаған шығар — не өзі күдікке іліккен, не біреулер соған қатысты 'компромат' іздеп жүр. Ал шыншыл азаматтар ғана Антикордан қорқады", – дейді бақылаушылар.
Сондықтан Антикорды ҰҚК-ге қосу — жемқорлықпен күресті ұлттық қауіпсіздік мәселесіне теңестіру. Бұл — басқаруды орталықтандырудың, бақылауды күшейтудің белгісі.
Бүгінде ҰҚК құрылымында:
-
шекара қызметі,
-
сыртқы барлау,
-
үкіметтік байланыс,
-
"А" арнайы тобы (антитеррор),
-
авиация қызметі бар.
Енді жемқорлыққа қарсы қызмет алтыншы құрылым болады. Комитет төрағасының тоғыз орынбасары бар, бұл сан онға жетуі мүмкін.
Антикордың таратылуы — техникалық немесе құрылымдық шешім ғана емес. Бұл — саяси маңызы зор акт. Бәлкім, жоғарғы биліктегі жаңа трансформациялардың бастауы.
ҰҚК-ге шексіз өкілеттік беріліп жатқан тұста, қоғам заңдылық пен әділетке емес, мемлекеттік қуатты орталықтандыруға куә болып отыр. Мұндай "монстр" құрылымдар билікке де қауіп төндіруі мүмкін.
Келесі кезеңде не болатыны – КНБ-нің бұл жаңа рөлді қалай атқаратынына және президент Тоқаевтың қаншалықты ұзақ мерзімге орталықтандыруды көздеп отырғанына байланысты.
Дулат Тасымов