А.Қалназаров. Түркістан облысына жасалған " Балуан тас сапары» экспедициясы қорытындылары

57


 

Munarmedia.kz 31.03.2026 /Astana/-18–21 наурыз аралығында оңтүстік өңірді тұтас қамтыған «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы табысты тәмамдалды. Бұл іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының ірі мәдени-танымдық жобасы – «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» аясында болып өтті.

 

Сапар бағыты қазақ өркениетінің тарихи және сакральды кеңістігі – Шымкент қаласы-Сайрам ауданы, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласын қамтыды. Топ жетекшісі – «Baluan tas» академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші-PHD докторант Абылайхан Қалназаров болды.

 

– «Балуан тас философиясы физикалық және онымен теңдей рухани өрісте де жатқан киелі платформа. Тікелей ауыр көтерген алыптармен қатар, астарлы елдік сана көтерген тұлғалар да көп. Біздің мақсатымыз да сол заттық тастармен ғана шектелмей, оның терең мәнін ашу. Қаратаудың күнгейі мен теріскейін қатар қамтыған бұл сапарымыздың миссиясы осымен анықталады. Бұл сапардың алдыңғыларынан ерекшелігі – айналымға «символдық Балуан тас көтеру» ұғымын енгізіп отырмыз», - деді Абылайхан Қалназаров.

 

Айтулы ғалым Серік Ерғали:

– «Бұған дейін Ақтөбе экспедициясына қатыса алмасам да, Павлодар-Баянауылға барып қайттым. Бұл жолғы сапар тіптен жоғары деңгейде. Биылғы Наурыздаманың басты қаһарманы – Арман Сүлеймен-Тасбалуан! Осыған жағдай жасап, көне рәсімді жаңғыртуға күш салғаны үшін Абылайхан және басқа да азаматтарға алғыс айтамыз. Ғылыми жаңалықтар да өте көп. Балуан тас – Зілтас, ал «Зілтас» дегеніміз, «Балуан тас» болып шықты. Көкпардан әлемдік чемпионатты да тікелей тамашалап, көкпаршылармен тілдесудің де сәті түсті», - деп тұжырды.

 

Белгілі журналист Азамат Ерғалиев болса:

– «Балуан тас сапары» экспедициясымен төрт күн бойы барлық аудандар мен қасиетті жерлерді аралап жүрдім. Бұл мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға мың алғыс. Мұндай ізденіс пен зияратқа жалғыз-жарым бармас едік. Ең алдымен, бөліскім келетіні – өз жүрекжарды пайымдарым және Түркістанның қасиетті жерлері арқылы осы жолды қайталағысы келетіндерге арналған бірер жылы кеңес. Ежелгі кесенелердің өзіндегі ақпараттылық деңгейі өте жақсы. Бірақ оларға апаратын жол – бөлек әңгіме. Мысалы, Шымкент пен Сайрам шекарасында қалған елдімекенде дәл солай болды. Негізгі жолдардан бағыттаушы белгілер жеткіліксіз. Ал қалған аудандарда бәрі тамаша өтті. Жол бойында балуантастармен қатар қызықты нәрселер өте көп. Тарих пен қазіргі заманның қарапайым ауылдарда қалай қатар өмір сүретінін көрдік. Және мұнда өзіндік хиттер де жеткілікті», - деп тарқатты.

 

Сапар барысының нәтижелері де зор. Облыс аумағында жалпы есепте 1000 шақырымға жуық жол жүріліп, 10 әулие басына зиярат етілсе, балуантастары бар бас-аяғы 3 музей жәдігерлерімен кеңінен танысудың сәті түсті.  

Зиярат етілген әулиелер мекендері:

- Ибрагим ата кесенесі;

- Қарашаш ана кесенесі;

- Бибіғияс ана кесенесі;

- Бәйдібек ата кесенесі;

- Домалақ ана кесенесі;

- Ысқақ баб кесенесі;

- Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесі;

- Ақмешіт әулие үңгірі;

- Арыстанбаб кесенесі;

- Қожа АхметЯсауи кесенесі.

Музейлер:

- Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі

- Сұлтанбек Қожанов атындағы музейі

- Әбу-Насыр Әл-Фараби музейі.

Осы орайда Түркістан облысының белді жазушылары – Асан Тұрабаев пен Ілесхан Байжановқа, Абдулла Жұмашевқа ұлт руханиятына сіңірген еңбегі үшін «Балуан тас» төселгілері тағылып, «Рухани палуан» атақ-дәрежесі берілгенін айрықша атау керек. Бұған дейін аталмыш марапатты еліміздің бірқатар әйгілі тұлғалары иеленген болатын.

Ал академиялық «Күш лекциясы» жобасы аясындағы дәрістер Сайрам ауданы кіреберіс қақпасында, Ордабасыда Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінде, Бәйдібекте «Балуан тас» шатқалында, Отырарда Әбу-Насыр Әл-Фараби музейінде, Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде берілді. Яғни 5 күш лекциясы беріліп, мыңғы жуық адамды қамтыды. Күш лекцияларына негізгі спикер Абылайхан Қалназаровтан бөлек отырарлық тарихшы-жазушы А.Жұмашев пен Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы да атсалысты.

 

Бұдан басқа топ ізденістер барысында Академия алдағы айлары шығаруды жоспарлап жатқан «Пілмен күрескен қазақтың 7 палуаны», «Ұлы даланың балуантастары» кітабы, «Көкпар қайдан шыққан? Генезис, этимология, сыр-құпиялары» атты ғылыми кітап пен «Көкпар» сериялы кітаптарының 1-2-3-4 томдарына түрлі материал жиналды. Ең бастысы, бұған дейін жарық көрген қостомдықтың заңды жалғасы – «БАЛУАН ТАС.  Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» еңбегінің 3-томын аяқтаушы мәліметтерге ие болды. Мысалы, Отырар ауданының Қоғам ауылы кіреберісіндегі Арыстанбаб кесенесі маңындағы мазаратта жерленген Ошақты руының Тасжүрек атасынан тарайтын және Жоңғар шапқыншылығы заманындағы атақты қолбасшы Саңырық батырдың жақын туысы Итемген ердің естелігіне ден қойылды. Оның «Пілді жеңген» деген дақпырты мен тағы да басқа күштік ерліктері жазып алынды.

 

Топ мүшелерінің кей аудандарда аумақтық өндіріс орындарына да шақырылғанын ескермей болмайды. Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар және Сауран аудандары кәсіпкерлері өз аумақтарындағы өндірістік парк территорияларында қонақ етіп күтті. Мәселен, Сауран ауданы солардың ішінде ауқымдылығымен ерекшеленді. Бүгінде онда инвестициялық жобаларды арттыру мақсатындағы Өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде 3 қатардан тұратын 40 ғимарат ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жобаның іске асқанына көз жеткізілді. Оның ішінде: жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын, ауыл шаруашылық тракторларды өндіретін және сэндвич панелдер, мектепке арналған жиһаздары мен медициналық, кеңсеге арналған жиһаздар, тоңазытқыштарды өндіретін, ішкі есіктер және дрон өндірісі және тағы басқалар бар. Сайрамдағы Орта Азия жұртына таңсық банан плантациялары мен Отырардағы тоқыма өнеркәсібі, шлангі шығару зауыты, сондай-ақ мақта зауыты жұмысы назар аударарлық. Ордабасының Бадамындағы индустриялық аймақ, Бәйдібектегі су қойма құрылысы, Созақтағы газ желісі де қызығушылық туғызды. 

Созақтан барар жолда Кентау қаласы аумағына қарасты Ащысайдың тамаша табиғатындағы (Мәруса бұлақ), Отырар ауданы аумағындағы Сырдария көпірі фотосессиялары да экспедицияшылардың естен кетпес сәттеріне айналды. Отырардағы Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 1934-1947 жылдар аралығында тұрған, өз қолымен көтерген ескі үйіне (Қоржын там) экскурсия, Қажымұқаннан қалған тағы бір құнды жәдігер – өз қолымен еккен кәрі қараталдың жанында фотосессия да ерекше. Ордабасы ауданындағы палуан бабаның қарашаңырағын иеленіп отырған ұрпақтары қолындағы жәдігерлер зерттеу мен насихат нысанына айналды. Атап айтқанда, Қажы палуанның арбасының бел темірі, ожауы, су құйар ыдысы, сырнайы және шабаданы қызығушылық тудырып, обьективке алынды. Өз кезегінде ол фотолардың басым бөлігі Академия алдағы уақытта өткізуді жоспарлап отырған «Балуан тас» көрмелеріне қойылмақ. Ал видеолар балуантастар туралы деректі фильмдеріне пайдаланылмақ. Тағы бір ілкімді тұс, сапар барысында барлық нысандарға кәсіби дронмен әуелік фото-видеолық арнайы түсірілімдер жасалып, олар облыстық және аудандық әкімдіктің жауапты қызметкерлері, музей және әулиелі жерлер өкілдеріне жұмыс барысында қолдану үшін табысталды.

 

Бірақ бүкіл сапардың тәжі Отырар ауданы орталығы Шәуілдірде өтіп жатқан Наурыз мейрамы тойында болғанын айтып өтпеске болмас. Тап осы мекенде сапардың басты мақсаттарының бірінің де кезегі келді. Яғни ұмыт болған көне Балуан тас көтеру рәсімі жаңғыртылды. Оны жергіліктілер атынан Абылайхан Қалназаров өтініш етіп, топ құрамында бірге жүрген ақмолалық айтулы палуан Арман Сүлеймен салмағы 200 келіге жуық тас көтеріп, бәрін орынымен атқарып шықты.

Экспедиция жетекшісі Абылайхан Қалназаров өз сөзінде:

– «Ареке, бұрынғы кездері ауыл-аймаққа әйгілі балуан келсе, зиялы кісілер одан Балуан тас көтеруді өтінеді екен. Бұл рәсімді соңғы рет Отырар ауданында 15 жыл тұрған Қажымұқан атамыз жергілікті милиция бастығы Мырзахмет Сүлейменов үйінде өткен ғасырдың қырқыншы жылдары көтеріпті. Одан беріде 1952 жылы қытай тарапта Дәлелхан палуан көтерді деп естиміз. Ал қазіргі Қазақстан шекарасында кәдімгідей Балуан тас атын атай, Қажымұқаннан кейін рәсім мен шартты сақтап көтерген ешкім жоқ. Сізге осы шәуілдірліктер атынан өтініш айтайын. Өзара сыйластығымыздың нышаны және күш-қуатыңыздың белгісі болсын! Мына тасты тұғырға орнатып беріңіз», - деп өтініш жасады.

Ізінше Арман палуан көрсетілген тасты көтеріп, тұғырына қондырды. Осы сәттен бастап ол тас «Балуан тас» мәртебесіне өтті.

Бір қуаныштысы, осы тамаша жиында өзі де жергілікті Абылайхан Қалназаровтың әкесі Мамырайхан Қалназаров ақсақал Арман палуанға бата беріп, астына ат мінгізді.

Мамырайхан ақсақал:

– «Ауылымызға күнде мұндай алып келе бермейді. Атам қазақта «Балуан келсе, құт» деген. Арман ат емес, көлік мінгізуге лайық», - деді.

Айта кетейік, қазақ даласында, дәлірек айтқанда, оңтүстік өлкеде Қажымұқаннан кейін дәл осындай жойқын тас көтерген кісілер болмады. Осылайша, араға сексен жылдан аса (86 жыл) уақыт салып, ұмытыла бастаған рәсім 2026 жылдың 20 наурызында Қажымұқаннан кейінгі тоқтаған жері Шәуілдірде қайта жаңғырды. Яғни бұл істің символдық та мәні зор.

Бұл орайда Қажымұқанның көтерген тасының салмағы куәгерлердің сөзіне қарағанда, формасы жағынан сандық тәріздес және салмағы 30-40 пұт шамасы болған. Өкінішке қарай ол тас 1969 жылғы аудан аумағында болған су тасқыны кезінде басқа да балуантастармен бірге жоғалған. Топ мүшелері оның үлгілік муляжын жергілікті музейлердің біріне орнатуға алдағы уақытта қол жеткізуге әкімдік қызметкерлерімен уағдаласып тарқасты.

 

Бұл ретте топ жетекшісі Абылайхан Қалназаровтың экспедицияның әу бастан көзделген мақсатты қорытындыларын Түркістанда тұжырымдағанын жеткіземіз. Ол:

– «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» 2 символдық Балуан тас және 13 заттық Балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, әрбірінің толық мағұлыматы ақпараттар базасына тіркелді. Сонымен қатар 4 заттық Балуан тас нақтылауды қажет ететіндіктен, кейінге қалдырылды. 3 символдық Балуан тас ғылыми жиында талқыланып, тіркеу немесе тіркемеу талқыға түсетін болады», - деп атап өтті. 

Оның айтуынша, көп тастың салмағы мен көтерілу тарихнамасы жергілікті ізденімпаздардың еңбегі арқылы белгілі. Атап айтқанда, Қажымұқан көтерген 2 кір тасы (әрқайсы 40-50 келіге жуық), томбы тас (салмағы 350 келі), диірмен тас (130 келі), қызыл диірмен тас (550 келілік), ақ диірмен тас (630 келі), Баянауылдан келген тас (480 келілік және әлі де нақтылауды қажет етеді). Алайда бұлардың ішінде бөлшек тастарының өлшенбейтінін де хабарлады.

Әттеген-айы сол, балуан тастарды көрсетпей жіберу немесе «Астанаға алып кетеді» деп жасырып қалу фактілері де тіркелді. Мысалы, Отырардағы Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орта мектепке жоспарланған экскурсия болмай қалды. Ол мектепте Қажымұқанның туған ұлы Жанәбіл ескерткіш ретінде бір жылдары табыстаған әйгілі палуанға тиесілі ойын Балуан тасы, яғни кеудесіне қойылып, балғамен сындырылған тастың бөліктері зерттеп зерделенбей қалды. Себебі мектеп директоры аталмыш тасты көрсете алмайтынын және мағұлымат бермейтінін жеткізді.

Табиғи себептермен де толық зерделенбей қалған бағыттар да бар. Топ мүшелерінің Сауран ауданы аумағындағы Жылаған ата басындағы Балуан тасқа баруға мүмкіндігі болмады. Өйткені барар жолдағы өзен арнасынан асып, жүретін жол жабылған (Алайда ол мәліметі толық болғандықтан «Қазақ күшінің картасына» заттық 1 Балуан тас ретінде тіркелді). Сондай-ақ символдық Балуан тас мәселесі де қосымша крийтерилеу мен жүйелеуді және анықтамасын әлі де нақтылауды қажет етілетіні далалық жұмыстар барысында анықталды.

Қалай дегенде де, әлі де нақтылауды қажет ететін тастардың мәселесінің басы ашық. Топ мүшелері отырарлық жергілікті ақсақалдар аузынан тағы да нешеме тың деректерді жазып алып, 2 Балуан тастың тарихына қанықты. Сол деректерге сүйенсек, олардың бірі су тоғаны маңындағы су астында және суы тартылған кезде ғана көруге мүмкіндік бар. Екіншісі, Арыс өзенінің жағалауында және оны табу үшін бүгінде жыңғыл басып кеткен үлкен аумақты сүзіп шығу керек. Кейінгісін 1969 жылғы аудандағы су тасқыны кезінде ел жаппай Арыс өзені жағасын биіктетіп топырақ, тас тастап жатқанда Шәмші Қалдаяқовтың кластасы Келдібек Жабатаев деген ақсақал жастарға ескертіп жүріп бірнеше Балуан тасты сол жерге зембілмен көтергізіп апарып тастатқан көрінеді. Мұның мәні мынау: өзен жағасына тақау маңда бұрындары базар болған болса, ол базарда Қажымұқан палуан тұрақты түрде өнер көрсетіп отыратын алаңқай болыпты. Міне, осы алаңдайда алып күш иесінің ойын балуантастары үйіліп жатқан. Өз кезегінде бұлар енді алдағы уақыттары жергілікті әкімдікпен қосымша жұмыстануды талап етеді. Бұл қатарда тасы жоғалған, бірақ оқиғасы ел жадында сақталып қалған әлгіндегідей балуантастардың ықтималды муляждарын аудан орталықтарындағы музейлерге орналастыру түйіткілі де бар. Айталық, Созақта осы рәуішпен Кенесарының інісі Наурызбай батыр мен Қоңырат Ер Төлебай күш сынасып көтеріскен Балуан тас – Қызылтастың тарихы таныстырылды. Өкінішке қарай тастың өзі жоғалғандықтан, Академия ұсынысы бойынша С.Қожанов атындағы музейге оның муляжы орналастырылды (Шолаққорған).

 

Әрине, жергілікті әкімдік қызметкерлерінің кейбірінің білім-біліксіздігі тарапынан туындаған түсініспеушіліктер де болмай қоймады. Бірақ соған қарамастан, экспедиция өкілдері тарапынан бұл сапар өте жемісті және ғылыми жағынан табысты деп қорытындыланды.

 

Айта кетейік, экспедиция мүшелері сапарын Сайрамдағы (бүгінде Шымкент аумағы)  Ибрагим ата кесенесінен бастаса, соңғы нүктесін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зияратпен аяқтады. Яғни бір замандардағы әулиелік маршрут – әке мен баланың жолымен, яки Ясауи бабаның миссиялы маршрутымен жүріп өтте десек артық айтқандық емес. Осылайша, 4 күндік бұл сапар Ораза бітіп, Айт мейрамының 2-күнінде – 21 наурыз күні өз мәресіне жетті.

 

Қатысушылар құрамы өте іріктелген. Сапарға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері, ғалымдар мен спортшылар болды. Мысалы, Зейін Әліпбек бастаған тілшілер мен блогерлер қосыны және Серік Ерғали бастаған ғалымдар шоғыры. Спортшыларды әйгілі балуан Арман Сүлеймен бастап жүрді.

 

Тағы бір айта кетерлік жайт, «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасының тұсауы былтыр бас редакторлары клубы құрамының қатысуымен Наурыз мейрамында елордада кесілген болатын. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды. Реттік жағынан үшінші Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан ең маңызды кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар бұл жолғы сапар Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионаты іс-шарасына орайластырылды. Бұдан бөлек Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойымен де үйлестірілді.

 

Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу, оларды заманауи мәдени айналымға енгізу, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.

Сонымен, «Балуан тас» сапарының оңтүстік Қазақстан атырабына қатысты қорытындысы осындай.


«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының баспасөз қызметі

#Балуантас #АбылайханҚалназаров #Түркістаноблысынабалуантассапары