Munarmedia.kz.13.09.2026-ASTANA – Бүгіңгі "Өңір тынысы" айдарымызда Ақмола облысы туралы баяндайтын боламыз. Ақмола облысы соңғы жылдары экономикалық өсім, өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм бағытында айтарлықтай нәтижелер көрсетіп келеді. Алайда өңірдің әлеуметтік ахуалына үңілгенде, экономикалық көрсеткіштер мен күнделікті тұрмыстағы мәселелер арасында әлі де алшақтық бар екені байқалады. Жол, мектеп, балабақша, жер, су және ауыл инфрақұрылымы – облыс тұрғындары үшін маңызын жоғалтпаған тақырыптардың бірі. Соңғы аптада әлеуметтік желілерде жергіліктің биліктің атына жасалған түрлі жазбалар мен бейнеүндеулерден редакциямыз сараптама жасап бірнеше маңызды мәселелерді іріктеп алды.
Ресми дерек бойынша, 2026 жылғы 1 шілдеде Ақмола облысының халқы 793 мың адамға жуықтады. Өңірде халық санының өсуі мен елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымына түсетін жүктеме қатар артып келеді.
Жол мәселесі: ауыл мен аудан орталығын жалғайтын күретамыр
Ақмола үшін жол – жай ғана көлік қатынасы емес, ауылдың экономикалық өмірімен тікелей байланысты мәселе. Жақсы–Есіл бағытындағы жолдың жөнделуі осының бір мысалы.
Бұл бағыттағы жолдың бір бөлігіне шамамен 3 млрд теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары әсіресе қос аудан арасындағы ондаған шақырым жолды пайдаланатын бірнеше ауыл тұрғындары үшін маңызды. Бұған дейін аталған учаскенің жағдайы жүргізушілер мен ауыл тұрғындарына айтарлықтай қолайсыздық туғызған. 24KZ
Бірақ бір жолдың жөнделуі облыстағы барлық инфрақұрылым мәселесі шешілді деген сөз емес. Ақмоланың ондаған ауылын аудан орталықтарымен байланыстыратын жолдардың сапасы әлі де тұрақты бақылауды қажет етеді.
Өйткені жолдың жағдайы нашар болса, оның салдары тек көлік шығынымен шектелмейді. Ауыл тұрғынының ауруханаға жетуі, баланың мектепке баруы, шаруаның өнімін нарыққа шығаруы – бәрі жолға тәуелді.
Жол мәселелі Аршалы, Ерейментау, Егіндікөл, Қорғалжын, Біржан сал, Жақсы, Жарқайын, Есіл аудандарында әлі де күрделі болып тұр. Аудан мен ауылдар арасындағы жолдар мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген.
Жергілікті билік қаражаттың жоқтығын айтып, жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Әрине бәрін бір жолда шешіп тастау мүмкін емес. Алайда бюджет қаражатын бөлерде басымдық беретін жолдарды бірінші кезекте қарастырып отырса жөн болар еді.
Мектеп: ғимарат бар, бірақ сапалы орта мәселесі қалады
Білім саласында да оң өзгерістермен қатар шешімін қажет ететін мәселелер бар.
Ақмола облысында 2026 жылғы маусымдағы мәлімет бойынша 523 күндізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оларда 139 мыңнан астам оқушы білім алады. Мектептердің барлығы интернетке қосылғанымен, олардың үштен біріне жуығында интернет жылдамдығы 20–50 Мбит/с деңгейінде қалып отыр.
Бұл жерде мәселені тек интернет жылдамдығымен өлшеу дұрыс емес. Ауыл мектебі үшін заманауи зертхана, спорт залы, жылы әрі қауіпсіз ғимарат, сапалы асхана, білікті мұғалім және тұрақты интернет – біртұтас білім беру ортасының элементтері.
Жыл басындағы ресми мониторингте мектептерді күрделі жөндеу, жаңа мектептер салу, оқулықтармен қамтамасыз ету және оқу процесін ұйымдастыру секілді мәселелердің арнайы қаралғаны да осы бағыттағы жұмыстың әлі аяқталмағанын көрсетеді.
Балабақша мәселесі де толық шешілген жоқ
Мектепке дейінгі білім беру саласында облыста 595 ұйым жұмыс істейді. Оларда 39 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
2026 жылы облыста қосымша мектепке дейінгі орындар ашу жоспарланғанымен, кейбір нысандардың іске қосылуы жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуіне байланысты кейінге қалған. Мәселен, Қосшы мен Көкшетаудағы 280 орындық балабақшалардың пайдалануға берілу мерзімі 2026 жылға ауыстырылған.
Бұл – қағаздағы жоспар мен нақты нысанды халық игілігіне берудің арасында уақыт алшақтығы бар екенін көрсететін мысал.
Жер мәселесі: қайтарылған гектардың игілігі кімге тиеді?
Ауылдық жерлер үшін жер мәселесінің орны бөлек.
Ақмола облысында мемлекет меншігіне ондаған мың гектар жайылымдық жер қайтарылған. Мысалы, соңғы мәліметтердің бірінде 60 мың гектар жайылым жердің мемлекетке қайтарылғаны айтылған. Ендігі маңызды мәселе – сол жердің ауыл тұрғындарына нақты қолжетімді болуы және жайылым тапшылығы бар елді мекендерге әділ бөлінуі. Әлеуметтік желіде Жаңажол ауылы тұрғындарының жанайқайы естілуде. Өз ауылдарынан үш шақырым жерде карьер ашуға қарсылықтарын білдіріп, бірнеше қоғамдық тыңдауларда қз позицияларын айтты. Алайда аудан басшылығы бәрібір бұл жұмысты жүзеге асырғысы келе ме? Қарсылыққа қарамастан карьер жұмысын қолдауды ауыл тұрғындарына насихаттауын тоқтатар емес.
Ал Аршалы ауданында ауыл тұрғындары жергілікті шаруа қожалығынан өз пайларын бөліп алғысы келеді. Осы мақсатта Президент және облыс әкімінің атына үндеуде жариялады.
Ең көп сыңға ұшыраған әлеуметтік желіде журналист Нұрбол Қанағаттың Ерейментау ауданындағы Қойтас ауылында өткен репортажы. Ауылда бар жоғы жеті тұрғын қалған. Қираған үйінділер мен бос қалған ауылдың ортасына костюм шалбар киіп келген аудан әкімі Нұрлан Мұқатов сынға қалды. Алайда қаншама рет сынға үшырап жатса да бұл Мұқатовты ешкім мұқата алмайды. Тірегі күшті, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын жан екенін дәлелдеген.
Қоқыс: ескі мәселе, жаңа тәсілді қажет етеді
Ақмола облысында заңсыз қоқыс орындары мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Бұған дейін өңірде мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталғаны туралы дерек жарияланған. Бұл мәлімет ескі болғанымен, мәселенің жүйелік сипатын көрсететін маңызды индикатор ретінде қарауға болады. BAQ.KZ
Мұнда бір нәрсені ажыратып алған жөн: қоқыс үйіндісін бір рет тазалау – проблеманы шешу емес.
Егер ауылда тұрмыстық қалдықты шығаратын жүйе болмаса, арнайы контейнер жеткіліксіз болса немесе полигон инфрақұрылымы дұрыс ұйымдастырылмаса, тазартылған аумақтың қайтадан қоқыс алаңына айналу қаупі жоғары.
Сондықтан экологиялық саясаттың негізгі көрсеткіші жиналған қоқыстың көлемі емес, заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болмауы болуы тиіс.
Бұл жерде қоқыс орындарын заңдасытырып, белгілі тариф пен тәртіп орнатпай мәселе шешілмесі анық. Ақмола облысының әкімдігі бір реттік акциямен мәселені уақытша жапқандай болғанымен түпкілікті мәселе шешілген жоқ. Сондықтан да халық әкімдіктен нақты әрі заңды тұрақты шаралар күтіп отыр.
Өңірдің басты сынағы – даму нәтижесін тұрғынның сезінуі
Ақмола облысының экономикалық мүмкіндігі жоғары. Өңірде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм қатар дамып келеді. Ресми мәліметтерде 2026 жылғы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 604,3 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 108 пайыз болғаны, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінде де өсім бар екені көрсетілген.
Алайда облыстың болашағын тек өндіріс көлемімен бағалау жеткіліксіз.
Өңірдің шынайы дамуы ауылдағы жолдың сапасынан, мектептің жағдайынан, балабақшадағы орыннан, ауызсуға қолжетімділіктен, жайылымның жеткіліктілігінен және елді мекеннің тазалығынан көрінеді.
Бүгін Ақмола алдында тұрған негізгі міндет – экономикалық өсімді адамның күнделікті өміріндегі нақты өзгеріске айналдыру.
Өйткені миллиардтаған инвестиция мен өндірістік көрсеткіштердің әлеуметтік мәні ауыл тұрғыны сапалы жолмен жүріп, баласын қауіпсіз мектепке апарып, малын жеткілікті жайылымға шығарып, таза ортада өмір сүрген кезде ғана толық ашылады.
Ақмоланың проблемалары бір күнде пайда болған жоқ. Сондықтан олардың шешімі де бір реттік науқан емес, жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмысты талап етеді. Ең бастысы – тұрғындар көтерген мәселенің статистикадағы жол емес, нақты нәтижеге айналғаны қажет. Өкінішке орай, халықты тыңдауға келгенде әкімдік біржақты ғана шешімдер қабылдауда. Халықпен байланысып, мұң мұқтажын тыңдамайтын биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі күшейеді. Сонықтан әкімдіктің атқара алмай жатқан шаруалары шаш етектен, дегенмен қоғаммен ақылдаса жасаған жұмыс өз жемісін берері сөзсіз.
#АқмолаОблысы #Munarmedia #Ақмола #Көкшетау #Ауыл #Инфрақұрылым #ЖолМәселесі #Білім #ЖерМәселесі #Экология #ӨңірДамуы #Қазақстан
:::