Ақмола облысында қоқыс өңдеу зауыттарының құрылысы қарқын алды

74

Munarmedia.kz | 11.06.2026 | ASTANA Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Бурабай ауданында салынып жатқан қоқыс өңдеу зауытының құрылыс алаңында болды.

Партия төрағасы нысанның құрылыс барысымен танысып, жобаның өңір экологиясын жақсартудағы маңызын атап өтті. Қазіргі уақытта зауыттың іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңі жүргізілуде.

Мердігер компания өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорынды 2027 жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.


Айта кетейік, осындай қоқыс өңдеу кешендері Ақмола облысының Көкшетау қаласында, сондай-ақ Зеренді және Бурабай аудандарында салынуда. Инвестициялық жобалардың жалпы құны шамамен 7 млрд теңгені құрайды.


Азаматхан Әміртаев экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мұндай жобалардың аса қажет екенін айтты.

– Табиғат тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсерін азайту бағытында қоқысты қайта өңдеу кешендерінің маңызы зор. Бұл ретте Ақмола облысы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыруға елеулі үлес қосып отыр. Осы жұмыстарға қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Марат Ахметжановқа алғысымды білдіремін, – деді партия төрағасы.

Мамандардың айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды ашық полигондарда сақтау немесе өртеу ауа сапасының нашарлауына және экологиялық қауіптердің артуына алып келеді. Сондықтан қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу әлем елдерінде кеңінен қолданылатын тиімді тәжірибе саналады.