Munarmedia.kz | 11.06.2026 | ASTANA Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Ақмола облысының Бұланды ауданына жасаған сапары барысында бірқатар әлеуметтік және экологиялық маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты.
Сапар аясында партия төрағасы ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген, кейін бюджет қаражаты есебінен қайта жаңғыртылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болды.
Спорт мектебінің директоры Серік Құрманов пен аудан әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, аудан әкімі Ардақ Смайыловтың бастамасымен заманауи талаптарға сай ұзындығы 25 метр болатын жүзу бассейні салынып, тұрғындардың игілігіне берілген.
Қазіргі таңда мектепте футбол, жүзу, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлері бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар қыз балалар арасында ауыр атлетика секциясы ерекше сұранысқа ие.
Азаматхан Әміртаев жас спортшылармен кездесіп, оларға болашақ жарыстарда табыс тілеп, дені сау әрі мәдениетті ұрпақ болып қалыптасудың маңызын атап өтті.
Сапар барысында аудандағы мәдениет саласының дамуына да назар аударылды. Бүгінде Бұланды ауданында үш ауылдық округтегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл жұмыстар облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Партия төрағасы өңірдің рухани және мәдени дамуына бағытталған бастамалардың ел болашағы үшін маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар «Байтақ» партиясының қатарына соңғы уақытта Бұланды ауданынан 200-ден астам адамның мүше болуы ұйым жұмысына деген сенімнің артқанын көрсетеді. Бұл ретте аудандық филиал төрағасы Амангелді Советханұлының жүйелі жұмысы ерекше атап өтілді.