Munarmedia.kz | 11.06.2026 | ASTANA Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді.
Бұған дейін партия жетекшісі еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерін аралап, экологиялық ахуалмен танысып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылаған болатын. Бұл жолғы сапар Ақмола облысының туристік және табиғи әлеуеті жоғары Бурабай өңірінен басталды.
Партия төрағасын Ақмола облыстық филиалының делегациясы қарсы алды. Делегация құрамында облыстық филиал төрағасы Баяжұма Асылбек, сондай-ақ Бурабай, Егіндікөл және Бұланды аудандық филиалдарының төрағалары Осман Яндиев, Нұрлан Құсайынов және Амангелді Советханұлы болды.
Сапар аясында Азаматхан Әміртаев Бурабайдағы орман шаруашылығы, экология және туризм саласына мамандар даярлайтын оқу орнының жұмысымен танысты. 1898 жылы негізі қаланған колледж өңірдегі тарихы терең білім беру мекемелерінің бірі саналады.
Колледж директоры Азамат Қожақов қонақтарды оқу орнының музейімен таныстырып, білім ордасының қалыптасу тарихы мен жетістіктері жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ партия төрағасы құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Одан кейін Азаматхан Әміртаев студент жастармен кездесіп, экология саласының бүгінгі маңызы, табиғатты қорғау мәдениеті және экологиялық мамандықтардың болашағы туралы пікір алмасты.
Кездесуде экология саласының ардагері Болат Оспанов, өңірдің белсенді азаматтары Есболат Дүйсенбаев пен Герихан Яндиев жастарға ақыл-кеңестерін айтып, қоршаған ортаны қорғау ісіндегі жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Іс-шараға «Байтақ» партиясының Ақмола облыстық филиалына қарасты аудандық филиал төрағалары мен саяси кеңес мүшелері қатысты.
Сапар барысында партия активінің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылып, ұйымның өңірдегі атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы міндеттері талқыланды. Сонымен қатар Атбасар қаласындағы экологиялық мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Жиын барысында Егіндікөл аудандық филиалының төрағасы Нұрлан Құсайынов пен Бұланды аудандық филиалының төрағасы Амангелді Советханұлы партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтардың мүшелік өтініштерін партия төрағасына табыстады.
Кездесуге Ақмола облысының Экология департаменті мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері де қатысты.
Жиын қорытындысында өңірдегі экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысып жүрген партия мүшелері мен қоғам белсенділері Азаматхан Әміртаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды.