АҚШ апелляциялық соты ФРЖ басқарушы кеңесінің мүшесін жұмыстан қорғап қалды

34

Munarmedia.kz 18.09.2025 жыл /Астана/-АҚШ-тағы апелляциялық сот президент Дональд Трамптың Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) басқарушылар кеңесінің мүшесі Лиза Кукты қызметінен босату туралы талабын қанағаттандырмады. Бұл – ФРЖ тарихында алғаш рет мемлекет басшысының әрекеттегі кеңес мүшесін қызметінен аластауға талпыныс жасауы. Бұл туралы Reuters-ке сілтеме жасаған Exclusive.kz хабарлайды.

Колумбия округінің соты төменгі инстанцияның шешімін күшінде қалдырды. Бұған дейінгі сот шешімі Кукты жұмыстан уақытша қорғап, қызметінен босату процесін тоқтатқан болатын. Апелляциялық алқадағы үш судьяның екеуі әкімшіліктің талабына қарсы дауыс берсе, біреуі қолдаған. Сот шешімінде Кукқа тағылған айыптар жөнінде дер кезінде хабарланбағаны және ол өзінің құқығын қорғау мүмкіндігінен айырылғаны атап көрсетілді. Бұл жағдай оның конституциялық құқықтарының бұзылуына теңестірілді.

Трамп өз кезегінде президенттің ФРЖ кеңесінің мүшелерін белгілі бір негіздер болған жағдайда қызметінен босатуға құқы бар екенін алға тартады. Ол Кукты 2022 жылғы тағайындауына дейін ипотекалық несие рәсімдеуде заң бұзушылықтарға жол берген деп айыптады. Алайда Лиза Кук бұл айыптауларды ойдан құрастырылған әрі саяси астары бар деп есептейді. Оның айтуынша, шын мәнінде мәселе оның ақша-кредит саясатына қатысты ұстанымында жатыр. Кук инфляцияны тежеуге бағытталған сақтық саясатты қолдаса, Трамп пайыздық мөлшерлемелерді күрт төмендетуді талап етіп отыр.

ФРЖ дәстүрлі түрде Ақ үйден тәуелсіз жұмыс істейтін институт болып саналады. Сондықтан бұл істің нәтижесі орталық банктің институционалды тәуелсіздігіне тікелей ықпал етуі мүмкін. 16 қыркүйекте өтетін ФРЖ отырысында базалық мөлшерлемені төмендету мәселесі қаралады. Осы жиында Лиза Кук та дауыс беру құқығын сақтап қалмақ.

Сонымен қатар, Трамп әкімшілігінің бұл істі Жоғарғы сотқа апелляцияға беруіне санаулы сағаттар қалды. Ал 15 қыркүйек кешінде Сенат ФРЖ басқарушылар кеңесіне жаңа мүше ретінде Стивен Миранның кандидатурасын аз ғана басымдықпен – 48 дауыспен 47-ге қарсы – қолдады. Бұған дейін ол Ақ үй жанындағы экономикалық кеңесшілер кеңесін басқарған. Миран жұмсақ ақша-кредит саясатын жақтайды және бұл тұрғыда Трамптың пайыздық мөлшерлемелерді түсіру талабымен үндеседі.