Munarmedia.kz 18.09.2025 жыл /Астана/-Атыраудағы сот Бибігүл Шпановаға жасалған ауыр қылмыс ісі бойынша шешімін жариялады. NCOC мұнай компаниясының менеджері болған марқұмды айуандықпен өлтірген Арман Жетпісовке ерекше режимдегі түзету мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бұл туралы «Qumash» хабарлады.
Тергеу деректеріне сүйенсек, бұрын сотталған Атырау тұрғыны Арман Жетпісов «Француз кварталы» тұрғын үй кешенінде сантехник болып жұмыс істеген. Дәл осы кешеннен Бибігүл Шпанова пәтер сатып алып, оны жөндеу үшін Жетпісовті жалдаған. Кейіннен ол марқұмның автотұрақ орнын сатып алу жоспарын біліп, «құрылыс компаниясынан жеңілдік алып беремін» деп сендірген. Алдын ала төлем алғаннан кейін уәдесін орындамай, Шпанованы алдаған.
Әйел алаяқтықты түсінген соң, айыпталушыға қоңырау шалып, шағым түсіретінін айтқан. Сол сәтте мас күйінде оның үйіне барған Жетпісов бірнеше рет пышақ сұғып, артынша зорлап, қансырап жатқан жерінде қалдырған. Қылмыскер марқұмның ұялы телефонын, әшекей бұйымдарын және автокөлігінің кілтін алып кеткен. Үйдің есігін іштен құлыптап, Шпанованың көлігімен қашқанымен, көп ұзамай жол апатына ұшыраған. Кейін ол Маңғыстау облысындағы ауылдардың бірінен ұсталды.
Сот барысында қайғылы жағдайдың тағы бір қасіретті қыры белгілі болды: Бибігүл Шпанова жүкті болған.
Іс материалдары құпия түрде қаралды. Айыпталушының кінәсі бейнебақылау камерасындағы жазбалар мен оның өз мойындаулары арқылы толық дәлелденді.
Сот әрекетті «аса ауыр қылмыс» деп таныды. Ешқандай жеңілдететін мән-жай табылмады. Керісінше, айыпталушының қылмыс кезінде мас күйінде болуы қатаңдататын жағдай ретінде бағаланды.
Сот шешімімен Арман Жетпісов өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жәбірленуші тарапқа өтемақы төлеуге міндеттелді.
Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.