Munarmedia.kz 18.09.2025 жыл /Астана/-Сирия президенті Ахмед аш-Шараа билікке келгеніне тоғыз ай ғана уақыт өтсе де, айтарлықтай дипломатиялық жетістіктерге қол жеткізді. Алайда ол қазір ең басты күрестің алдында тұр – терең қақтығыстарға бөлінген мемлекеттің бірлігін сақтап қалу. Бұл туралы Reuters-ке сілтеме жасаған Exclusive.kz хабарлады.
Агенттік деректеріне сәйкес, Сирияның солтүстік-шығысында күрд күштері 14 жылға созылған азаматтық соғыстан кейін мемлекет құрамына қайта интеграциялануға қарсы шығып, өз құқықтарын мойындайтын жаңа конституция қабылдауды талап етуде. Ал оңтүстік-шығыста друз қауымының өкілдері тамыз айындағы үкімет әскерімен қанды қақтығыстардан соң ашық түрде тәуелсіздікке шақыра бастады. Солтүстік-батыстағы алавит жетекшілері де билікке наразылық танытып отыр. Наурыз айында үкіметпен байланысы бар суннит жасақтарының жүздеген бейбіт тұрғынды қырғынға ұшыратуы алавит қауымына қатер ретінде қабылданған.
Әртүрлі діни азшылықтардың жетекшілері – алавиттер, христиандар және друздар – Шараа әкімшілігінің исламшыл саясатына қарсы наразылық білдіруде.
Друздардың рухани көсемі шейх Хикмат әл-Хаджари тамыз айының соңында ашық мәлімдеме жасап, тәуелсіздік талап етті. Ол үкімет қолдайтын бедуин жасақтарын друз халқын «жоймақ болды» деп айыптады. Эс-Сувейда қаласында өткен наразылықтарда протестанттар Израиль туымен бірге друздардың түрлі-түсті байрағын көтеріп, тәуелсіздікке шақырған болатын. Қазір бұл өңірде друз жасақтары бақылау-өткізу пункттерін қадағалап, жолдарды күзетіп, жергілікті кеңестерді өздері басқара бастады.
Reuters агенттігіне пікір білдірген жоғары лауазымды сириялық шенеунік Эс-Сувейдадағы татулық ең әуелі қоныстарынан айырылған бедуиндер мен друздарды үйлеріне қайта оралту арқылы басталуы тиіс екенін, сондай-ақ суннит арабтар мен друз жасақтарының тұтқындарын алмастыру сенімді біртіндеп қалпына келтіру құралы бола алатынын айтты.
Сирия билігі бұл ахуалды ушықтыруда Израильді айыптап отыр. Дамаск мәліметінше, Асад құлатылғаннан кейін Израиль Сирияның оңтүстігіндегі біраз аумақты басып алып, елді дестабилизациялау үшін дінаралық алауыздықты қоздыруда. Ал Израиль өз кезегінде друздарды және шекара маңындағы аймақтарды содырлардан қорғауды басты міндет санайтынын мәлімдеді.
Тамыз айында күрдтердің бастамасымен Хасеке қаласында өткен жиында 400-ге жуық өкіл – күрдтер, алавиттер мен друздар – Сирияның болашағын талқылады. Қорытынды мәлімдемеде азшылық құқықтарын кепілдендіретін жаңа конституция қабылдау қажеттігі айтылды.
Сириядағы екі миллион алавиттің рухани жетекшісі Газаль Газаль биліктің «дінді желеу етіп экстремистік идеологияны күштеп енгізіп отырғанын», бұл азшылықтардың өмір сүруіне қатер төндіретінін атап өтті.
Президент аш-Шараа федерализмді де, мемлекетті бөлуді де қабылдамайтынын қатаң мәлімдеді. Оның айтуынша, басты мақсат – елді біріктіріп, барлық сириялықтардың мүддесін қорғау. Ол Эс-Сувейдадағы қырғынға кінәлілерді жазалауға уәде берді. Қыркүйектің басында сириялық билік ІІМ мен Қорғаныс министрлігінің кейбір қызметкерлерін қамауға алғанын хабарлады.
Ахмед Хусейн аш-Шараа – «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымының бұрынғы жетекшісі. Ол осы жылдың қаңтарында уақытша президент болып тағайындалған еді. Оның құзыреті жаңа конституция қабылданғанға дейін уақытша заң шығару кеңесін құруға бағытталған. Аш-Шараа желтоқсандағы көтерілістер нәтижесінде Башар Асад режимін құлатқан негізгі күштердің бірі болды.
Президент Шараа «жаңа Сирия ешкімге қауіп төндірмейді, ел Ауғанстандағыдай талибтер мемлекетіне айналмайды» деп сендіреді.
Вашингтон институтының Таяу Шығыс пен Левант мәселелері жөніндегі аға сарапшысы Эндрю Таблердің пікірінше, егер Шараа бөлшектенген қауымдарды татуластыра алмаса, оның саяси капиталы жоғалуы ықтимал:
«Шараа елді қайта біріктіре алмай, тек бір бөлігін ғана билеуі мүмкін. Бұл оның құлатылатынын білдірмейді, бірақ билігі шектеулі аймақпен ғана шектеледі».
Сонымен қатар, үкіметтегі дереккөздер мен шетелдік дипломаттар Сирияның солтүстік-шығысында қайта соғыс өрті тұтануы ықтимал екенін айтады. Себебі күрд анклавы наурызда Вашингтон араласуымен жасалған келісімге сәйкес орталық билікке интеграцияланудан бас тартуы мүмкін. Күрд билігі қазіргі шариғат негізінде қабылданған уақытша конституция азшылықтардың құқықтарын қорғауға қауқарсыз екенін мәлімдеп отыр.
Фото: Reuters