Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жаза енгізілді

55

Munarmedia.kz 18.09.2025 жыл /Астана/-Қазақстанда дропперлікке қатысты жаңа қылмыстық бап күшіне енді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған Exclusive.kz хабарлайды.

Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа нормаға сәйкес дропперлік мынадай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады:

  • банк шоты, төлем құралы немесе жеке сәйкестендіру мәліметтеріне заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе сатып алу;

  • заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, соның ішінде үшінші тұлғалардың пайдасына сыйақы үшін жүргізу.

Жаңа заң нормасы бойынша азаматтар жасаған әрекетінің сипатына, ауырлығына және келтірілген залалдың мөлшеріне қарай айыппұлдан бастап жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына, сондай-ақ мүлкін тәркілеуге дейінгі жазаға тартылады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл қадам киберқылмысқа жүйелі түрде тосқауыл қоюға, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге және цифрлық кеңістікте әрекет ететін қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған.

Фото: Depositphotos.com