Munarmedia.kz 11.01.2026 /Астана/ ExxonMobil компаниясының басшысы Даррен Вудс мұнайшылардың Дональд Трамппен өткен кездесуінде Венесуэланы инвестиция салуға жарамсыз ел деп атады. Бұл Трамп мұнай компанияларын Венесуэланың мұнай саласына 100 млрд доллар инвестиция құюға үгіттеуге тырысқан сәтте айтылған.
Кездесу барысында тек бірнеше компания ғана байыпты оптимизм білдірді. Атап айтқанда, Венесуэлада тәулігіне шамамен 240 мың баррель мұнай өндіретін Chevron және испаниялық Repsol компаниясы. Бұл туралы Financial Times жазады.
Соңғы ондаған жылда Венесуэланың мұнай инфрақұрылымы айтарлықтай тозған. Сарапшылардың кейбір бағалауы бойынша, өндірісті кем дегенде тәулігіне 2 млн баррель деңгейіне жеткізу үшін 183 млрд доллар қажет, ал бұл шамамен 15 жыл уақытты алады.
Сонымен қатар венесуэлалық мұнай жобаларының өзін-өзі ақтауы да күмән тудырады. Қазіргі таңда әлемдік нарықта мұнай ұсынысы артық, ал Венесуэла мұнайы аса ауыр әрі тұтқыр болғандықтан, оны өндіру қымбатқа түседі және ол нарықта айтарлықтай жеңілдікпен сатылады.
Сарапшылардың пікірінше, Венесуэла мұнайы арқылы әлемдік мұнай бағасын төмендету Трамптың қолынан келуі екіталай.