Қазақстан экономикасы баяулай бастауы мүмкін.

45

Munarmedia.kz 11.01.2026 /Астана/ Мемлекет тарапынан экономикаға қаржы құю есебінен алты жыл бойы белсенді өсіп келген жалпы ішкі өнімнен (ЖІӨ) кейін Қазақстан экономикасы баяулай бастауы мүмкін. Бұған биліктің Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемін қысқарту туралы шешімі, сондай-ақ салық реформасымен қатар сақталып отырған жоғары инфляция әсер етпек. Соның салдарынан «Власть» басылымы сауалнама жүргізген сарапшылар ресми статистика мен азаматтардың нақты әл-ауқаты арасындағы алшақтықтың одан әрі ұлғаятынын күтеді.

«Қазақстан жағдайында бұл — дамушы нарық екенін, экономикасының жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын ескеруіміз керек. Сондықтан белгілі бір кезеңде өсімнің баяулауы — заңды құбылыс», — дейді ING Bank-тің ТМД елдері бойынша бас экономисі Дмитрий Долгин.

Ең өзекті мәселе ретінде азаматтардың нақты табысының төмендеуі қала бермек. Экономист Рахимбек Абдрахмановтың айтуынша, егер 28 негізгі тауар мен қызмет түрінің (азық-түлік, газ, коммуналдық қызметтер) қымбаттауын негізге алсақ, 2025 жылы халық табысының төмендеуі 5–6 пайызды құраған. Қазақстандықтар өмір сүру сапасының нашарлауын несиелер алу және жинақтарын жұмсау арқылы өтеуге тырысуда. Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасады.

«Сондықтан 2026 жылға арналған базалық сценарий — өмір сүру деңгейінің баяу, бірақ тұрақты түрде төмендеуі. Бұл күрт құлдырау емес, біртіндеп кедейлену түрінде болады. Келесі жылы біз қазіргі жұмыс моделі өзінің әлеуетін толық тауысып болғанын сөзсіз түсінеміз. Фискалдық ынталандыру енді табыстың өсуін де, тұрақты бюджетті де, әлеуметтік тұрақтылықты да қамтамасыз ете алмайды», — деп түйіндеді Абдрахманов.