Munarmedia.kz 14.10.2025 жыл /Астана/-АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай импортына қосымша 100 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеп, Бейжіңге тікелей қоқан-лоқы жасады. Ал Қытай тарапы мұндай қадамдарға қарсы жауаптық шаралар қабылдайтынын ескертті, деп хабарлайды Exclusive.kz сайты CNN-ге сілтеме жасап.
10 қазанда Дональд Трамп Қытайдың сирек кездесетін жер металдарын экспорттауға қойылатын ережелерді қатаңдату шешіміне ашық түрде наразылық білдіріп, Пекинді «әлемді кепілге алу» және «дұшпандық әрекетке бару» деп айыптады. Truth Social платформасында жарияланған жазбасында ол Қытай «сауда саласында ерекше агрессивті позиция ұстанды» деп мәлімдеді. Трамптың айтуынша, 1 қарашадан бастап АҚШ Қытайдан әкелінетін барлық тауарға қазіргі бардан бөлек қосымша 100 пайыздық тариф енгізеді және стратегиялық маңызы бар бағдарламалық қамтамасыз етуге экспорттық шектеу қояды.
12 қазанда Қытайдың Сауда министрлігі бұған жауап қатты.
«Баж салығын көтеремін деген қауіп – Қытаймен қарым-қатынас орнатудың дұрыс жолы емес. Егер АҚШ біржақты саясат жүргізуді жалғастырса, Қытай өз заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін батыл әрі нақты шаралар қабылдайды. Біз сауда соғысын қаламаймыз, бірақ қорықпаймыз да», – делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы жаңа шиеленіс халықаралық қаржы нарығына әсер етпей қойған жоқ. Биржадағы акциялар құлдырап, инвесторлар мен өндіріс саласы арасында көктемдегі сауда текетіресін қайталау қаупі жөнінде алаңдаушылық күшейді. Сол кезде екі елдің өзара енгізген тарифтері 145 және 120 пайыз деңгейіне дейін көтерілген болатын.
Фото: Depositphotos.com