Трамп: «Газа соғысы аяқталды»

34

Munarmedia.kz 14.10.2025 жыл /Астана/-13 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы соғыстың аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Вашингтоннан Израильге ұшып бара жатқан кезінде журналистерге айтқан. Президенттің сапары барысында Кнессетте сөз сөйлеп, Египетте өтетін бейбітшілік саммитіне қатысу жоспарланған, деп хабарлайды Exclusive.kz сайты Reuters-ке сілтеме жасап.

Трамптың айтуынша, «Таяу Шығыс бейбіт қалыпқа бет алды». Газа секторында Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі үшінші күн қатарынан сақталып тұр. Дүйсенбі күні таңертең 20 тірі тұтқынның босатылуы және қаза тапқан 28 адамның денесінің қайтарылуы күтіледі. ХАМАС өз тарапынан бұл келісімнің алғашқы кезеңіне қатысатынын растады.

Израиль үкіметінің өкілі Шош Бедросянның хабарлауынша, Тель-Авив жауап ретінде тұтқындармен алмасу үдерісін бастауға дайын. Ел билігі ХАМАС-қа 250 палестиналық тұтқынды тапсырады. Олардың арасында қозғалыстың жетекшілері жоқ екені атап өтілді. Сонымен қатар 2023 жылдың 7 қазанынан кейін Газа секторында ұсталған 1700 адамды босату мәселесі де қарастырылуда.

12 қазанда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халыққа үндеу жасап, жаңа кезеңнің басталатынын айтты:

«Ертең жаңару, сауығу және, үміттенемін, адамдар арасындағы татуласу жолы басталады», – деді ол.

Палестина автономиясының президенті Махмуд Аббас та Шарм-эш-Шейх қаласында өтетін саммитке қатысады. Жиында әлем көшбасшылары аймақтық бейбітшілікті бекіту мен қалпына келтіру қадамдарын талқылайды.

Ал бұл уақытта Газа тұрғындары қирандылар арасынан өз үйлеріне қайта оралуда. Еріктілер қауіпті аймақтарда жарылмаған оқ-дәрілер бар екенін ескертуде. Гуманитарлық ұйымдардың есебі бойынша, 1,5 миллион босқынға баспана ретінде 300 мыңға жуық шатыр қажет болады.

Фото: Depositphotos.com