Munarmedia.kz 14.10.2025 жыл /Астана/-Be Woman форумының төңірегіндегі дау елдің қоғамдық кеңістігін дүр сілкіндірді. Белгілі тележүргізушінің форум ұйымдастырушыларын қорғап, қоғамда туған наразылықты «жаппай хейтерлік мәдениет» деп атауы халықтың ашу-ызасын одан сайын күшейтті. Ал құқық қорғаушы әрі саясаттанушы Ғалым Ағелеуов мұны «билік халықтың үнін тағы да тұншықтыруға тырысқан әрекет» деп бағалады.
– Мұндай сөздер – өз халқын менсінбеудің көрінісі. Билік пен өзін элита санайтын топтар бізге ұсынатын күн тәртібі баяғыда ескірген, – дейді Ағелеуов. – Be Woman секілді «жарқыраған» жиындар қоғам мен билік арасындағы алшақтықтың терең екенін ашық көрсетті.
Қазір халық өмірдің барлық саласында дағдарысты сезініп отыр. Экономикалық қиындықтармен қатар, әлеуметтік сенім дағдарысы да бар. Мұндай жағдайда адамдар биліктің кез келген шешіміне сын көзбен қарайды. Бірақ бұл – «диванда отырып сынау» емес, шынайы наразылықтың көрінісі. Себебі билік азаматтардың нақты сұраныстарын елемейді, қоғамдық бастамаларға мүмкіндік бермейді.
Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, қоғамның белсенділігін шектеу – авторитарлық ойлаудың салдары. Сондықтан Be Woman сияқты шаралар халық үшін «бу шығаратын» алаңға айналды. Бірақ форумға Ресейден келген атышулы саяси технолог Алексей Ситниковтың қатысуы ашу тудырды. Оның сұхбаты мен ұйымдастырылған формат кәсіби деңгейден алыс болды, – дейді сарапшы.
– Позитив өзгеріс әрқашан халықтың өз ішінен туады. Еркін пікір алмасу, қоғамның өз мәселесін өзі айтуы – міне, шынайы даму соның арқасында ғана болады. Ал мемлекеттік тапсырыс арқылы жасалған «жалған диалог» халықты тек шаршатады, – дейді ол.
Алексей Ситниковтың есімі қазақстандықтарға бұрыннан таныс. Ол 2005 жылғы президенттік сайлау кезінде «Отан» партиясымен жұмыс істеп, қоғамды үрейде ұстауға бағытталған ақпараттық манипуляциялар жасаған. Сол кезде ол ауыл жастары «қалаларға шабуыл жасайды» деген қауесет таратып, халықты қорқыту арқылы диктаторлық билікті ақтап алуға тырысқан еді.
Бүгінде осындай манипуляторлар билікке бұрынғыдан да қажет. Бұрын олар «Отан» мен «Нұр Отанның» жобаларында жүрсе, қазір «Аманат» партиясының айналасында. Бұл – сол баяғы элитаның сол күйі өзгермегенін көрсетеді. Әйтпесе неге «әйелдердің дамуы» туралы форумға Кремльдің идеологтарын шақыру қажет болды? Бұл кездейсоқ емес: алда өтетін «Ресей мен Қазақстан» форумының алдында осындай қонақтарды қабылдау арқылы билік Мәскеуге адалдығын көрсеткісі келеді.
Ал Ресейдің саяси манипуляцияларын, Путинді дәріптеуді және «55 елді қорқытқан көшбасшы» жөніндегі мәлімдемелерді тарату – бұл ақпараттық ықпалдың классикалық үлгісі. Бірақ қазақстандықтар ондай тәсілдерге көнбейтінін көрсетті.
Қазір қоғам ояу: халық өз пікірін айтуға дайын, өз сарапшыларын тыңдағысы келеді. Алайда билік бұны түсінгісі келмейді. Мемлекеттік ақпараттық саясат пен «госзаказға» байланған медиа биліктің ғана мүддесін қорғайды. Ал шынайы диалог жоқ жерде сенім де болмайды.
Be Woman форумының төңірегіндегі дау – осының айқын дәлелі. Қазақстан халқы өзімен сөйлесуді, пікірін ескеруді, түсіндіру мен келіссөз жүргізуді талап етеді. Бірақ билік әлі де «жоғарыдан бұйрық беру» әдісін қолданады. «Жаңа Қазақстан» деп аталған реформалар осындай жағдайда шынайы жаңару бола ала ма?
Ағелеуов бұл сұраққа мысал ретінде бір сәт мәдениет саласына назар аудартады:
– Бұрын халықаралық деңгейдегі «Еуразия» кинофестивалі елдің мәдени беделін көтеріп, еркін шығармашылыққа мүмкіндік беретін. Ал бүгінде оның орнын осындай жасанды жиындар басып отыр. Кезінде режиссер Әділхан Ержанов «Казахфильм» басшылығы өз фильміне бөлінген 100 миллион теңгенің 80 миллионын жымқырмақ болғанын ашық айтқан еді. Бұл жағдай Қазақстандағы жүйенің клептократиялық сипатын әбден айғақтап берді.
Қоғамда барлығы сатып алынып, сатылатын кезде еркін ойлы адамдар шетке ығыстырылады. Шынайы өнер мен азаматтық бастамалар үшін алаң қалмайды. Ал ондай қоғам ұзаққа бармайды — ол өзімен бірге мемлекетті де, мәдениетті де құлдыратады.
– Егер біз шығармашылық еркіндігі бар, жаңа буын авторлары мен режиссерлерді қолдағымыз келсе, пікірталасқа ашық алаңдар қажет. Сонда ғана жаңа «қазақ толқыны» дүниеге келеді, – дейді Ғалым Ағелеуов.
Мерей Сүгірбаева