Белгісіз қытайлық ескерту: КХР-де билік ауысуы мүмкін бе?

54

Munarmedia.kz 14.10.2025 жыл /Астана/-Соңғы айларда халықаралық сарапшылар қауымдастығында Қытай басшысы Си Цзиньпин өз орнынан кетуі ықтимал деген әңгімелер жиі талқыланып жүр. Бұл болжамдар алдағы Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің пленумына қарай ерекше назар аудартты.

Мұндай ықтималдық туралы пікірін Коннектикут университетінің профессоры, америкалық математик Вадим Ольшевский өз парақшасында жазған.

Оның айтуынша, биыл мамыр айынан бастап шетелде жүрген қытайлық оппозиция өкілдері Си Цзиньпиннің биліктен кетуіне дайындыққа ұқсас үнсіз кампания бастаған. Бұл ашық үгіт емес, Қытай саяси мәдениетіне тән — тұспалдап, астарлап айту, жартылай сыбыс түріндегі ишаралармен жүріп жатқан әрекет.

Мысалы, «Си бірнеше күн бойы жұрт алдына шықпады, демек, бұл бірдеңенің белгісі» деген мазмұндағы хабарламалар әлеуметтік желілер мен жабық топтарда тарай бастаған. Мұның артында құпия ұйымдар, көлеңкелі жоспарлар, тіпті нақты оқиғаларға негізделген конспирологиялық жорамалдар бар деген пікірлер айтылады.

Профессор Ольшевский бұл әңгімелердің растығына нақты баға беруден бас тартады. Ол диссиденттердің айтқандары расымен билік ауысуының хабаршысы болуы мүмкін екенін де, бірақ сонымен қатар бұл еш негізсіз ақпараттық манипуляция болуы ықтимал екенін де айтады.

Алайда сарапшының назарын аудартқан жайт — Fox News телеарнасының бұл мәліметтерді өз эфирінде қайталап тарата бастауы. Бұл Батыстың ақпараттық кеңістігінде Қытай ішкі саясатына деген қызығушылық артып келе жатқанын көрсетеді.

Дегенмен бүгінгі таңда ешбір халықаралық басылым немесе сарапшы Си Цзиньпин билікте қала ма, әлде орнын босата ма — бұл жөнінде нақты болжам айта алмай отыр. Себебі Қытай саяси жүйесі жабық құрылымға негізделген, ал ішкі ақпарат пен «инсайдерлік деректерді» тексеру мүмкін емес.

Сондықтан нақты жауап тек 20 қазанда өтетін Қытай Компартиясының пленумынан кейін белгілі болмақ.

Фото: kremlin.ru