АҚШ Польшаға 4 мыңнан астам әскери қызметкерлер жіберу жоспарын тоқтатты

4


АСТАНА.16.05.2026.Munarmedia.kz – АҚШ армиясы Польшаға 4 мыңнан астам әскери қызметкерді орналастыру жөніндегі жоспарланған миссиясын тоқтатты. Бұл туралы Defense News хабарлады.

Мәліметке сәйкес, әңгіме АҚШ Құрлық әскерлерінің 1-кавалериялық дивизиясына қарасты 2-бронетанк бригадасының әскери құрамына қатысты болып отыр. «Блэк Джек» атауымен белгілі бұл бөлімше Польша аумағында тоғыз айлық ротациялық қызмет атқаруы тиіс болған.

Ақпаратқа қарағанда, бригаданың алдыңғы қатарлы кейбір бөлімдері Польшаға жетіп үлгерген, ал әскери техника жолда болған. Алайда жоспар күтпеген жерден тоқтатылды.

Америкалық сарапшылар мұны АҚШ армиясындағы қаржылық қиындықтармен байланыстырып отыр. АҚШ Конгресіндегі заң шығарушылар бұған дейін армия бюджетінде кемінде 2 миллиард доллар тапшылық туындауы мүмкін екенін ескерткен. Ал ABC News бағалауынша, нақты тапшылық көлемі 4-6 миллиард доллар аралығында болуы ықтимал.

Бұған дейін Дональд Трамп Германиядағы америкалық әскери контингенттің бір бөлігін Польшаға көшіру идеясын бірнеше рет көтерген болатын. Вашингтон мұны Шығыс Еуропадағы қауіпсіздікті күшейту және НАТО-ның шығыс қанатын нығайту мақсатымен түсіндірген еді.

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың әскери шығындарының артуы, Таяу Шығыстағы шиеленістер мен әлемдік геосаяси тұрақсыздық Пентагон бюджетіне қосымша салмақ түсіріп отыр.

Қазіргі уақытта АҚШ Қорғаныс министрлігі Польшадағы әскери жоспарлардың өзгеруіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

#АҚШ #Польша #Пентагон #НАТО #Әскер #ХалықаралықҚатынастар #Munarmedia