Munarmedia.kz-10.11.2026ж/Астана/-АҚШ-тың мемлекеттік қаржы институттары Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына 1,6 млрд доллар көлемінде қаржы бөлуді мақұлдамауы мүмкін. Бұл жобаға АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары да инвестициялық құрылымдар арқылы жанама түрде қатысады. Bloomberg басылымының хабарлауынша, бұған жобаның экономикалық тиімділігіне қатысты күмән себеп болған.
Әңгіме Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын игеру туралы болып отыр.
Жобаны америкалық Cove Capital компаниясы Қазақстанның «Тау-Кен Самұрық» компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлаған. Келісім бойынша америкалық тарап жобаның 70 пайызына, ал қазақстандық тарап 30 пайызына ие болады.
Бұған дейін АҚШ Экспорт-импорт банкі жобаны 900 млн долларға дейін қаржыландыруға алдын ала қызығушылық танытқан. Ал АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) тағы 700 млн доллар бөлу мүмкіндігін қарастырған.
Алайда бұл қолдау қаржыландырудың түпкілікті мақұлданғанын білдірмейді.
Дональд Трамптың ұлдары – Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамптың жобада байланысы бар инвестициялық құрылымдар арқылы жанама үлесі бар.
Бұған дейін The New York Times басылымы бұл келісімге АҚШ әкімшілігінің жоғары деңгейінде, соның ішінде президент Дональд Трамп пен Сауда министрі Ховард Латниктің қолдау білдіргенін жазған.
Ал Трамптың ұлдары өздерін жобаны басқаруға араласпайтын пассивті инвесторлар ретінде сипаттаған.
Вольфрам қорғаныс өнеркәсібінде, авиацияда, электроникада және аса берік материалдар өндіруде кеңінен қолданылады.
Қытай әлемдік вольфрам нарығында басым орынға ие. Сондықтан АҚШ стратегиялық маңызы бар бұл металды жеткізудің балама көздерін іздеп отыр.
Қазақстандағы кен орындарын игеру екі ел үшін де шикізат жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік беретін ірі жобалардың бірі болуы мүмкін.
Дегенмен АҚШ тарапынан қаржыландырудың мақұлданбауы жобаның жүзеге асу мерзімі мен инвестициялық жоспарына әсер етуі ықтимал.
#Қазақстан #АҚШ #Вольфрам #Трамп #Инвестиция #ҚарағандыОблысы #ТауКенСамұрық