Ақтауда тұрғындар жарық пен жылусыз қалғанына наразылық білдіріп, жолды жапты

66

Munarmedia.kz-12.11.2026ж/Астана/-Ақтау қаласында электр жарығы, жылу және ыстық сусыз қалған тұрғындар наразылық білдіріп, 19А және 20-шағынаудандар арасындағы автожолды жауып тастады.

Тұрғындардың айтуынша, үйлерінде бір тәулікке жуық уақыт бойы электр жарығы, жылу және ыстық су болмаған. Жарықтың жоқтығынан тоңазытқыштар істемей, азық-түлік бұзыла бастаған. Сонымен қатар, электр кернеуінің тұрақсыздығы тұрмыстық техниканы істен шығаруы мүмкін деген қауіп бар.

Наразылыққа шыққандар жауапты мекемелерден коммуналдық қызметтердің қашан қалпына келетінін нақты айтуды талап етті. Сондай-ақ электр ақауынан тұрмыстық техникасы бүлінген жағдайда шығынды кім өтейтінін сұрады.

«Ақтау электр желілері басқармасы» МКК мәліметінше, 20-шағынаудандағы бес тұрғын үй әлі де электр жарығынсыз қалған. Бұған нөсер жаңбыр салдарынан электр кабельдерінің зақымдануы себеп болған. Алайда мамандар бастапқыда жарықтың нақты қашан берілетінін айта алмаған.

Кейін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтауды жылу сапасына және оның жиі өшуіне қатысты шағым көп түсетін қалалардың қатарына қосты.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те қалада апат болғанын растады. Оның айтуынша, жаңбыр кезінде жоғары кернеулі электр желісі үзілген. Алайда апат болған аумақты су басып қалуына байланысты мамандардың зақымданған жерге жетуі қиындаған. Кейін жаңа сым жеткізіліп, ауыстырылған.

Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта апат толық жойылып, электрмен жабдықтау қалпына келтірілген.

Ал тұрғындарға келген ықтимал шығын мен жауапкершілік мәселесін жергілікті атқарушы органдар қарауы тиіс. Тұрмыстық техникасы істен шыққан азаматтарға министр әкімдікке жүгінуді ұсынды.

#Ақтау #Маңғыстау #ЭлектрЖарығы #КоммуналдықМәселе #Жылу #Қазақстан