Munarmedia.kz-12.11.2026ж/Астана/-Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 75 мың доллар пара алу және Еңбек ресурстарын дамыту орталығының миллиардтаған теңге кірісіне қатысты заңсыз схема бойынша бес адамға үкім шығарды.
Сотталғандардың арасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының экс-басшысы Дәулет Арғандықов және Бірінші кредиттік бюроның бұрынғы басшысы Руслан Омаров бар. Сондай-ақ орталықтың екі қызметкері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Досымов та сотталды.
Оларға қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, пара алу және беру, сондай-ақ зиянды компьютерлік бағдарламаларды жасау мен пайдалану айыптары тағылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2020 жылы мемлекеттік орталық пен жеке кредиттік бюро басшылығы ақпараттық қызметтерден түсетін кірісті бөлу туралы келісімшарт талаптарын өзгерткен. Соның нәтижесінде Бірінші кредиттік бюроға қаржылық тұрғыдан тиімді жағдай жасалған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, схемаға қатысушылар бәсекелес Мемлекеттік кредиттік бюроның сұраныстарды өңдеу жұмысын әдейі баяулататын арнайы бағдарламалық жасақтаманы пайдаланған. Тергеушілер мемлекетке келтірілген ықтимал шығынды 2 миллиард теңгеден астам деп бағалаған.
Іс бойынша Арғандықов, Омаров және Сарбасов 75 мың доллар параға қатысты тергеу аясында маусым айында ұсталған. Тінту кезінде олардан 370 мың доллар және 4,5 миллион теңге табылғаны хабарланды.
Сот бес айыпталушыны жекелеген эпизодтар бойынша кінәлі деп танып, кейбір айыптар бойынша ақтады.
Сот үкімі бойынша:
Дәулет Арғандықов пен Руслан Омаров 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оларға белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Ақмәди Сарбасов 4 жылға сотталды. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Тәуке Болатбаев пен Ақжол Досымов 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ақпараттық жүйелер, телекоммуникация желілері және бағдарламалық өнімдер саласындағы қызметпен айналысуға бір жылға тыйым салынды.
Сотталған бес азамат та жазасын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді.
#Қазақстан #Алматы #Сот #СыбайласЖемқорлық #Пара #КредиттікБюро #МемлекеттікҚызмет