Munarmedia.kz /Астана/ 4 шілде 2025 жыл-Арменияда ресейлік телеарналардың трансляциясын толық тоқтату мәселесі ашық талқыға түсті. Елдің Парламент төрағасы Ален Симонянның соңғы мәлімдемесі армян-ресей қатынасының шиеленіскенін тағы бір мәрте айғақтады. Спикер ресейлік кейбір жүргізушілерді «дегенераттар» деп атап, олар ел ішіндегі қоғамдық пікірге деструктивті әсер етіп отыр деп айыптады.
Симонян ресейлік мемлекеттік арналардың ақпараттық өнімдерін Арменияның ішкі ісіне тікелей араласу деп бағалады. «Бұл манкурттардың бағдарламалары бізде бұрыннан жабылған. Олардың елге кіруіне тыйым салынған. Енді солардың арналарымен де қоштасатын уақыт келген сияқты», — деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Мұндай қатаң риторика Арменияда ұзақ уақыт бойы жинақталған наразылықтың көрінісі. Ресейлік БАҚ-тың Армениядағы саяси процестерге қатысты үнемі сын айтуы мен Батысқа бет бұрған саясаткерлерді қаралауына жергілікті элита қарсы шыға бастады.
Симонян бұл мәлімдемесін ресейлік миллиардер, "Ташир" компаниялар тобының иесі Самвел Карапетянға қатысты дау аясында айтты. Парламент спикері Карапетянды қолдаушылардың кейбірін «оның конвертінен ақша алған адамдар» деп айыптап, олардың Ресейдің ықпалын сақтап қалуға тырысып отырғанын меңзеді.
Армения бұған дейін де ресейлік медиаға қарсы нақты қадамдар жасаған. 2024 жылдың наурызында елдің Телерадио хабарларын тарату жөніндегі комиссиясы Владимир Соловьевтің бағдарламаларын эфирден алып тастаған болатын. Ал 2023 жылдың желтоқсанында Армения СІМ Ресей тарапына медиасаласындағы ынтымақтастықты бұзып отыр деп шағым түсірген. Алайда, сол шағымдарға қатысты нақты дәлелдер ұсынылмаған.
Сол арада ресми Мәскеу бұл жолғы мәлімдемеге әзірге ресми жауап қатқан жоқ. Валентина Матвиенконың Арменияға жасаған жуырдағы сапары «жылы» әрі «конструктивті» өткен деп сипатталғанымен, ақпараттық саладағы қайшылықтар ашық қалпында қалып отыр.
Армения мен Ресей арасындағы саяси байланыстар әлсіреп келе жатқаны бұрыннан байқалса, енді ақпараттық алаңда да үзіліс пайда болуы ықтимал. Бұл – Кремль үшін посткеңестік кеңістіктегі "жұмсақ күшінің" әлсірегенін білдіреді.
Мұндай шешім Армениядағы Ресей ықпалының шегінуін жеделдетіп, елдің Батыс және аймақтық серіктестермен қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған тағы бір қадамы ретінде бағалануы мүмкін.
📌 Munarmedia.kz посткеңестік кеңістіктегі ақпараттық және саяси трансформацияларды назарда ұстап отыр.