Білім майданындағы күрес: Әзербайжан орыс тілінен бас тартып жатыр

194

Munarmedia.kz /Астана/ 4 шілде 2025 жыл-Әзербайжан билігі ел аумағындағы орыс тілді білім беру жүйесін түбегейлі жоюға кірісті. Жаңа жоспарға сәйкес, алдағы үш жыл ішінде орыс сыныптары мен пәндерді орыс тілінде оқытатын мектептер толықтай азербайжан тіліне көшіріледі. Бұл қадам Бакудің Мәскеумен арадағы қатынасының күрт нашарлауымен тұспа-тұс келіп отыр.

Ресми түрде бұл реформа – мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту мен ұлттық бірегейлікті арттыру үшін қолға алынған бастама ретінде түсіндірілуде. Алайда ел ішіндегі сарапшылар мен ата-аналар бұл шешімді Бакудің Ресейге қарсы бағытталған саяси қадамы ретінде қабылдауда.

Көптеген мектептерде орыс тілі негізгі емес, тек жекелеген пәндерге арналған оқыту тілі болатын. Енді бұл практика да тоқтайды. Ата-аналарға оқу үдерісінің толықтай әзербайжан тіліне көшірілетіні туралы ресми ескертулер жіберілген. Орыс тілінде сабақ берген мұғалімдерге қайта даярлықтан өту міндеттелмек.

Бұл шешім – Бакудің Кремльмен арақатынасын қайта бағалауының кезекті көрінісі. Соңғы жылдары Әзербайжан Ресей ықпалынан біртіндеп алшақтап, Түркиямен, Батыс елдерімен стратегиялық әріптестігін тереңдетіп келеді. Орыс тіліне қарсы бастама – дәл осы бағыттағы кезекті қадам.

Алайда тілдік саясаттың күрт өзгеруі — ел ішіндегі жүздеген мұғалім мен мыңдаған оқушының әлеуметтік бейімделуіне кері әсер етуі мүмкін. Білім беру саласының сарапшылары мұндай реформаның асығыс әрі идеологияға тәуелді қабылданған шешім екенін айтады.

Ресей тарапы әзірге ресми реакция білдірмегенімен, бұл қадамның салдары болары анық. Мәскеу посткеңестік кеңістіктегі "орыс әлемінің" әлсіреуін мұқият қадағалап келеді. Әзербайжан аумағындағы орыс тілінің шектелуі — Кремль үшін тек білім саласына емес, мәдени және саяси ықпалға да бағытталған соққы.

Енді Ресей тарапынан да қарсы шаралар жасалуы мүмкін. Бұл Әзербайжандағы еңбек мигранттары мен Ресейде тұратын әзербайжандықтарға салқынын тигізуі ықтимал.

Кезекті рет, үлкен саясаттың салдарынан қарапайым адамдар зардап шегіп отыр. Білім алуға ниетті оқушылар, жұмыс орнын жоғалтқан мұғалімдер, екі ел арасында байланыс орнатып жүрген отбасылар – барлығы да осы ойынның тұтқынына айналуда.


📌 Munarmedia.kz білім саласындағы реформалар мен халықаралық қатынастардағы өзгерістерді назарда ұстап отырады.