«Тайжан – таусылмайтын
ән қоймасы, сарқылмайтын тау бұлағы. Онымен танысу мен үшін бақыт. Арқа
әншілері әндерінің бәрін біледі, ерекше көп білетіні – нағашысы Ыбырай
Сандыбайұлының әндері». Атақты академик, қазақ әдебиетінің классик жазушысы
Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» кітабында Арқаның дүлдүл ақыны, әнші-композиторы
Тайжан Қалмағамбетов туралы осылай оймақтай ой айтып, оң бағасын береді.
Жезқазғандағы тарихи-археологиялық музейдегі құнды жәдігердің бірі –ақын, сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі Тайжан Қалмағанбетовтің сырнайы. Музыкалық аспапты мұражайға 2017 жылы Тайжан ақынның немересі Темірхан Қалмағанбетов «Тарихта өз атыңды қалдыр» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шара барысында өткізіпті. – Сырнай 1912 жылдың сәуір айында Орынбор губерниясындағы Троицк қаласында тұрған Александр Иванович деген шебердің қолынан шыққан екен. Аспаптың түсі қоңыр. Негізгі сүйегі ағаштан жасалған. Гүл бейнесіндегі өрнекпен безендірілген, – дейді музейдің аға ғылыми қызметкері А.Жанбосынова.
Тайжан Қалмағанбетовке
ақындық, сазгерлік әрі орындаушылық қасиеттер қатар дарыған: өнерпаз домбырада
шебер ойнаған, қобызды да құйқылжытқан. Ал сырнай тартуды Көкшедегі нағашы
жұрты – Үкілі Ыбырайдың ауылына барып жүргенінде үйреніпті.
Еске салар болсақ, Тайжан поэзиясын қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықов ғылыми тұрғыда зерттегендердің бірі болды. Қайраткер тұлға 2004 жылы жарыққа шыққан «Сақ-сақ күлсін сырнайым» жинағында өнерпаз ақын туындыларын кеңінен қамтыды. Сол жылы «Ақын Тайжан» атты лирикалық поэмасы енгізілген «Ақын Тайжан» атты екінші жинағы жарық көрді.
Ұлытаудың ұланы, артына ән-жырдан өлмес мұра қалдырған өнер
саңлағы Тайжан Қалмағамбетұлының домбырасы мен қобызы Жезқазған
тарихи-археологиялық музейінде сақтаулы тұр. Баға жетпес жәдігерлерді
өнерпаздың 140 жылдық мерейтойына арналған «Өресі биік өнер иесі» атты
экспозицияның ашылу салтанатында ақынның немересі тапсырған екен. Ақындық, сазгерлік әрі орындаушылық қасиеттер қатар
дарыған өнерпаз заманында домбырада шебер ойнаған, қобызды да құйқылжытқан.
Ал сырнай тартуды Көкшедегі нағашы жұртына барғанда үйренген екен. Яғни Тайжан
ақынның анасы Мейіз Үкілі Ыбырайдың туған апасы болған. Әкесі Қалмағамбет елге
сыйлы, діни сауаты бар, ауылда бала оқытқан беделді кісі екен.
«Тайжанның найзағайдай жарқылдап
шыққан сәті – 1934 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздардың республикалық
слеті. Өнерінің шарықтаған шағы – Мәскеуде өткен Қазақстанның алғашқы
онкүндігі. Оған Үлкен театрдағы салтанаттың шымылдығын ашу бақыты бұйырды.
Жыр алыбы Жамбыл бастаған бір топ ақиық ақынның арасынан таңдау Тайжанға түсті.
Көптеген өлеңі орысшаға аударылып, «Правда» мен «Известияға» басылды»,
деп жазады өлке тарихын терең білетін әріптесіміз Әлібек Әбдіраш.
Тайжан ақын 1937 жылы жазықсыз
жаланың құрбаны болып, «Халық жауы» ретінде атылып кеткеннен кейін, ел арасында
оның есімін еске алып, әнін айту былай тұрсын, жұрт қолына домбыра, қобыз,
сырнай ұстауға қорыққан. Кейінде, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге
өлкетанушы Сүтемген Бүкіров ден қойып, 1984 жылы «Ой ағысы» атты шағын жинақ
шығарады. Одан кейін Тайжанның зайыбы Өлмесектің інісі Мұқанның баласы Өмірбек
Мұқанов 2000 жылы ақын өмірбаяны мен шығармашылығын кең қамтып зерттеген
«Талайды таңдандырған Тайжан ақын» атты еңбегін оқырманға ұсынды. Ақынның
туғанына 135 жыл толуына орай алғашқы жинаққа бірқатар тың туынды қосып, «Дала
дауылпазы ақын Тайжан» деген туындысын ел игілігіне жаратты.
Тайжан поэзиясын ғылыми
тұрғыда зерттеу ісіне үлес қосқандардың бірі – қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек
Салықов болды. Қайраткер тұлға 2004 жылы жарыққа шыққан «Сақ-сақ күлсін
сырнайым» жинағында Тайжан туындыларын кеңінен қамтыды. Сол жылы «Ақын Тайжан» атты
лирикалық поэмасы енгізілген «Ақын Тайжан» атты екінші жинағы жарық көрді.
Ал Жүсіпбек Елебековтің
шәкірті, жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин
болса, Тайжан ақынның ұмытыла бастаған әндерінің басын құрастырды. Сапарғали Боранбаев
пен Тілеуғазы Бейсенбектің көмегіне сүйеніп, нотасы да таңбаланды. Отыз жылдай
ізденістің нәтижесінде өнерпаз тұлғаның ұмыт болған он бір әні «Алтын кесе»
жинағына енді. Бұл әндердің нотасы түсіріліп, үнтаспасының да шығарылғанын
айта кеткен ләзім.
Ақын
Тайжанның шығармашылығын кеңінен зерттеп, зерделеп жазған – ақынның балдызы,
елімізге еңбегі сіңген қайраткер, ғалым Өмірбек Мұқанұлы. Аты аталған ғалым,
қаламгерлердің айшықты еңбектерін 2014 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің №52
санында шыққан «Арқадан ән оздырған ақын Тайжан» атты мақаламда жазып, арнайы
тоқталып өткем.
«Әнім бар «Сақ-сақ» деген баға жетпес,
Әйгілі «Гәккуге» ол болар теңдес», –деп
өз әнінің осал емес екенін сезіп-біліп, баға беріп кеткен Тайжан ақынның шығармашылық
бастауы кешегі Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серімен бірдей ғажайып ұлттық музыкамызға
жауһардай жыр-әнімен өшпестей із қалдырған, әнін аспандағы Аққу құсқа
жеткізген бұлбұл әнші-композитор, туған нағашысы Үкілі Ыбырайда жатса керек.
Munarmedia.kz