Әскери қызметшілерге төленетін жәрдемақылар төленді

46

Астана, 30.04.2026 /Munarmedia.kz/ – Қазақстанда әскери қызметшілерге берілетін төлемдер көлемі ұлғайтылып, оларды есептеу тәртібі жаңартылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Жаңа ережелерге сәйкес, сыйақы мен материалдық көмек мөлшері ең төменгі жалақыға (ЕТЖ) байланыстырылды. 2026 жылы ЕТЖ көлемі 85 мың теңгені құрайды.

Осыған орай, әскери қызметшінің жұбайы немесе жақын туыстары қайтыс болған жағдайда 5 ЕТЖ-ге дейін, яғни 425 мың теңгеге дейін төлем қарастырылған. Ал некеге тұру, бала туу немесе емделу қажеттілігі туындаған кезде 3 ЕТЖ-ге дейін (255 мың теңге) материалдық көмек беріледі.

Сонымен қатар, ерекше маңызды тапсырмаларды орындағаны, жоғары нәтижелер көрсеткені және үлгілі қызметі үшін сыйақылар тағайындалады. Мұндай көтермелеулер мемлекеттік мерекелер мен мерейтойлық даталарға да орайластырылып беріледі. Атап айтқанда, 40 жастан бастап әр бес жыл сайын төлем қарастырылған.

Құжатта теріс себептермен қызметтен босатылған жағдайда төлемдерді есептеу тәртібі де нақтыланды. Енді сауықтыруға арналған жәрдемақы нақты қызмет өткерген күндерге пропорционалды түрде есептеледі.

Ведомствоның мәліметінше, енгізілген өзгерістер төлем жүйесінің ашықтығын арттыруға және әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған.

#Астана #Қорғаныс #Әскер #ӘлеуметтікҚолдау #Жалақы #Қазақстан #Munarmedia