"Жасыл қалқан" экологиялық ахуалды жақсартады

9

Астана, 30.04.2026 /Munarmedia.kz/ – Қазақстан Орталық Азиядағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Жасыл қалқан» атты өңірлік бастама ұсынды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.

Мамандардың дерегінше, Орталық Азияда әр минут сайын шамамен 9 шаршы метр жер тозып, айналымнан шығып жатыр. Аймақта шөлейттену үдерісі үдей түскен. Бұл мәселелердің негізгі себептерінің бірі – Арал теңізі тартылып, соның салдарынан улы тұзды шаңды дауылдардың жиілеуі.

Осы қатерлердің алдын алу мақсатында Қазақстан бұрыннан сексеуіл және басқа да тұзға төзімді өсімдіктерді егу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінгі күні орман алқаптарының жалпы көлемі 1,1 млн гектардан асып, бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсеткен.

Жаңа бастама аясында «Жасыл қалқан Орталық Азия» жобасын іске асыру ұсынылды. Ол өңір елдері аумағында орман белдеулерін қалыптастырып, бірыңғай экологиялық тосқауыл құруды көздейді. Жоба нақты өлшенетін мақсаттар мен мониторинг тетіктерін қамтитын кешенді жүйе ретінде қарастырылып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, аталған бастама климаттың өзгеруімен күресуге, жердің тозуын азайтуға және өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

#Астана #Экология #ЖасылҚалқан #ОрталықАзия #АралТеңізі #Шөлейттену #Климат